Облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен жазба ақындардың облыстық “Поэзия, менімен егіз бе едің?” байқауы болып өтті.
Байқаудың облыстық кезеңіне Петропавл, Тайынша қаласы және Ғ.Мүсірепов, Аққайың, Қызылжар, Шал ақын, Тимирязев, Уәлиханов, Жамбыл, Есіл аудандарынан барлығы он үміткер қатысты. Сайысты өткізудің мақсаты – ақын Мұқағали Мақатаевтың көркем шығармалары арқылы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, талантты жастарды ынталандырып, әдеби шеберлікке баулу.
Байқау “Поэзия, менімен егіз бе едің?”, “… Ал екінші бақытым – тілім менің”, “Болашағым, сен тұрсаң, мен өлмеспін!” аталымдары бойынша өткізілді. Қатысушылар өздеріне жүктелген тапсырманы орындай отыра, Мұқағали Мақатаевтың поэзия әлемінде алатын орнын, туған жерінің тарихын жырға арқау етті.
“Өнерге әркімнің-ақ бар таласы” дегендей, сайысқа қатысушылар ақынға арнаған өз өлеңдерін оқып, бақ сынады. Үміткерлер байқау барысында тіл тақырыбында да өлең оқыды. Намысты қолдан бермеуге тырысқан талапты, талантты жастар ақынның өлеңіне жазылған ән орындап, өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, Мұқағали Мақатаевтың күнделігінен сыр шертіп, ақын бейнесі арқылы көркемсөз оқу шеберліктерін де танытты.
Қазылар алқасы қатысушылардың өлең-жырлардағы сөз қолданысына ерекше мән берді. Олардың ой жүйелігін, тіл тазалығын, дауыс мәнерін, көркем мәтінді оқу шеберлігін бағалады. Екі сағатқа созылған байқау нәтижесінде Жарқын Жұпархан жеңімпаз атанып, маусым айында Талдықорған қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.
Одан кейінгі орынға Уәлиханов ауданынан сайысқа түскен Амангелді Оңас ие болды.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.