«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҒЖАНДЫҚ ЖАСТАР МЫСҚЫЛДАЙ БІЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда аудандық Мәдениет үйінде көңілділер мен тапқырлар клубтары арасында “Болашақ – біздің қолымызда!” деген тақырыпта аудан әкімінің кубогын сарапқа салған аудан біріншілігі өтті. Аудандық Ішкі саясат бөлімі және Балалар мен жасөспірімдер бастамаларының орталығының мұрындық болуымен ұйымдастырылған шараға Булаево қаласының орта мектептерінің “Новое поколение”, “Залинейская бригада”, “Третий уровень” және “Жастар” құрама командалары бақ сынасты.

Жастардың шығармашылық әлеуетін кеңінен ашу, оларды жаңа қырынан тану және жас таланттарды анықтау мақсатында ұйымдастырылған шараға “Нұр Отан” партиясының аудандық филиалы демеушілік көрсетті.

Ойын ережесі бойынша әзілкештер “Біз осындай күлкіліміз”, “Ширату”, “Біз болашақтанбыз” және “Біздің өміріміз – ертегі!” тапсырмаларынан сүрінбей өтудің қамына кірісті.  

Біріншілік барысында КТК ойыншылары орынды әрі ұтқыр әзілдерімен және актерлік шеберліктерімен көрермендерді тәнті етіп, зор қолдауға ие болды. Ұтымды айтылған әзіл мен өзекті тақырып көтерілген нөмірлер сайысты одан әрі қыздыра түсті. Ал қазылар алқасы болса ауданда қазақша КВН ойындарының енді-енді қадам басып келе жатқанын ескеріп, командалардың ойын барысында орын алған кемшін тұстарды аса сынға алған жоқ.

Бірнеше сағатқа созылған ойынның қорытындысы бойынша үздік команда болып танылған №3 Булаево орта мектебінің ұстаздары мен оқушыларынан жасақталған “Третий уровень” құрама командасы аудан әкімінің кубогын жеңіп алды. Ал екінші мен үшінші жүлделі орындарға “Залинейская бригада” және “Жастар” командалары жайғасты.

Шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломмен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Еркебұлан ЕЛУБАЕВ,

журналист.

Суретті түсірген автор.

М.Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp