«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ БІРЛІГІН НЫҒАЙТУ – ЕРЕКШЕ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

18 сәуірде Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы болды. Оның жұмысына еліміздің барлық өңірлерінен келген Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, саяси партиялар, діни конфессиялар, қоғамдық ұйымдар жетекшілері, шетелдік меймандар, елшіліктердің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«Қазақстан – 2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» тақырыбындағы сессияны Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Содан кейін Мемлекеттік Гимн орындалды.

Сессияда Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұр­­сұлтан Назарбаев сөз сөйледі (Пре­зидент сөзі бөлек жарияланып отыр). Сессияға қатысушылар Президент сөзінде атап айтылған маңызды мәселелерге бірнеше мәрте қол соғып, бір кісідей қолдау білдіріп қабыл алды.

Жарыссөзге бірінші болып Қостанай облысын­дағы «Алтынсарин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дирек­торы Борис Князев шықты. «Қазіргі кезде Қа­зақстанда тұрақты еңбек ететін адам кедей болуға тиіс емес. Біздің елді мекенімізде жұмыссыздық та, қылмыс та жоқ. Соңғы үш жылда ең­бек өнімділігі 4 есе артып, бір адамға шаққанда 50 мың долларға жетті. Біз өз жолдарымызды өзіміз жөндейміз, теміржолға жеткізетін тармақты да өзіміз төсеп алдық, қажеттік туғанда балабақшаны да өзіміз салып алдық. Мәдениет үйіміз, спорт залымыз, стадионымыз, жүзу бассейніміз – бәрі де бар. Соңғы жылдары жер суарудың жаңа әдісін енгіздік. Соның нәтижесінде әр гек­тардан 500 центнер қырық­қабат жинап алдық. Желден электр қуатын өндіруді де жолға қойдық. Біздің жетістіктеріміздің бәрі де Сіздің ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғандығыңыздың арқасы. Сіздің қамқорлығыңыздың арқа­сында соңғы 12 жылда аграр­лық өнімдерді өндіру көлемі 5 есе артты. Сонымен қатар, Сіз­ге «Агро­бизнес – 2020» бағ­дар­ламасын қа­былдағаныңыз үшін зор алғыс білдіремін. Меніңше, бұл бағдарлама Қа­зақ­станның ішкі рыногын негізгі тамақ өнімдерімен 100 пайыз қамтамасыз ететін болады.

Мен барлық өмірімді жермен жұмыс істеуге арнап келемін, піскен дән иісін иіскеу қандай ғанибет десеңізші! Құдай қалған ғұмырымда оқтың дәрісі мен окоптың иісін иіскете көрмесін деп тілеймін. Сондықтан да біздің халқымыз үшін бейбітшілік пен келісімді нығайта түсуден маңызды міндет жоқ. Қазақстан – бейбіт ел, біздің бөлісе алмайтын ештеңеміз жоқ, біз бір-бірімізге жақын адам­дар­мыз. Бүгінгі таңда бүкіл еліміз «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыру жолында, Сіздің жаны­ңызға берік топтасып отыр. Сіз біздің алдымызда аршынды адыммен алға басып келесіз. Біз де Сізбен бірге «Назарбаев жыл­дамдығымен», ертеңгі күнге деген президенттік сеніммен алға жылжи бермекпіз!» – деді.

Қостанайлық аграршының пікірін мұқият тыңдаған Елбасы еліміздің ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің алдында өндірілген өнімді ұқсату міндеті тұрғандығын қадай айтты. Бізде шикізат бар болғанымен, өңдеу жағы кемшін соғып жатыр, сондықтан да әрбір компания осы іспен айналысқаны жөн, деді Мемлекет басшысы.

Қа­зақ­стан­ның құрметті доноры Алек­сандр Скаковскийдің сөзі өте әсерлі болды. «Аса құрметті Елбасы! Біз бен Сіздің қанымыз бір! Бұл – біз­дің Қазақстанымыздың мәдениетінің, рухания­тының және келісімінің қарапайым ақиқаты.

