Облыс орталығындағы жұмысқа қабілетті 840-тан астам мүгедек жастың 23-і ғана жұмысқа ор-наласқан. Қалғандарын жұмыспен қамту қалай жүзеге аспақ? Жастар үйінің құрылысы қашан бас-талады? Өңір жастарына қатысты өзге де өзекті мәселелер “Қазақстан-Петропавл” телеарнасында облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Виктор Молодовскиймен өткен баспасөз конференциясында баяндалды.
Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының 24 пайызын жастар, ал 22 пайызын жасөспірімдер құрайтынын айтқан басқарма басшысы өңірдің әлеуетін арттыру ісінде де жастардың үлес салмағының елеулі екенін тілге тиек етті.
– Облысымызда 2012 жылдан бері жастар саясатымен айналысатын басқарма, аудандарда бұл мәселеге жауап беретін әкім кеңесшілері, білім беру мекемелері мен кәсіпорындарда жастар ісі жөніндегі 35 комитет, жастар бастамаларының 14 орталығы жұмыс істеуде. Биылғы жылы жастар орталықтары ғана 13 мың адамды қамтыған 120 іс-шараға мұрындық болды, – деді Виктор Молодовский.
Жастар саясатын жүзеге асыруға бөлінетін қаражат сомасы да жыл санап ұлғайтылып жатқан көрінеді. 2013 жылы 17,8 миллион теңге бөлінсе, биылғы жылы бұл мақсатқа бөлінген қаражат 106,2 миллион теңгені құраған. Соның арқасында биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 4 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылып, оған 116 мыңға жуық жас қатысыпты. Жыл жоспарында жастар алдында әлі де әлеуметтік маңызға ие 53 жобаны жүзеге асыру міндеті тұр.
– Былтырғы жылы жастардың студенттік еңбек биржасы арқылы 2 мыңнан астам жас екі қолға бір күрек тапты. Ал “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында 375 жас маман елді мекендерге жұмысқа орналасты. Оларға 45,4 миллион теңге көтерме жәрдемақы төленді. Сондай-ақ, бағдарлама аясында жас мамандарға тұрғын үй сатып алу үшін 571,7 миллион теңгенің несиесі берілді. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасын таппақ, – деді басқарма басшысы.
“Жасыл ел”, “Жастар тәжірибесі” бағдарламалары бойынша да уақытша жұмыспен қамтылған жастардың қарасы қалың. Ал мүмкіндігі шектеулі жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі қай деңгейде? Журналистердің бұл сұрағына Виктор Молодовский күрмеуі қиын мәселе осы санаттағы жастарды қолдау мақсатында құрылғалы отырған жаңа штаб арқылы шешілетінін айтты. Облыс орталығында мұндай 840 жас бар болса, олардың 23-і ғана жұмысқа орналасқан көрінеді. Кәсіпкерлер палатасы арқылы да ірі кәсіпорындарға шығып, мүгедек жандарды жұмысқа орналастыру көзделген.
Баспасөз конференциясы барысында журналистер қауымы жастар үйінің құрылысын қолға алу барысын сұрастырды. Аталмыш нысанның құрылыс жұмыстары келесі аптада басталып, жоспар бойынша биылғы жылдың күзінде пайдалануға берілмек.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.