Гүлжихан Даутова – жасының келгеніне қарамастан, белсенді, ашық адам. “Дуслык” татар-башқұрт мәдени орталығындағы театр өнері үйірмесінің тарланы. Орталықты құрып, оның жандануына септігін тигізген ұйымдастырушылардың бірі. Ол өмірінің жарты ғасырдан астам уақытын татар халқының дәстүрін, тілін, мәдениетін дамытуға арнады.
Гүлжихан Даутованың мерейтойлық шығармашылық кешіне оның оқушылары Нұрия Азмухаметова, Фарида Гайнанова, әріптестері және “Берлек” өнер ұжымының мүшелері мен “Дуслык” татар-башқұрт орталығының өкілдері келді. Мерейтой иесінің құрметіне қазақ және татар тілдерінде әндер орындалды. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының грамотасы мен бағалы сыйлығы тапсырылды.
Гүлжихан Нығматуллақызы 1938 жылдың 27 тамызында Петропавл қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келді. 1945 жылы оқуын татар мектебінде бастап, 7-сыныптан орыс мектебінде жалғастырады. Әкесінің сөзін жерге тастамай, аспаздық училищеге оқуға түсіп, оны үздік бағамен аяқтап шығады. Ол өнерден де кенде емес. Хорда ән салып, кейіннен вокал тобында және жеке ән орындаушы ретінде қазақ және татар әндерін шырқады.
Жаз айларында үгіт-насихат тобымен облысымыздың барлық аудандарын аралап шықты. Өзге ұлт өкілдері арасында қазақ және татар әндерін айтып, үйретудің бастамашысы болды.
Жолдама бойынша Көкшетау қаласында аспаз болып қызмет етті. Жазушы Ибрагим Салаховтың қолдауымен Көкшетауда татар жастарына арналған көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырды.
1963 жылы Г.Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтында сырттай оқып жүріп, кооперативтік училищеде ұстаз болып қызмет етті. Оқу мекемесінің директоры сыпайы, бірақ жұмысты талап ететін Мақатай Серкебаев болды. Ол өз қарамағындағы Гүлжихан Нығматуллақызының істеп жүрген қызметіне қарай оған зор сенім артты. Қазақ, татар, өзбек тілдерін жақсы білген ол өзінің шәкірттерімен, әрі олардың ата-аналарымен еркін араласып тұрды.
1964 жылы өндірістік білім беру шеберінің жетекшілігімен кооперативтік училищенің шәкірттері Тимирязев ауданының Сулы ауылындағы элеватордың асханасында тәжірибеден өтті. Егін орағы кезінде тракторшылар мен комбайншыларға тамақ пісірді. Орақты ору кезінде қазақтар, татарлар, орыстар, өзбектер, украиндер, армяндар бір адамдай жұмыла жұмыс істеді. Қоян-қолтық қызмет еткен олар егін орағы кезінде ұйымдастырылған мерекелік іс-шараларға да белсене қатысты. “Тың игеруге – 10 жыл” мерейтойлық концертінде де өз өнерлерін ортаға салды.
2010 жылы Гүлжихан Даутова этносаралық келісім мен этностардың мәдениетін сақтауға және дамытуға сіңірген еңбегі үшін грамотамен марапатталды. Ол алған бағытынан әлі де тайған жоқ. Этносаралық татулықты нығайтып, мәдениеттердің өркендеуіне сеп болатын “Наурыз”, “Сабантой” және өзге мерекелік іс-шараларға белсене қатысып келеді. “Берлек” көркемөнер клубы мен “Дуслык” татар-башқұрт орталығы жайында кітап жазу үстінде. Кітап қаланың Құрметті азаматы Рашида Давлеткелдиеваға арналады.
Рашит ИСМАИЛОВ.