Ресейдің Түмен қаласында шинкиокушинкай каратэ бойынша балалар арасында сенсей Владимир Мамонтовты еске алуға арналған облыс біріншілігі өтті. Сайыста Қазақстан мен Ресейдің тоғыз қаласынан 300-ге жуық балғын каратэші бақ сынады.
Аталмыш жарыста Петропавл қаласының намысын қорғаған 15 каратэшінің төртеуі жүлделі оралды. Атап айтқанда, 8-9 жастағылар арасында 30 килограмм салмақта сынға түскен Сұлтан Ералин мен 10-11 жастағылар арасында аталмыш салмақта айқасқан Михаил Шальковский үшінші болды. 25 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ростислав Скворцов екінші орыннан көрінгендердің қатарында болды. 7 жасар бала үш кездесуде қарсыластарын тізе бүктіргенімен, ақтық кездесуде жеңіліс тапқан.
Ал барлық кездесулерді уақытынан бұрын аяқтап, қарсы келгеннің барлығынан басым түскен Архат Жайлау жарыс жеңімпазы атанды. 10-11 жастағылар арасында жалындай жарқылдаған ұл 30 килограмм салмақта алдына қара салмады.
Бүгінде жас спортшылар мамырдың 5-і күні Петропавл қаласында басталатын облыстың ашық біріншілігіне дайындықтарын бастап кетті.
(Өз тілшімізден).