Мен өмір бойы 520 литр қан тапсырыппын. Бұл менің өз Отаныма деген сүйіспеншілігімнің, патриоттық сезімімнің айғағы деп біліңіздер! Мен үшін 17 миллион қазақстандықтың әрқайсысы – қандас туысым. Қан нәсілге, ұлтқа қарамай, барлығына бірдей көмектеседі және бәрін туыс етеді. Менің қаным, тіпті, Арменияға, Түркияға, Үндістанға, Иранға, Ауғанстанға, Ресейге, Беларусь пен Украинаға, Чернобыльде зардап шеккендерге жіберілді. Дәрігерлердің ай­туынша, мен қазір қан беруден дүниежүзінде екінші орынға шыққан екенмін. Енді туған Қазақстанымды донорлық бойынша әлемде бірінші орынға шығаратын күн де алыс емес деп ойлаймын.

Мен, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізден үлгі алып, 68 жылдық ғұмырымда шылым шек­кен емеспін, спиртті ішімдіктерді ішпеймін, дұрыс тамақтанып, дене шынықтырумен айналысамын. Барлық азаматтарды осылай өмір сүруге шақырамын.

Қазақтың тамаша ақыны Мұқағали Мақатаев:

Бәріңе!

Бәріңе!

Бәріңе!

Жасыңа да кәріңе!

Кімге қан керек?

Ішуге емес, дәріге…

Мен – донормын.

Шипа болар қаным бар,

Қабылдаңдар, алыңдар.

Менің жылы қанымның

Қасиетін таныңдар.

Жоқ!

Ақшаға сатпаймын!

Аурулар алдында –

Борышымды ақтаймын.

Өмір беріп өзгеге,

Өмірімді сақтаймын!

– деген екен. Менің де айтатын сөзім осы! Мен жұртқа көмектескен сайын өзімді жақсырақ сезінемін», – деді.

Сессияға қатысушылар Павлодар қаласындағы №30 орта мектепте қазақ сы­ныптарына ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалім Юлиана Оттоның сөзіне де үлкен қошемет білдірді. «Мен – Павлодар қаласында өскен неміс қызымын, менің ата-бабаларым осы жаққа жер аударылған. Ал өз ата-анам осында туған. Мен қала баласы болсам да кішкентай кезімнен қазақ тілін үйрене бастадым. Бүгінде мен қазақ жерінің қадірін, Қазақ елінде өмір сүру бақытын жаныммен сезінемін. Ол үшін өз анама осы сахнадан мың да бір рет алғыс айтқым келеді», – деді ол қазақ тілінде. Одан әрі Юлиана Елбасының тілдердің үш тұғырлылығы туралы тапсырмасын іске асырып жүргенін айтып өтті. «Бүгінгі таңда біздің облыста көптеген ата-аналар балаларын қазақша оқытуда. Қазір өзге ұлт өкілдерінен шыққан 600-дей оқушы, 1500-дей мектеп жасына дейінгі бүлдіршін және 500-дей студент қазақ тілін үйренуде», – деді ол. Павлодарлық жас ұстаз Қазақстан халқының бірлігі ортақ тарихқа не­гізделгенін айтып, осы орайда өз жерлесі Жұмабек Қам­зин бастаған ізшілдер жасағының ат­қарған жұмыстарына тоқтал­ды.

Бұл жасақ Ресейдің Псков және Ленин­град облыстарындағы Мән­шүк Мәметова мен Әлия Молда­ғұ­ло­ваның ескерткіштерін жаңартып, күтімге алыпты. Оған қоса, Невель қаласындағы орталық әскери зиратқа жерленген Қазақ бригадасы жауынгерлеріне арнап стела орнатқан. Мұндай игі іс бізді даналық пен қайырымдылыққа баулиды және ең бастысы – тұтастай мемлекеттерді бір-біріне жақындатып, туыс­тастыра түседі, деген ол сөзін Ахмет Байтұрсыновтың өлеңімен түйіндеп:

«Білімді болуға оқу керек,

Бай болуға кәсіп керек.

Күшті болуға бірлік керек,

Осы керектердің жолында

жұмыс істеу керек.

Мен барша жас мамандардың атынан еліміздің игілігі жолында Сіз сияқты қажырлылықпен жұмыс істейміз деп сөз беремін», – деді Елбасыға қарап.

