«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАС ЖҮЛДЕ ИЕСІ – НАРҒИЗ өңір намысын қорғайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлы Абайдың өлеңдері мен әндерін, философиялық толғамдарын, өмірі мен шығармашылығы туралы көркем туындыларды насихаттау, ол үшін мектептерде, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында оқыту қазақстандық рухани келісімді, іргесі берік бірлікті көздейді. Сондықтан өзге ұлт өкілдерінің арасында өңірлерде жыл сайын “Абай оқулары” байқауы өткізіледі.

Соған орай, биылғы байқауға жиналған аудандық кезең жеңімпаздары облыс орталығындағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде тоғысты.

Өңірлік ақтық сында он үш үміткер қазақ тіліне жетіктігін айғақтауға ұмтылды.

Байқаудың республикалық орталық бекіткен талаптары бойынша өзге ұлттардың 15-21 жас аралығындағы үміткерлері екі кезеңде сынға түсті. Біріншісінде Абайдың өлеңдерін, қарасөздерін жатқа оқуға тиіс, ал, екіншісінде ақынның немесе қазақтың халық әндерін, яки ұлт сазгерлерінің шығармаларын орындауы керек.

Он үш талапкердің ішінен алғашқы сынақта бес адам өзгелерден озық екені айнытпай танылды. Байқау жеңімпазы да осылардың ішінен шығадыау деген дәмеміз жаңылдырмады.

Алайда, екінші кезең жеңіске жетеді дегендерді де сүріндірді. Есесіне, бірінші кезеңде олқы көрінгендердің кейбірі ән салуға бейімін байқатты. Мен, өз басым, қазылар алқасының құрамында болмасам да, бірінші кезең бойынша озығы Ғ.Мүсірепов атындағы ауданнан келген Сергей Воронцовтың қазақ тілінде мүдірмей, әріптерді дыбыс үндестігі ережесіне сай жақсы айтуына риза болдым. Соған қоса, ол аудиториядағы тыңдармандарға арнап, өз жанынан ақ тілек айтқанда қазақ тіліне озықтығы айғақтала түсті. Данышпанның бірінші қарасөзін және Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” романынан “Жолда” деген үзіндіні де ойдағыдай жатқа оқыды. Тек, гитарамен орындаған “Айттым сәлем, Қаламқас” әні алғашқы екеуіне ілесе алмады. Сондықтан, байқаудың бас жүлдесі бұйырмады.

Бас жүлдені Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылына Ташкенттен 2011 жылы көшіп келген, Бескөлдегі №1 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы, башқұрт қызы Наргиз Абдурахманова жеңіп алды.

С. Воронцовқа серік болған, екі екінші орынның бір иегері – Петропавлдағы әл-Фараби мектеп-лицейінің оныншы сыныбында білім алып жүрген Эльдар Накиев.

Үш үшінші орынның иелері және “Проза шебері”, “Өлең оқу шебері”, “Ән салу шебері” аталымдарының жеңімпаздары да анықталып, бәріне де Тілдерді дамыту жөніндегі облыстық басқарманың дипломдары мен бағалы сыйлықтары табыс етілді.

Бас жүлде иесі республикалық “Абай оқулары” байқауында облыс намысын қорғау құрметіне ие болды. Ол ұстазы Әсия Хасенованың баптауымен осы сайысқа даярланбақ.

Сөз соңында аталған байқауда көзге шалынған кейбір олқылықтарды айтпай кеткім келмейді. Алдымен, бұл байқауға, негізінен, мектептердің оқушылары қатысқандықтан, қазылар құрамында облыстық білім басқармасының яки қалалық білім бөлімінің қызметкері сарапшы болуы керек еді. Алайда, ондай маман көзіме шалынбады. Осы орайда кейбір қатысушылардың тапсырмаларды орындауына мектептердің әдебиетші мұғалімдері үлес қоспағаны немесе жүрдім-бардым қарағаны анық аңғарылды.

Екіншіден, әсіресе, Абай өлеңдерін оқуда қатар келетін дауысты дыбыстар аражігі өрескел ажыратып айтылады да ілгері, кейінді ықпал заңдылығы ескерілмейді, сөйтіп өлең нақышты, әсерлі естілмейді.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: байқауға қатысушылар.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp