Облыс әкімінің виртуалды қабылдауына күн сайын солтүстікқазақстандықтардан 15 шақты өтініш түседі. Олардың дені қала жолдарының жағдайына қатысты. Соған орай Самат Ескендіров сейсенбі күні әдеттегідей бірқатар жол учаскелерін аралап, жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Осыдан біршама уақыт бұрын Самат Сапарбекұлы қала көшелерін аралап, бірқатар жолдардың жағдайы жергілікті тұрғындар дабыл қаққанындай нашар екендігіне тікелей көз жеткізген болатын. Кейбір көшелерде еріген қар суынан көлік түгілі, жаяу жүргінші жүру мүмкін емес еді. Сол жолы облыс әкімі бірқатар мекемелерге жолдарды жөнге келтіру жөнінде нақты тапсырма берген болатын.
Өңір басшысы өзінің осы жолғы сапарын ең алдымен сол көшелерді аралаудан бастады. Маяковский, Попов, Театр және С.Мұқанов көшелеріндегі кей учаскелерге қазіргі күні қиыршық тас төселіпті.
Самат Сапарбекұлы сапар барысында Свободная, Б.Ізтөлин және А.Шәжімбаев көшелерінде атқарылған жұмыстармен де танысты. Олардың жарамсыз болған жерлеріне қиыршық тас төселуде. Ауыр техникалар әлі жұмыс істеп жатыр. Облыс әкімі Жамбыл қысқа көшесінде де болды.
– Әсіресе, Копай шағынауданындағы жол мәселесін тиісті мекемелерге көрсеттік. Бүгіннің өзінде асфальт төсемесек те, жолдарды біршама қалпына келтірдік, – дей келіп, облыс басшысы осы аумақтағы жартылай салынбай қалған нысандарға көңіл аударды. Алдағы уақытта оны баспана етіп көтеру мәселесі қарастырылмақ.
– Копайда тұрғын үйлер салуды көздеп отырмыз. Инженерлік-коммуникациялық жүйелерді қалыпқа келтіру қолға алынады, – деді Самат Сапарбекұлы.
Облыс әкімі қала тазалығы мен жолдар мәселесі ұдайы бақылауда болатынын атап көрсетті.
Мағжан АХМАДИНА,
журналист.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.