ХV республикалық Абай және V республикалық Махамбет оқуларына арналған байқау Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясында өткізіліп, онда облыс мектептерінен сексенге тарта талапкер білім мен өнер салыстырды.
Оның жеңімпаздары байқаудың үшінші кезеңі өтетін Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданына және Атырау қаласына барып, өңір намысын қорғайды.
Байқаудың бірінші бөлімі Абайдың және Шәкәрімнің өлеңдеріне, әндері мен күйлерін орындауға, сондай-ақ, оқу-шылардың ұлыларға арналған өз шығармаларына арналды. Бірінші аталымда Абай мен Шәкәрімнің өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқуда Айыртау ауданындағы Саумалкөл қазақ орта мектебінің тоғызыншы сынып оқушысы Айдын Нәжікен бас жүлдені иеленді. “Көңілім әнді ұғады” аталымының жеңімпазы Дина Диярат Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылындағы №1 орта мектептің бесінші сыныбында оқиды. Ал Абай мен Шәкәрімге өз өлеңдерін арнаған талапкерлердің арасында Петропавлдағы қазақ-мектеп гимназиясының тоғызыншы сыныбында білім алып жүрген Саян Ермек топ жарды.
Махамбет оқуларына арналған бөлім “Ел құтқарар ер едім”, “Ұлы арман” және “Тартынбай сөйлер асылмын” деген үш аталымның басын құрады.
Бірінші аталымда Жамбыл ауданының орталығы – Пресновка ауылының №2 мектебінен келген Кәмила Өтепованың жолы болып, оныншы сыныпта оқитын талапкер Махамбет өлеңдерін жақсы айтып берді. “Ұлы арман” сынағында Петропавлдағы Өнер колледжінің дарынды балалар мектебінің оқушысы Әсет Ерман алдына жан салмады. Махамбет Өтемісұлына арналған өз өлеңдерін оқыған балалардың ішінен озығы Айыртау ауданындағы Саумалкөл орта мектебінің он бірінші сыныбында оқитын Айкүміс Тілегенова жарқ етіп көзге түсті.
Жеңімпаздардың бәрі де әрқырлы дарынын айғақтап, лайықты марапатқа бөленді. Осылардың ішінен болашағынан үлкен үміт күттіретін бір өнерпаз оқушы жайында бөле-жара айтуды ұйғардым. Ол оқушы – Әсет Ерман. Есіл ауданындағы Жарғайың ауылынан келген Әсет Өнер колледжінің дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының сегізінші сыныбында оқиды, сонымен бірге белгілі ұстаз, күйші Тойкен Күдерованың алдынан бесінші сыныпта музыкалық білім алады. Жақсы домбырашы.
Ол осы байқауда Махамбеттің “Жұмыр қылыш” күйін шебер орындап, жиырма алты үміткердің ішінен бас жүлдені олжалады.
Рысжан НҰРҒАЛИЕВА,
облыстық Білім басқармасының
бас маманы.