Ақмола облысындағы Отрадненский орман шаруашылығының орманшысы Игорь Мухин: «Мен 40 жыл бойы Ақмола облысының орман шаруашылығында еңбек етіп келемін. Орман – мен үшін үйім де, өмірім де, мақтанышым да. Ал Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, менің көз алдымда мүмкін еместей көрінетін істі атқардыңыз. Жан-жағынан дала желі ескен Астананың айналасын жасыл желекке бөлеп, нағыз орман өсірдіңіз. Бұл 110 мың гектар жерді алып жатқан орманда қандай ағаш жоқ десеңізші?! Сізге барша орманшылардың атынан Қазақстанымызды орманға айналдырғаныңыз үшін алғыс айтқым келеді. Және осы мінберден тағы бір ұсыныс жасасам деймін. Астанадағы «ЭКСПО – 2017» көрмесі аумағында Бейбітшілік пен келісім аллеясын жасасақ дұрыс болар еді. Ал біз, орманшылар, оған қажетті ең жақсы ағаш көшеттерін дайындап беруге әзірміз», – деді. Бұл ұсынысты Елбасы бірден қолдап: «Мұны Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке тапсырамын. Сол аллеяға бәріміз бірге ағаш отырғызатын боламыз», – деді.

«Аса мәртебелі Елбасы! Мен де Сіз сияқты ме­тал­лургпін. Мен де Сіз оқыған жоғары оқу орнын аяқтадым. Сіз тәрізді Қарағанды металлургия комбинатында жұмыс істедім», – деп бастады өз сөзін Орал қаласындағы «Каз­Ар­маПром» ЖШС-нің бас директоры Станислав Качало. «Біз Сізге индустрияландыру бағ­дарламасы үшін алғыс айта­мыз. Біз өз зауытымыздың тәжірибесінде ұлттық сипаттағы бизнес моделін құрдық. Шикізат пен қажетті материалдарды Қазақстаннан алып, ал шығарған өнімімізді жоғары қосымша құнмен шетелге сатамыз. Оның 90 пайызы Ресейге жөнелтіледі. Экспортқа шығаратын өнім көлемі 2 миллиард теңгені құрайды, жыл сайын 360 миллион теңге салық төлейміз. Сондықтан да біз үшін еуразиялық экономикалық инте­грация – зауытымыздың одан әрі өмір сү­руінің мәселесі, оның нәтижесі салмақты. Сонымен қатар, біз өндірісімізді жаңғыртып, IT жүйесімен басқарылатын құю өндірісін құру үстіндеміз. Біз енді Үндістан мен Түркияның кәсіпорындарымен бәсекеге түсуге дайынбыз. Мұның барлығы – индустрия. Бұл ел экономикасын алға сүйрейтін – локомотив.

Құрметті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, Сіз ауылдағы жұ­мысшы отбасысынан шығып, президенттік қолыңызбен болат балқыттыңыз. Сондықтан да, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру жайлы айттыңыз. Бұл – өмірге өте қажет идея, ол біздің болашағымызға сенімділік ұялатады.

Сіз ынтымақ пен бірлік мәселесіне айрықша мән беріп келесіз. Мен үшін бұл ұғым отбасынан басталады. Менің 5 балам бар, олар қазақ балабақшасына барып, қазақ мектебінде оқиды, ұлым – республикалық домбырашылар конкурсының жеңімпазы. Менің отбасым өз тағдырын тек Қазақстанмен байланыстырады. Мен – украинмын, әйелім – орыс, ал біздің рухымыз – қазақ», – деп оралдық кәсіпкер жігіт жиналған қауымды бір риза қылып тастады.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, белгілі ақын Ғалым Жайлыбай: «Аса мәртебелі Президент! Елдегі тыныштықтың фор­муласы – келісім мәдениеті екенін Сіз осыдан 20 жыл бұрын көре білдіңіз. Жарғақ құлағыңыз жас­тыққа тимей еңбек етіп, тәуел­сіз Қазақстанды бейбітшілік бе­с­ігіне айналдырып отырған сын­дарлы саясатыңызды зиялы қауым түсінеді, қолдайды. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», – айтқан дана Абайдың өнегесі күллі Қа­зақ­стан халқының ұстанымы деп білемін», – дей келіп, өз өлеңін оқып берді:

Шашқанда алтын арай дала

таңы,

Шапағын дүниеге таратады.

Сен менің бақытымсың,

Қазақстан –

Анамның аялаған алақаны.

 

Ізет пен ізгіліктен іркілмеген,

Тұлпардың өз елімнен тұрқын

көрем.

Сен менің тағдырымсың,

Қазақстан,

Үкісі үмітінің үлпілдеген.

 

Арайын атар таңынан

тосқасын да,

Бейілміз ақ ниетпен достасуға.

