Петропавлдағы өнер бағытындағы ең елеулі оқу орны – Өнер колледжі. Бұл ретте оны осы салада еліміздегі белгілі білім ордаларымен қатар қойсақ, артық емес. Биыл оның шаңырақ көтергеніне елу жеті жыл болады.
Осы оқу орнында өнерді өмірінің серігіне балайтын, есімдері белгілі ұстаздар жас дарындарды баулып, қияға қондырып келеді. Солардың бірі Елена Михайловна Мещеркина екені даусыз. Оның алдынан дәріс алып, өнер айдынына құлаш сермеген шәкірттері көптеп саналады.
Мен осы ойларды әңгімеме арқау етіп, ұстазбен сұхбат жүргіздім.
– Елена Михайловна, әр нәрсенің өзегі, өзгеге мойын бұрғызбайтын негізі болады ғой. Сіздің де өнерді таңдауыңыздың бір арқауы бар шығар?
– Дұрыс айтасыз. Мен өнерді, мәдениетті, әдебиетті ардақ тұтатын отбасында өстім. Сіз менің әкемді – Михаил Аверинді жақсы білетін шығарсыз. Ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды. Ондаған әңгімелер мен повестер жазып, жинақтарын шығарған. “СССР Кинематографистер одағының үздігі” атағын да иеленген. Ұлы Отан соғысының ардагері еді. 2002 жылы тоқсан бір жасында өмірден озды. Міне, менің жастайымнан өнерді сүюім осы әкемнің тәлім-тәрбиесінен дарыды. Ол өте талапшыл, өнерді, ізгілікті ардақ тұтты. Табиғатты аялады.
– Білемін. Біз әкеңіздің бірқатар әңгімелерін, повестерінен үзінділерді қазақ тіліне аударып, сол кездегі “Ленин туында” жариялаған едік.
– Сол үшін Сіздің газетке алғысымды айта кетейін. Әкем журналистерді өте құрметтеді. Өйткені, өзі республикалық “Ара-Шмель” журналының облысымыздағы меншікті тілшісі қызметін атқарған еді. Ол қазақ газетінің көптеген тілшілерімен, әсіресе, редакторлары Уәп Рақымжановпен, Бақыт Мұстафинмен жақсы қарым-қатынаста болды. Шешем “Ленинское знамя” газетінде қызмет етті. Алайда, олар мені жазушылыққа емес, өнерге баулыды. Сондықтан мені Петропавлдағы жалғыз музыка мектебіне берді. Бір жақсысы, бұл мектеп бұрынғы Ленин, қазіргі Қазақстан Конституциясы және Мир көшелерінің қиылысында орналасқан еді. Редакция нақ осы тұста болды да, мен мектепке үнемі шешеммен бірге барып, бірге қайтатын едім.
– Сізді жақсы білетіндер он үш жасыңыздан бастап ең дарынды оқушы ретінде Алматыға оқуға арнайы жолдамамен жіберді дейді. Нақ солай ма?
– Анығы солай. Мені облыстық оқу бөлімі жасыма қарамай, Алматыға музыкалық білімімді одан әрі ұштау үшін арнайы жолдамамен жіберді. Өйткені, қалада белгілі бір тұлғалармен кездесулер болғанда осы музыка мектебінің үздік шәкірттері концерт қоятын еді. Тегі, осындай концерттердің бірінде белгілі, үлкен өнер иелерінің бірінің көзіне түссем керек.
Сол, он үш жасымда, Алматының Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка училищесінің фортепьяно бөліміне қабылдандым. Ал содан соң Алматы мемлекеттік консерваториясына оқуға түсіп, білімім, аспапта ойнау шеберлігім арта түсті.
– Бұлайша өнер биігіне өрлеуіңізге білікті ұстазыңыздың сіңірген еңбегінің де әсері болған шығар?
