Қызылжарда Қайрат Байбосыновтың шәкірті – әнші Біржан Есжановтың концерті өтетінінен күні бұрын хабардар болғандығынан ба екен, Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының залы көрермендерге лық толды.
Сөз етіп отырған концертке қала тұрмақ, оның іргесіндегі ауылдардан театр алдына бірнеше автобустар келіп іркілді. Осы ықыласқа орай сахнадан төгілген дәстүрлі әндердің айыз қандырғанын айтып жеткізу қиын.
Кешті сөздің майын тамыза отырып бастаған астаналық айтыскер де жазба ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүрісінен жаңылмаған жорғадай тайпалып, әр әннің тарихы мен сазгердің тағдырын түптен қозғап, халайықтың зердесіне құйды.
Екі бөлімге ыңғайланған концерттің арасына жік түспей, үзіліссіз жалғасып кетті. Алғашқысында Біржан Үкілі Ыбырайдың “Гәккуін” “Қалдырғанын”, “Қызыл асығын”, Сегіз серінің “Ақбақайын”, Біржан салдың “Он саусағын”, Ақан серінің “Балқадишасын”, Жаяу Мұсаның “Киргизский жәрмеңкесін”, Кәкімбектің “Сарыарқасын”, оның “Аңсау” өлеңіне Шәміл Әбілтаевтың жазған әнін шырқап, өзінің сүйкімді баритон дауысымен айыз қандырып, тыңдарманды әндердің құйылып-төгілген тұла бойына сүңгітіп жіберді.
Әсіресе, Біржанның “Он саусағын” шырқағанда Қайрат Байбосыновтың өзі ән салып тұрғандай әсерге бөлендік. Ұстазына жетеғабыл өнер биігіне өрлеп жүргені, асыра айтқандық емес, аңғарылып тұрды.
Б.Есжановтың бұл концертіне оның астаналық достарының ере келіп, ел-жұртқа өнерлерін көрсетуі көңілімізді тіпті де өрлетті. Әсіресе, тамаша тенор, республикалық байқаулардың бас жүлдесін иеленіп жүрген Медет Осатаев Әсеттің “Қысметін” шырқағанда тыңдармандардың әсерін айтып жеткізу қиын. М. Осатаев осы леппен Б. Есжановтың ақын Ерік Асқаровтың “Соңғы сөз” өлеңіне шығарған әнін де жүрегімізге құйып берді.
М. Осатаев және өзге серіктері Олжас Сұрағанов, Еркебұлан Кәріпов тарту еткен “Ән-шашу” көрермендердің көңілінен көпке дейін шыға қоймайтын тәрізді.
Шертпе күйдің шебері, Тәттімбет атындағы республикалық байқаудың жеңімпазы Қайрат Айтбаев пен облыстық филармонияның “Шабыт” фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.
Ал жергілікті өнер иелерін атасақ, облыстық филармонияның Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Қайырлы Ғафуров жетекшілік ететін Сегіз сері атындағы ұлт аспаптары оркестрі концерттің екінші бөлімінің жүгін түгел арқалап шықты. Оның сүйемелдеуімен Біржан әншіміз Дәмеш Құрманкинамен қосылып, халық әндері “Әриайдайды”, “Шіркінайды” шырқаса, одан кейін өзі жеке дауыспен бірнеше әндерді орындады. Сахнаны бұлбұл үніне толтырған ол осы өнер тартуын Дәстен Баймұқановтың “Қазағым” әнімен түйіндеді.
С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының артистері, әсіресе, Болат Мамытбеков әншіАқанның “Балқадишасын” шырқардың алдында қойған шағын сахналық көрініс ән мазмұнын аша түсті.
Концерт соңында, әдеттегідей, тарту-таралғы жасалды. Әншіні облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Бикенев құттықтап, Алғыс хат тапсырып, сый-сияпат жасады. Ән-күй кешін ел-жұртты сүйсіндіре жүргізген Дәулеткерей Кәпұлының, ұстазы Жанат Айтбаевтың, Біржанға ақжолтай тілегін арнаған ақын Зейнолла Әкімжановтың иығына шапан жабылды. Осы өнер кешіне демеушілік жасаған кәсіпкерлер Жомарт Омаровқа, Берік Мұқышевке, Болат Әбілмәжіновке, облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының, филармонияның басшылығына той иесі шын жүректен алғысын білдірді.
Көпшілік көрермендердің өнер кешінен алған әсерлерін бір сөзбен түйіндеуді жөн көрдік. Біржанның анасы Самал Төлегенқызы:
– Өнерін айғақтаған балама да, оны бағалаған ел-жұртқа да алғысым шексіз, – деді.
Өнер жанашыры Жапар Төлегенов:
– Тамаша әнші, тамсанатын өнер! – десе, термеші, әнші Дәстен Баймұқанов:
– Біржан бүгін Рамазан Стамғазиевпен иық тірестірер деңгейге жеткен екен, – деді.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.