«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІР НАМЫСЫН МЕРУЕРТ ТАЛҒАТОВА ҚОРҒАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Достық үйінде “Ой сана” республикалық байқауының облыстық кезеңі өтті. Дәстүрлі сайысты облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма “Қазақстанның орыс қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің филиалымен бірлесе ұйымдастырды. 

Жыл сайын өтетін байқау, әдеттегідей, үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде үміткерлер лексика-грамматикалық тест орындап, екінші кезеңде жазбаша және ауызша бөлімдерден тұратын тақырыптарға эссе жазып, жұп бойынша сұхбат құруы керек. Үшінші бөлімде қатысушылар шығармашылық қырынан танылып, кез келген жанрда мәтінді мәнерлеп оқуға тиіс болды. Бұл кезеңде оқушылар, көбінесе, өздерінің сүйікті ақын-жазушыларының туындыларынан үзінділер оқыды.  

13 үміткер қатысқан доданың жеңімпазы – Уәлиханов ауданының №2 Кішкенекөл орта мектебінің 10-сынып оқушысы Меруерт Талғатова. Ол үш кезеңнен де сүрінбей өтіп, өзін орыс тілінің білгірі ретінде таныта алды. Меруерт жуық арада өтетін байқаудың республикалық кезеңіне аттанады.

Екінші орын екі қатысушыға бұйырды. Олар – тайыншалық Жанболат Сейпілов пен Жамбыл ауданының тұрғыны Әлия Тұрғымбаева. Ж. Сейпілов №5 орта мектептің 10-сынып оқушысы болса, Әлия Жанатқызы Троицк орта мектебінде 8-сыныпта оқиды.

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның намысын қорғаған Аяз Рымжан Новоишим қазақ орта мектебінің 11-сынып оқушысы екен. Ол байқау қорытындысы бойынша үшінші орын алды. Аяз сияқты бұл байқауда үшінші орынды иеленген тағы екі қатысушы болды. Олар – Тимирязев мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Әлия Бекетай және Петропавл қаласының атынан байқауға қатысқан М.Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектеп лицейінің 10-сынып оқушысы Мәдина Сандыбаева.

Сайыс тартысты өтті. Әсіресе, Иван Тургеневтің “Раушан” атты қарасөзді өлеңін оқыған Меруерт Әбілова қарсыластарынан сайыстың үшінші кезеңі – мәтінді мәнерлеп оқуда оқ бойы озық тұрды. Сондықтан да ол “Мәнерлеп оқудың шебері” аталымымен марапатталды. Ол – Шал ақын ауданының Жалтыр негізгі мектебінің 8-сынып оқушысы. Әрі байқауға қатысқан үміткерлердің ішінен ең жасы. Аққайың ауданының Смирново №3 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Алмагүл Шәкенова “Үздік тест жұмыстарын шешуші” болса, Қызылжар ауданының “Парасат” мектеп- лицейінің 10-сынып оқушысы Әсия Омарова “Сөз шебері” атанды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp