Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінде еліміз бойынша тұңғыш рет асылтұқымды мал төлін сұрыптау басталды. Астанадан келген мамандар малдың аталық басын жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерттеп жатыр. Бұл шара асылтұқымды малдың пайдалы қасиеттерін дамыту үшін қолға алынып отыр.
Бұзаулардың барлығын қазір астаналық ғылыми- инновациялық орталық мамандары Франциядан әкелінген УЗИ сканерден өткізіп жатыр. Аталық төлдің омыртқа сүйектерінің көлемі үлкен болса, ол болашақта ет бағытына лайықталып бағылады. Ал жылжымалы зертханада мал ұрығы сарапталып, оның болашақта төлдеу қабілеті анықталады.
“Ғылыми инновациялық орталық” ЖШС аға ғылыми қызметкері Әнуарбек Бейсенбаев: “Бұл технология бойынша біз малдың салмағын, өсу жылдамдығын, 1 килограмм салмақ қосу үшін жұмсалатын жемазық көлемін анықтаймыз. Еттің сапасын ультрасанографтың көмегімен бағалаймыз. Бұқаның 12-ші және 13-ші қабырғалары арасындағы бұлшық еттің қалыңдығы мен тері астындағы майды өлшейміз”, – дейді.
“Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігі осыдан үш жыл бұрын 200 бас ангус тұқымды сиырларды Америкадан әкелген болатын. Содан бері мал басы өсіп, қазір 600-ге жеткен. Жыл сайын бұл шаруашылық асылтұқымды бұқаларды өзге агро-құрылымдарға сатады. Тек былтыр ғана 40 бас бұқа өңіріміздің мал бағуға ниет білдірген өзге шаруашылықтарына өтіпті. Сыртқа кететін малдың арнайы төлқұжатына инновациялық орталық мамандары жасаған зерттеулердің нәтижесі жазылады екен.
Серіктестік директоры Константин Мишеневтің айтуынша, бұрын әлемде мал өсірумен айналысатындардың 2-4 пайызы ангус тұқымын ұстаса, бұл көрсеткіш бүгінгі күні 40 пайызға жетті. Біздің бұзаулар тәулігіне 500-700 грамм салмақ қосса, ангус тұқымы бір-бір жарым килограмм қоң алады.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан ашылған ғылыми инновациялық орталық мамандары облысымызда екі шаруашылықпен тығыз байланыс орнатқан. Олар асылтұқымды малды өсіруде түрлі кеңестер беріп қана қоймай, аталық мал төлінің қасиеттерін де зерттеп тұрады. Мұның бәрі – шетелден әкелінген малдың пайдалылығын жоғалтып алмау үшін жасалып отырған шара. Қазір шаруашылықта әрбір бас мал орташа есептегенде күніне бір килограмнан астам салмақ қосады. Мақсат – бұл көрсеткішті күніне үш килограмға жеткізу.
Инновациялық орталық мамандары қазір Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы шаруашылықтармен тығыз байланыс орнатқан. Бейнекамералар арқылы ғалымдар өздері берген кеңестің қалайша орындалып жатқанын Астанада отырып-ақ бақылай алады.
Анна КУЛИКОВА,
журналист.