«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТҚАРЫЛМАҒАН ЖҰМЫСТЫ АТҚАРЫЛДЫ ДЕП…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстық департаментінің басшысы Мұрат Қадырбектің төрағалығымен өткен облыстық Тәртіптік кеңестің бұл жолғы отырысында құрылыс саласына қатысты мәселелер талқыланды. 

Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары Ермек Махатов аудандық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін қоса атқарып жүріп, мемлекеттік сатып алу нәтижесі бойынша көлікті жеткізу туралы “Дулат” жеке кәсіпкерлігімен шарт жасасады. Содан кейін көліктің қолға тигенін күтпестен алдын ала заңсыз төлем жасаған. Ал көлік ұшты-күйлі жоқ. Асығыстықтың кесірінен алаяқтардың тұзағына түскен аудан әкімінің орынбасары бюджет қаражатын уақытында игеру қажет болғанын алға тартып, ақталмақ болды. Тәртіптік кеңес мүшелері аудан әкіміне өзінің орынбасарын қызметінен босату туралы ұсыныс беруді ұйғарды.

Тәртіптік кеңесте Петропавл қалалық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Денис Бредниковке қатысты іс те талқыланды. Бөлім қызметкерлері заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарауда мемлекеттік қызмет стандарттарымен бекітілген мерзімді сақтамаған. Оның ісін зерттей келе, кеңес мүшелері бөлім басшысына қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылдады.  

Мұндай шешім тағы да екі мемлекеттік қызметшіге қатысты қабылданды. Ақжар және Айыртау аудандарындағы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшылары мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша жұмыстардың аяқталғаны туралы актіге қол қойып, мердігерлерге толық көлемде төлем жасаған. Ал прокурорлық тексеріс жұмыстардың аяқталмағанын анықтап отыр.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp