Облыс әкімі Самат Ескендіров пен облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы Павел Филиппов “Қазавиақұтқару” АҚ-ның “МИ-8” тікұшағымен облыстың негізгі су арнасы – Есіл өзені бойын бақылап қайтты.
Тікұшақ бортынан өңір басшысы, оның орынбасары және департамент бастығы облыстық Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар қызметтері берген деректерді көз алдарындағы табиғат құбылысымен салыстырып отырды. Бірінші кезекте өзен бойында орналасқан Новоникольское және Покровка ауылдары маңындағы тасқын суға назар аударылды.
Самат Сапарбекұлы Сергеевка су торабында жүргізіліп жатқан жұмыстармен де танысты. Онда қазір судың деңгейі төмендеп, екпіні саябырлаған.
Келесі бағыт Ресей Федерациясымен шектесіп жатқан Есіл өзені бойындағы Долматово ауылы болды. Ондағы жағдайды шолып өткен соң борт солтүстік шекарадан Петропавл қаласына бет алды. Жол-жөнекей өңір басшысы тасқын болуы ықтимал орындарды қарап, тұрғындар мен инфрақұрылымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажет шараларға келісім берді.
Кешке тікұшақ облыс орталығының әуежайына қонды. Облыс әкімі тасқын басталғанға дейін құрылған облыстық, аудандық жедел штабтардың, Азаматтық қорғаныс және Төтенше жағдайлар қызметтерінің жұмысына жақсы баға берді.
Облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі.
* * *
2014 жылғы 17 сәуірдегі дерек бойынша Сергеевка су қоймасында судың биіктігі 127 сантиметрді құрады. Гидробекеттердің деректері бойынша, өткен тәулікте Покровка ауылының маңындағы судың көтерілу деңгейі 18 сантиметрді құрады. Новоникольское ауылының маңындағы су деңгейі – 37, Петропавл қаласы жанындағы су 23 сантиметрге көтерілді.
Новоникольское ауылының маңындағы Есіл өзені үстімен өтетін көпірді су басып қалды. Су деңгейі 179 сантиметрге көтеріліп отыр.
Петропавл қаласы маңында өзен суы қойнауларға құйып жатыр, соның салдарынан Челябинск-Новосибирск республикалық маңызы бар тас жолын және Заречное кентіне баратын қалалық жолды су басып өтуі ықтимал.
Қызылжар ауданының Прибрежное ауылы арқылы өтетін “Қарғалы арал” жолын да су басуы мүмкін.
Челябинск-Новосибирск тас жолының Заречное кентінің тұсын су шайып кетті. Тұрғындар автомобиль жолының жабылуы туралы құлақтандырылды. Орта мектепте азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қоры жасалды. Кентте тәулік бойы өрт автомобилі және жедел медициналық көмек бригадасы, Петропавл қаласының ҚІІБ полициясы бекетінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Су басу аумағында орналасқан тұрғындарды көшіретін орын кенттің орта мектебі болып белгіленді. Облыс орталығымен байланыс жасау үшін аспалы көпір бар. Өзен суы деңгейінің көтерілуі тәулік бойы бақылауға алынған.
Петропавл қаласының қалалық жағажай және теміржол көпірі ауданында саяжай қоғамдарына су кіріп жатыр.
ҚР ТЖМ СҚО ТЖД-нің
баспасөз қызметі.