Облыстық Ішкі істер департаментінде полицияның жас қызметкерлерінің слеті өтті. Салтанатты шараға Ішкі істер министрлігінің өкілдері, облыстық ведомство басшылығы, сала ардагерлері, жас тәртіп сақшылары мен олардың тәлімгерлері қатысты.
Алғашқы болып сөз алған Ішкі істер департаментінің бастығы Ақан Қажкенов:
– Дәстүрлі түрде өткізілетін облыстық слеттің басты мақсаты жас полицейлердің кәсіби мақтанышын ояту, таңдаған қызметіне жауапкершілік сезімін тәрбиелеу болып табылады. Ішкі істер органдарында қызмет етуді мақсат тұтқан жас полицейлер аға буын өкілдерінің абыройлы ісін жалғастырып, өз қызметін адал атқаратынына сенемін, – деді.
Ішкі істер министрлігі құжаттамамен қамтамасыз ету басқармасының бастығы Бақыт Өмірсейітов қатарға қосылған жас полицейлерді құттықтап, Алғыс хаттармен марапаттады. Министрліктің Алғыс хатына ие болғандардың бірі – Уәлиханов аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері Олжас Сайынов. Алматы қаласындағы академияны тамамдаған соң туған ауданына тергеуші болып қызметке орналасқан 22 жастағы полицей құқық қорғау саласында қызмет етіп жүргенін мақтан тұтатынын жеткізді.
Былтыр және биылғы жылы өңірдің ішкі істер саласына екі жүзден астам жас тәртіп сақшысы жұмысқа орналасып, олардың әрқайсысына тәлімгерлер бекітілген. Жас офицерлердің ата-аналары да жақсы тәрбие бергені үшін Ішкі істер департаменті бастығының тарапынан сыйлықтармен және грамоталармен марапатталды.
Салтанатты шара аяқталған соң психологтер тренингтер өткізді.
Облыстық слетке қатысушылар қызметтік парызын өтеу үстінде қаза тапқан тәртіп сақшыларына тағзым етті.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
Ішкі істер департаменті баспасөз
қызметінің инспекторы.