Газетіміздің өткен санында хабарланғанындай, өңір басшысы Самат Ескендіровтің бастамасы бойынша Ақмола облысындағы Атбасар қаласында су тасқынынан зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетілген болатын. Алдыңгүні жалпы сомасы 18 миллион теңгенің тауарлары Атбасарға жөнелтілген еді.
Кеше Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов өңіріміздің басшысы Самат Ескендіровтің атына алғысын білдірген хат жолдады. Онда: “Біздің өңір тұрғындары Сіздердің білдірген ықыластарыңызды ерекше ризашылықпен еске алатын болады. Өйткені көмектеріңіздің арқасында атбасарлықтардың ертеңгі күнге деген сенімі арта түсті. Облыс үшін қиын сәттерде жанымыздан табылғаныңызға алғысым шексіз”, – деп атап көрсетілген. Қызылжарлықтардың қайырымдылығын жоғары бағалаған көрші өңірдің әкімі тұрғындарымызға игі тілегін де жеткізген.