“Назар аудар, бағдаршам!” шарасының екінші кезеңі аясындағы жұмыс басталып кетті. “Сіздің балаңыз жолаушы” деп аталатын бұл кезеңде жол-көлік оқиғаларының алдын алу және анықтау бойынша облыс аумағында рейдтер өткізілуде. Тәртіп сақшыларының мәлімдеуінше, кешенді шара кезінде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, көлік ішінде автокреслоларды орнату қажеттігін түсіндіруге басымдық берілуде.
Облыстық Ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бауыржан Рақымжановтың айтуынша, жол қозғалысы ережелеріне сәйкес 12 жасқа толмаған балаларды автокреслосыз алып жүруге болмайды. Заң талаптарын бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабының1-бөліміне сәйкес 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Ережені екінші рет бұзған жүргізуші үшін айыппұл мөлшері екі есе – 10 айлық есептік көрсеткішке дейін артпақ.
Рейдтің алғашқы бірнеше сағатында ғана облыс орталығының негізгі көшелерінде балаларды автокреслосыз тасымалдаған 20-дан астам жүргізуші тоқтатылды. Көлік иелері балаларға қатысты қауіпсіздік қажеттігін түсінгенімен, одан келер зардапты жете ұқпаған сияқты. Ал немқұрайдылықтың салдары сәтсіздікпен аяқталатынын Әкімшілік полиция басқармасының мәліметі айғақтайды: үстіміздегі жылдың 3 айында облыс аумағында жасөспірімдердің қатысуымен 9 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 11 бала түрлі деңгейдегі дене жарақатын алған.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.