«Бірлігім – тірлігім!» – деп жолға

шықтық,

Нұрсұлтан Назарбаев –

көш басында.

 

Мезгілсіз бұзылмасын ұйқың,

балам,

Ел едік, дүбір шықса қиқулаған.

Аққудың қанатынан

ән қайырған,

Тұлпардың тұяғынан

күй тыңдаған.

Шырағы мәңгіліктің жағылғасын,

Айбозым аламанда арындасын!

Көзімнің қарашығы, Қазақстан –

Сен менің қанымдасың,

жанымдасың!

 

Тағдырдың өзі қосқан, тамыры бай,

Жанарың жарық болсын,

жарығым-ай!

Сен менің жалғызымсың,

Қазақстан –

Жалғанда жалғыздардың жары

Құдай!

Қазақстан халқы Ақмола облыстық ассамблеясының ғылыми-сарап­тамалық орталығының мүшесі Бэл­ла Газдиева: «Мен Ақмола облысында, өз тағдырын қазақ жерімен мәңгілікке байланыстырған, депортацияға ұшыраған ингуш отбасысында өстім. Әжем Лейла Козоева маған өздерінің репрессияланған немістердің отбасысына қалай орналасқандары жөнінде айтып берген еді. Ол үлкен мейрамдарда үй иесінің қалай сүтке салып, картоп әзірлегенін мәңгі есінде сақтап қалғанын жиі айтатын. Аштықтың тауқыметін тартқан адамдарға бұл берекенің, амандық-саулықтың, жақсы өмірге деген үміттің нышанындай болып көрінген екен. Сол кезде әжем өскенде өз үйінде әрдайым картоп пен сүт болуы үшін, ешқандай тарыншылық көрмеу үшін аянбай еңбек етуге серт беріпті. Содан бері біздің отбасымызда еңбек ең киелі ұғымға айналды. Біз қазір әрдайым мол дастарқан жаямыз. Се­бебі, қазақстандықтар бүгінде елдегі бейбіт­шілік пен тұрақтылықтың арқасында молшылықта өмір сүруде. Биыл шешен-ингуш халықтарының депорта­ция­ланғанына 70 жыл болды. Бұл – біз үшін тарихтың қаралы оқиғасы күні. Бірақ, біз бұл датаға бүгінде «70 жыл ішінде біз кім болдық?» – деген тұрғыда қараймыз. Ең бастысы – біз мықты, тәуелсіз, қалыптасқан мемлекеттің азамат­тарына айналдық. Мен – қазір жоғары оқу орнында сабақ беретін ұстазбын. Филология ғылымының кандидатымын, «Бола­шақ» бағдарламасының стипен­диа­тымын. Бұл – Сіздің, аса құрметті Елбасы, бей­бітшілік пен келісімді басты негіз ет­кен көреген саясатыңыздың же­місі», – деді.

«Шығыс» өңірлік қол­бас­шылығы әскери оркестрінің домбырашысы, прапорщик Ольга Сағындықова Елбасыға қарап қазақ тілінде: «Сіз зор қолдау көрсеткен «Не­вада-Семей» ұйымына биыл 25 жыл толды. Сіз Семей поли­гонын жапқаннан кейін 365 мың шаршы шақырым жер ел игілігіне қайтарылды. Ел мен жер сауығып келеді. Ал Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен әлемдік ядролық қауіпсіздік ісінің көшбасшысына айналды. Сіз Гаагада өткен ядролық қауіп­сіз­дік жөніндегі әлемдік басқосуда төрде отырдыңыз», – дей келе, Ассамблея сессиясына қатысушыларды жуырда Гаагада өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі Саммит алаңында жүргізілген нәтижелі келіссөздері үшін Мемлекет бас­шысын және Қазақстан халқын құт­тықтауға шақырды. Сондай-ақ, Ольга өзінің қазақ от­басының келіні екенін де айтты. «Мен – қазақтың келінімін. Жұбайым Марат екеуміз 5 бала тәрбиелеп отырмыз. Менің ата-анам Ресейдің Иваново қаласында тұрады. Қазақ топырағын басып, дәм-тұзын татқан олар мен барған сайын, ең алдымен: «Марат қайда? Домбыраң қайда?» – деп сұрайды. Қазақ әндерін маған қосылып айтады. Құрметті Елбасы, Сіздің әнді жақсы көретініңізді, жақсы айтатыныңызды бәріміз білеміз. Рұқсат етсеңіз, бір ән айтып бергім келеді», – деп әндетіп қоя берді. Жұрт ду қол шапалақтады. Ал Президент:

– Жастардың Ольгаға еліктеулеріне болады. Оның отбасысы қандай тамаша, бес бірдей баласы бар әрі өзі қандай сұлу! – деп сүйінішін білдірді.

