Ресейдің Санкт-Петербург қаласында балалар мен жеткіншектер шығармашылығына арналған XVII халықаралық “Праздник детства” фестиваль-байқауы өтті.
Оған Чехияның, Қазақстанның және Ресейдің түкпір-түкпірінен жиналған бір мыңнан аса жас өнерпаз қатысты. Біздің өңіріміздің өнерпаздарынан құралған қазақстандық делегация сапында бес әнші және бір-бірден скрипка мен фортепьяно аспаптарында ойнаушылар өз өнерлерін халықаралық дәрежедегі қазылар алқасының назарына ұсынды. Жерлестеріміз үшін бұл байқаудың нәтижесі қуантарлық. Скрипка бойынша облыс орталығындағы “ЛОРД” мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Кәмила Зікірина І орынды жеңіп алса, Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің 3-сынып оқушысы Айзере Малғаждарова фортепьянодан ІІ орынды қанжығасына байлап қайтты. Бес әншінің үшеуі де жүлделі орындармен оралды.
Кәмила Зікірина биылғы жылдың ақпан айында Петропавлда өткен “Жас дарын” облыстық байқауында жеңімпаз атанып, оған халықаралық байқауға жолдама берілген болатын. Жас талант Ресей сахнасында Ескендір Хасанғалиевтің “Анаға сәлем” және шетелдік “Сумерки” кинотүсірілімінен алынған әуенді орындап, өзінің талантына сай тиісті бағасын алды.
– Бұл байқауға біздің өңірдің вокалистері қатысып жүрген болатын. Ал музыкалық аспаптарда ойнаушылардың бірінші рет қатысуы. Олардың ұстазы ретінде қол жеткен табысымызға шаттанып отырмын. Кәмила “Анаға сәлем” әуенімен бірінші жүлделі орынды жеңіп алды. Қазылар алқасы қазақтың осы бір әуеніне ерекше ілтипат білдірді. Жалпы біздің балалардың деңгейі ресейлік жас өнерпаздардан кем түскен жоқ, – дейді қазақстандық топқа жетекшілік еткен тәлімгер Татьяна Жукова.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: байқау жеңімпаздары А. Малғаждарова мен К. Зікірина ұстаздарымен бірге.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.