– Әлбетте! Әйгілі ұстазым Венера Ибраевадан дәріс алған жылдарымды сондай бір көңіл ризашылығымен еске аламын. Осы білікті профессор дарынды студентті музыка өнерінің шыңына қондырмай қоймайтын. Ол қазақтың да, сондай-ақ, дүниежүзінің де музыка саңлақтарының шығармаларын ерінбей-жалықпай үйрететін аса дарынды ұстаз болды.
Оның алдынан оқып, музыка саңлағының бірі атанған Жәния Әубәкірованы айтсам да жеткілікті. Мен де үлкен өнер мен мәдениет ордасы – Алматыда қалар едім. Бірақ әкем Михаил Михайлович: “Жоқ , қызым! Енді үйге оралуың керек. Мұндағы жас дарындарды кім баулиды? Ол саған сеніп тапсырылған міндет!” деп, Алматыда қалуыма қарсылық білдірді.
Жасымнан алдын кесіп өтпеген әкемнің айтқаны орынды деп түйдім.
– Демек, сол жылдан бастап өнер колледжінде орын теуіп қалдыңыз ғой?
– Иә, 1973 жылдан бері бүгінгі өнер колледжінде фортепьяно бөлімшесінде жастарды баулып келемін. Ашылғанына елу жеті жыл болып отырған колледжіміздің өмірбаянында менің де үлесім барына қуанамын. Еңбек еткеніме биыл қырық бір жыл екен. Осы уақыттың ішінде алдымнан жетпіске тарта түлек өнер иесі атанып, қанаттанып ұшыпты. Осы атқарған ісіме орай “Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі” атағын иелендім. Сондай-ақ, “Ерен еңбегі үшін”, “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл” мерекелік медальдарымен марапатталдым.
– Сіздің өзіңіз айтқан көп шәкірттеріңіздің ішінде ең үздіктері де бар ғой. Мәселен, облысты, республикамызды қойып, шетелдерде де олжалы болғандарды атасаңыз?
– Әрине, әркімнің дарыны әрқалай емес пе? Алдымен Руслан Хамидов деген шәкіртімді айтуыма болады. Ол 2001 жылы жас фортепьяношылардың республикалық конкурсында бас жүлдені еншіледі. Көп ұзамай, осы жеңісінің арқасында, Италияның Милан қаласының түбіндегі Тортона қалашығында өткен халықаралық байқауда бас жүлде алды.
Содан екі жылдан кейін тағы бір талантты шәкіртім Валерий Селявин Шымкент қаласында “ХХІ ғасырдың музыканттары” атты республикалық байқауда бас жүлде иеленіп, ол да Тортонаға аттанды. Мұнда да жолы болып, байқаудың бас жүлдесін олжалады.
Бүгінде бұл шәкіртім Ресей Федерациясының Түмен қаласындағы музыка академиясында кафедра басқарады.
Ал үшінші дарынды оқушым Руслан Баязитов біздің колледжді үздік тамамдаған соң Қазан қаласындағы консерваторияда оқуын жалғастырып, оны да ойдағыдай бітірді. Ол мұнымен де шектеліп қалмай, Венада ұлттық музыка академиясында оқып жүр.
– Кімдердің шығармаларын сүйіп орындайсыз?
– Сүйікті композиторларым аз дей алмаймын. Ал үздіктері деп француз композиторлары Морис Равельді, Клод Дебюссиді және австриялық Вольфганг Моцартты айтар едім. Шопенді көңілім ерекше қалайды. Ол музыкада, әсіресе, фортепьянода ойнауда нағыз саңлақ болған. Шопеннің шығармалары лирикалық әуенімен тыңдармандарды таңғалдырған. Орыстың көрнекті композиторы Сергей Рахманинов Шопен жайында мынадай лебіз қалдырыпты. Ол “Толстой Шопенді тыңдай отырып, көз жасына ерік береді екен. Толстой өлімнен ол дүниеде Шопенді тыңдай алмайтынын білгендіктен ғана қорқыпты” деп жазыпты.
Шопен шығармалары – мәңгілік!
– Әңгімеңізге рахмет! Дарынды шәкірттеріңіз Сізді ардақ тұта берсін!
Әңгімелескен
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.