Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында “Көктем – 2014” атты джаз музыкасының фестивалі өтті.
Іс-шараға орай Ақмола облыстық филармониясының эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрі мен Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының “Big-Band” өнер ұжымы арнайы келді. Петропавл өнер колледжі, сондай-ақ, облыстық филармонияның эстрада және джаз музыкасының оркестрлері де өнер көрсетті. Салтанатты шараны ұйымдастыруға “Камертон”, “2030” және “Глобус” сауда үйіндегі музыка аспаптары бөлімі көмектесті.
– Өңірімізде мұндай фестиваль 6 жылдан бері үнемі өткізіліп келді. Осыдан бірер жыл бұрын қаржының жоқтығына байланысты фестиваль өз жұмысын тоқтатқан болатын. Биыл бұл дәстүрді жандандыруды қолға алып, көршілес облыстардағы әріптестерімізді шақырдық, – дейді өңірлік эстрада және джаз музыкасы оркестрінің жетекшісі әрі дирижері Геннадий Брюханов.
Кеште қазақ және шетелдік музыкалық шығармалар орындалды.
(Өз тілшімізден).