Ассамблея сессиясына қатысу үшін Кеңес Одағының Батыры, ғарышкер-ұшқыш Александр Вик­то­ренко Астанаға Мәскеуден ұшып келген екен. Құрметті қонақтардың бірі ретінде мінберге көтерілген даңқты жерлесіміз: «Мен Сол­түстік Қазақстан облы­сын­да туып-өстім. Халықаралық эки­паж­дың командирі ретінде «Мир» стансасынан ғарышқа 4 рет ұштым. Менің басты айла­ғым – Қазақстан. Тек Қазақ­станның аумағында ғана стратосфераға және ғарышқа ең жақын нүкте – Байқоңырдың болуын жақсы нышанға жоримын. Сіз, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің барлық ғарыш­кер­лерімізді шығарып салып, қарсы алдыңыз. Сіздің берген батаңыз біздің елге, жерге аман-есен оралуымызға әсер еткендей болды. Бізге, ғарышкерлерге әрдайым: «Сұп-суық ғарышта Сіздер не туралы ой­лайсыздар?» – деген сұрақ қойылып жатады. Ал біз иллюминаторға қарап, Жердің соншалықты кішкентай әрі нәзік екендігіне көз жеткіздік. Оны тек дүниежүзіндегі бейбітшілік пен келісімді нығайту арқылы ғана болашақ ұрпаққа аманаттауға болады.

Мен қашанда Қазақстанмен біргемін. Менің Отаным осында. Өзімді украин-орыс текті қазақпын деп санаймын», – деді.

Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен де мінберге көтеріліп, Елбасыға қарап: «Мен, ең алдымен, Олимпиада күндерінде өзімді қолдап, қамқорлық жасағаныңыз үшін Сізге шын жүректен алғысымды білдіремін. Мен Сіздің кітаптарыңызды оқыдым, «Елбасы жолы» фильмін көрдім. Сонымен бірге, Сіздің спортты жақсы көретініңізді білемін. Сіздің жігеріңіз мың градустық пештің түбінде ғана емес, спортта да шыңдалған. Әрине, ол кезде Сіздерде спортпен кәсіби түрде айналысу үшін қажетті жағдай болған жоқ. Есесіне, қазір Сіз спортшылардың бәріне тамаша жағдай жасап отырсыз», – деп алдағы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алуға уәде берді. Президент салтанатты жағдайда оның омырауына «Құрмет» орденін қадады.

Содан кейін Қазақстанның «Астана-Дакар» ралли-рейд ко­мандасының көшбасшысы Артур Ардавичус сөз алып, Ел­басыға өз командасының жетіс­тіктері туралы баяндады. «Біздің командамыз Әлем кубогын және Дакарды жеңіп алды. Біз барлық жолымызда өзіміздің бейбітшілік және достық туымызды желбіретіп жүрдік», – деді. Ал Алматының «Қайрат» футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков өз клубының Ассамблеямен құрдас екенін атап өтті. «Біз – Қазақстанның Еуропа чемпионы атанған тұңғыш коман­дасымыз. Бұл жеңіс – бар­ша қазақстандықтардың жеңісі», – дей келіп, ол Еуропа чем­пионының атаулы майкасын Елбасыға сыйға тартты.

«Бүлдіруші діни ағымдардан зардап шеккендерге жәрдем беру орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Юлия Денисенко: «Мен са­рап­шылық жұмыспен айналысамын, ал оған журналистігімнің арқасында келдім. Бірде біздің редакциямызға ауыр уайымға батқан бір ана келді. Оның қызы үйінен де, мектептен де қашып, сектаның торына түсіпті. Менің бұл туралы мақалам газет бетінде жарияланған жоқ, бірақ біз ол қызды құтқарып қалдық. Соңғы 3 жылдың ішінде қа­зақстандық сарапшылар біздің елімізде осындай екі мың оқиғаны тіркеген екен. Бұл жай сан емес. Оның артында қаншама ойраны шыққан отбасылар, бүлінген тағдырлар, тіпті, бала­лардың үйлерінен безіп кетуі мен өмірмен қоштасулары жатыр.

