«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАСҚЫН ДА, ӨРТ ТЕ ҚАУІП ТӨНДІРЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше өңіріміздің СҚО ТЖД “Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі” ММ-де журналистермен брифинг өтті. Онда көктемгі өрт және су тасқыны кезінде төтенше оқиғаларды болдырмау мәселелері сөз болды.

Мемлекеттік өртті бақылау және қадағалау басқармасының бастығы, өртке қарсы қызмет полковнигі Нұрлан Атығаев пен суда құтқару қызметінің басшысы Виктор Держанский өңіріміздегі төтенше жағдайларға орын берілген оқиғалар және олардың алдын алу шаралары бойынша қысқаша баяндады. Нұрлан Бауыржанұлының айтуынша, биылғы жылдың бірінші тоқсанында өңір аумағында болған өрт оқиғасы өткен жылдың осы мерзімімен салыстырған кезде 26 пайызға артқан. Дәлірек айтсақ, 2013 жылы үш айда 165 өрт оқиғасы тіркелсе, биыл 209 оқиға бойынша мамандар өз міндеттерін атқарған. Өрттің салдарынан 12 солтүстікқазақстандық өмірімен қоштасқан, 11 адам қатты жарақаттанған. Адам өлімі тіркелген оқиғалардың басым бөлігі тұрғын үй секторларында орын алған. Әдеттегідей олардағы жылыту пештерінің дұрыс салынбауы, электрлі құрылғыларды пайдалану кезіндегі абайсыздық, ішімдікке салынған адамдардың оттың шығуына себепші болуы сияқты оқиғалар көп тіркелген. Сондай-ақ, басқарманың қадағалауында 7416 нысан бар екендігін тілге тиек ете отырып, жыл басынан бері 181 нысанның тексерістен өткенін сөз етті. Бұл, әрине, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Оның себебін орта және шағын кәсіпкерлердің нысандарын тексеруге жарияланған мораторийге байланысты деп түсіндірді. Жалпы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған 220 заңды және жеке тұлғаға 1 миллион 521 мың теңгенің айыппұлы салынған.

Енді, міне, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық та басталды. Бұл кезде де өртсөндірушілер сақадай сай отырады. Осыған байланысты егіс алқаптарын тазартқан кезде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды. Сондай-ақ, саяжайлар да қауіпті нысандар. Саяжайшылар өз телімдеріндегі қоқысты күйдіремін деп маңайын өртке орайтын оқиғаларды көп тудырады. Ал саяжай аумақтарының орналасу тәртібі көбіне ережеге сай болмайтындықтан, оқиға кезінде олардың маңына жақындаудың өзі өртсөндірушілерге қиындық тудырады.

Суда құтқару қызметінің басшысы Виктор Держанский су айдындарындағы қауіп қай мерзімде болсын қауіп-қатерге толы екендігін еске сала отырып, күн жылынып, мұз ери бастаған кезде де төтенше оқиғалар көп тіркелетіндігін айтты. Кейбір көлдердің беті әлі де қатты болғанымен, іргесі сөгіле бастаған мұздың үстімен жүру өте қауіпті. Жақында 12 сәуір күні мұз жарылып кетіп, суға кеткен явленкалық тұрғынның мәйіті табылды. Сондай-ақ, жыл басынан бері облысымыздың аумағында су айдындарынан 10 көлік шығарылыпты. Су тасқыны да биыл құтқарушыларды алаңдатып отырған жайт. Жақында олар Уәлиханов пен Шал ақын аудандарында орын алған су тасқындарына жұмыла кірісіп, көмек көрсеткен. Ал облыс орталығындағы маңайын су алған 50 үйдің тазартылуына да қолғабыс жасаған. Есіл жағасында су тасқыны оқиғалары әлі де болуы мүмкін. Әсіресе, Петропавлдың шетіндегі өзеннің арнасынан шығуы ықтимал деген жорамал бар. Сондықтан төтенше оқиғалар қызметі құрал-жабдықтарын дайындап, кез келген жағдайдың алдын алу үшін қызметтеріне сақадай сай отыр. Алайда, судың мөлшері 2005, 2007 жылдармен салыстырғанда қауіпті емес деген болжамда да айтылды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp