Жақында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тамамдаған өзге этнос жастарының бірі – Елена Косенковамен кездесіп, әңгімелескен едік.
– Елена Александровна, облыс орталығындағы орыстілді С.Мұқанов атындағы №32 орта мектепті тамамдағаннан кейін қазақ тілінде білім алуыңызға не түрткі болды?
– Мектепте оқып жүргенімде қазақ тілін жетік меңгеруді өзіме мақсат еттім. Осы ұмтылысымды қолдаған қазақ тілінің мұғалімі Алма Жақтаева бар білгенін үйретіп, маған қосымша тапсырмалар беріп, терең білім алуыма көмектесті. Содан да болар, мектепті бітірген кезде еш ойланбастан “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығына құжат тапсырдым.
– Жоғары оқу орнында оқып жүргенде облыс жұртшылығының назарында болғаныңыз сөзсіз. Сол кезде “осының арты қалай болар екен?” деген сауал өзіңізді де мазалаған шығар?
– Бұл сезімді “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығын таңдағандардың барлығы бастан өткерді ғой деп ойлаймын. Себебі, біз қазақ тілін кез келген жаста да меңгеруге болатындығын дәлелдедік.
– Қажырлы еңбекті талап еткен дипломыңызды қолыңызға алғаныңызда қандай сезімде болдыңыз?
– “Армансыз адам – қанатсыз құс” демей ме?! Мен қазақ тілін жетік меңгерсем екен деген арманыма қол жеткізгеніме, оның орындалғанына қатты қуандым. Бұл менің ғана емес, ата-анамның, әпкемнің, мектепте қазақ тілі пәнін оқытқан ұстазым Алма Жақтаеваның де жеңісі еді.
– Қазір қай салада еңбек етіп жүрсіз?
– Оқуымды тамамдағаннан кейін облыс орталығындағы “Қазақтелеком” АҚ-ның “160” қызметіне оператор болып жұмысқа орналастым. Менің қазақ тілінің маманы болуым компанияның клиенттеріне мемлекеттік және орыс тілінде сауатты қызмет көрсетуіме зор көмек болды.
– Қазақ тілін білу деңгейіңіз төмендеп қалған жоқ па?
– Жоқ. Себебі, клиенттермен үнемі байланыста болғандықтан, бірімен – қазақ, екіншісімен орыс тілінде сөйлесеміз. Күнделікті қолданатын тілді ұмыту мүмкін емес. “160” қызметінде жұмыс істеген кезде абоненттің сұрақтарына жауап беру үшін өзімді таныстырып, қазақша тілдескенімде олар: “Орыстың қызы қазақ тілін қайдан біледі?” деген сұрақтарын қойып, таңданушы еді.
– Операторлардың барлығы қазақ тілін біле ме?
– Иә. Қазіргі таңда компания қазақ тіліне зор мән беруде. Апта сайын компания қызметкерлері үшін қазақ тілі сабағы өткізіледі. Бұл сабақтардың пайдасы зор. Компанияның көптеген мамандары қазақ тілінде еркін сөйлемесе де, жақсы түсінеді. Сондай-ақ, жыл сайын қазақ тілін қолдауға бағытталған түрлі сайыстар өткізіледі. Мысалы, 2013 жылы Қостанай қаласында өткен Тілдер фестиваліне қатысып, 1-орын алдық. Дәл осы фестиваль жыл сайын өткізіледі. Біз қатарынан төрт жыл бойы 1-орын алып келеміз.
– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
– Алдағы уақытта өзге де тілдерді үйренгім келеді. Сондай-ақ, қазіргі таңда Ресейдің жоғары оқу орындарының бірінде экономика мамандығы бойынша білім алудамын. Оқуымды аяқтағаннан кейін білікті маман боламын ғой деп ойлаймын.
– Қызмет етіп жүрген 3 жылдың ішінде қазақ тілін білуіңіз Сізге қаншалықты көмектесті?
– Мен алғашқы жылдары “160” қызметінде жұмыс істесем, қазір Жоспарлауды және қадағалауды ақпараттық қамтамасыз ету секторының 2-санатты маманымын. Қызметтік сатыда көтерілуіме қазақ тілін білгенім де себеп болды ғой деп ойлаймын. Себебі, техникалық салада қазақ тілін білген маман далада қалмасы сөзсіз. Бұған көз жеткіздім және өзгелер де мойындап жүр.
– Бір топта оқыған қатарластарыңызбен қарым-қатынастарыңыз қалай?
– Араласып тұрамыз. Кездескен кезде тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Бір топта менен басқа тағы бір орыс қызы болды. Ол – Татьяна Антипина. Қазір Татьяна облыс орталығындағы “Aktiv” компаниясында оператор болып жұмыс істейді. Ол да қызмет барысында қазақ тілін жиі қолданады екен.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.