Адамдардың осындай қасіретіне төзу және қоғамды бүлдіретін жат діни ағымдарға еріп, «ауру вирусын» жұқтырып, адасқан тағдырларға жай қарап тұру өте қиын. Ал адамдарды осындай «дерттен» емдейтін дәрі бар, ол – Сіздің бейбітшілік пен келісімге негізделген дана саясатыңыз. Және бірінші кезекте ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ассамблея шаңырағы астында бүкіл еліміз бірікті. Біз әртүрліміз, бірақ, бір халықпыз», – деді.

«Ұлттық ғылыми-медициналық орталық» акционерлік қоғамы балалар кардиохирургиясы бөлімінің басшысы Шухрат Мара­сулов: «Мен – дүнгенмін. Был­тыр дүнгендердің қазақ жерін мекен еткендеріне 135 жыл болды. Ол кез ата-бабаларымыз қиын заманға тап болған, туып-өскен жерлерінен бассауғалап безіп кеткен қасіретті кезең екен. Дүнгендер қазақ халқының қайырымдылығының, кеңпейілділігінің арқасында сол зұлматтан аман қалыпты. 2013 жылғы 15 қыркүйекте Масанчи ауылында қойылған ескерткіште «Қазақ халқына мың алғыс!» деген сөздер тасқа қашалып жазылды.

Нұрсұлтан Әбішұлы, 15 жыл бұрын Астанада Сіздің бастамаңызбен осызаманғы клиника тұрғызылды. Бүгінде ол еуропалық стандартқа сай Ұлттық ғылыми-медициналық орталыққа айналды. Ал тура 10 жыл бұрын Сіз жаңа кардио­хи­рургиялық клиниканың тұсауын кестіңіз, 7 сәуірде онда тұңғыш ота жасалды. Бүгін сол алғашқы пациент ортамызда отыр. Ол – Атыраудан келген Кәдірбек аға Қожахметов.

Біздің кешегіміз бен бүгінгімізді мүлде салыстыруға келмейді. Балалар кардиохирургі ретінде мынаны айта аламын: бұрын отадан кейін көз жұму 95 пайыз болса, қазір ота жасалғандардың 90 пайызы толық сауығып кетеді. Бұл, Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің қазақстандықтардың денсаулығы үшін үзбей жасап келе жатқан қамқорлығыңыздың арқасы. Бүгінгі күні еліміз бойынша жыл сайын 15 мың жүрекке ота жасалады. Бізге тек өзіміздің емес, өзге елдің де азаматтары қаралуға келеді. Мәселен, соңғы 3 жылда АҚШ, Қытай, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктерінен 120 адам келіп, емделіп шықты», – деді.

– Бұл – біздің медицинамыздың жетістіктерінің бірі. Мұндай оталар Батыста өте қымбат тұрады. Ол үшін 40-50 мың доллар ақша шығару керек. Мұндай қаржыны жұрттың көбі таба алмайды. Біз мұны еліміздің қарапайым тұрғындары үшін қолжетімді еттік. Соның арқасында жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім азайып, қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы бұрынғы 63-тен 70-тен астам жасқа дейін көтерілді, – деп атап өтті Елбасы.

Мінберге көтерілген тағы бір жерлесіміз, Парламент Мәжілісінің депу­таты, генерал-лейтенант Абай Тас­болатов патриотизм туралы тағылымды сыр шертіп, осыдан 42 жыл бұрын Іле өзенінде қайықтары аударылып, суға батып кете жаздаған 12 оқушыны жалғыз өзі құтқарып қалған Бейсетай Дәуренбековтің ерлігін еске түсірді.

Жарыссөзден кейін сессияда жылдағы дәстүрмен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының қоғамдық негіздегі екі жаңа орынбасары тағайындалды. Нұрсұлтан Назарбаев өз өкімімен бұл қызметтерге Парламент Сенатының Солтүстік Қазақстан облысынан сайланған депутаты, Қазақстанның орыс, казак және славян ұйымдары қауымдастығы төрағасының орынбасары Ана­толий Башмаков пен «Суоми» карелфин этно­мәдени бірлестігінің төрағасы Александр Смирновты тағайындады.

Марапаттау рәсімі де болып, Абай Тасболатов ағамыз өнеге етіп айтқан Бейсетай Дәуренбеков, Қазақ КСР-інің халық әртісі Лаки Кесоглу, Шығыс Қазақстан облысындағы сәулеттік-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының директоры Николай Зайцев, қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, Ресей Федерациясының Псков облысындағы Невель ауданының басшысы Александр Ващенков, Павлодар облысы «Полония» поляк қоғамының төрағасы Виталий Свинцицкий және Ресей Федерациясындағы «Риск» компаниясының продюсері, деректі кино режиссері Дарья Виолина Қазақстан халқы Ас­самблеясының қоғамдық «Бір­лік» алтын медалінің иегерлері атанды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясына қатысушылар Қазақстан халқына үндеу қабылдап, қоғамымыздағы бір­лік пен тұрақтылықты одан әрі нығайтуға шақырды.

Сессия соңында сөз сөйлеуге сұранғандар қатары да аз болған жоқ. Солардың бірі – «Kazakhstan Kagazy PLC» компаниясының бас директоры, ұлыбританиялық Матеос Томас өзінің Қазақстанға салған капиталы үшін еш алаңдамайтынын және алдағы уақытта Астананың маңынан тағы бір зауыт ашқысы келетінін және өз компаниясының Лондонда Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Бейбітшілік пен келісім орталығын ашуға ниеттеніп отырғанын мәлімдеді.

«Қазақстан кәсіпкерлері палатасы» АҚ халықаралық ынтымақтастық департаментінің бас сарапшысы Давид Сукиасян: «Біздің алдымызда үлкен міндет тұр. Ол – қазақ тілін жетік білу. Мейлі Сіз қазақ болыңыз, мейлі орыс немесе армян болыңыз, мемлекеттік тілді білуіңіз керек. Тәжірибе болмаса, ешқандай нәтиже болмайды. Сондықтан бізге жұмыста, дүкенде, үйде, көшеде – барлық жерде қазақша сөйлеу керек. Бәріміз бір кісідей болып жұмылсақ, келесі Ассамблеяда бәріміз қазақша сөйлейтін боламыз. Соған жетейік! – деп ұрандатып аяқтады сөзін.

Ас­сам­блея сессиясын қорытындылаған Елбасы әлемдік дағдарыс әлі жал­ғасып жатқандығын және оның жаңа толқыны келуі мүм­кін екендігін айтып, оған біздің еліміз алдын ала дайындалғанын және қазіргі кезде экономиканың да­муын қамтамасыз ету үшін мемлекет резервінен 1 триллион теңге бөлінгенін тілге тиек етті. Ең алдымен, шағын және орта бизнесті қолдау басты назарда болмақ. Қаржы көзі нақты жобаларға, бірінші кезекте ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталмақшы. Бізде ет, сүт және жеміс пен көкөніс бола тұра, азық-түлікті сатып алуымыз дұрыс емес. Мұның барлығын дерлік өзімізде өндіруіміз қажет. Екінші кезекте, индустриялық бағдарламаны қаржыландырып, еліміздің қаржылық жүйесін оңтайландыратын боламыз. Олар да экономиканы қаржыландыруы тиіс, деді Мемлекет басшысы. Осылайша, экономиканы қиын сәтте қолдау үшін құрылған Ұлттық қорда жинақталған мол қаржы елдің игілігіне жұмсалмақшы. Соның нәтижесінде шағын және орта бизнесте мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылмақшы.

Нұрсұлтан Назарбаев болашақта еліміздің әлем­нің ең дамыған отыз мемле­кетінің қатарына қосылуы үшін барлық жағдайдың барлығын атап айтты. Осы биік мақсатқа жетудің ең басты шарты – ел­дің бірлігі мен тұрақтылығын көздің қарашығындай сақтау екенін, оған әрбір қазақстандықтың белсене атсалысуы қажеттігін ерекше атап көрсетті.

Ассамблея сессиясының жұмысына облыс әкімі Самат Ескендіров бастаған Солтүстік Қазақстан облысының ресми делегациясы да қатысты.

Қа­зақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясына қатысушылардың назарына үлкен кон­­церт­тік бағдарлама ұсынылды.

Кәрібай МҰСЫРМАН,

«Солтүстік Қазақстан».

Петропавл – Астана – Петропавл.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp