«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЛЕРІМІЗ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАСЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмір өтпей тұрмайды. “Жас өспей ме, жарлы байымай ма?!” деп бабаларымыз айтқандай, тірлік өзгерістерге толы. Алайда, асыл азаматтарды жадымыздан тыс қалдыруға болмайды. Оларды жас ұрпақтың зердесіне құйып, тұлғаларын кейінгі буынға таныту – көзі көргендердің парызы және бұл өте қажет іс. Өйткені, біз ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етпей болашаққа нық қадам жасай алмаймыз.

Осы ретте мен алдымен Кеңес Одағының Батыры Ысқақ Ыбыраев жайында ой толғауды ұйғардым. Оның мәнісі де жоқ емес. Мен едәуір жылдар бойы қазіргі Шал ақын ауданындағы оның есімімен аталатын кеңшардың директоры қызметін атқардым. Сондықтан, оның есімі мен ерлігіне жақсы қанықпын деуіме болады. Батыр атамыз Ұлы Отан соғысында асқан қаһармандық көрсетіп, Одер өзенінен өту кезінде жаудың плацдармын басып алып, біздің әскерлердің іркілмей шабуылға шығуына жол ашқаны үшін оған 1945 жылы “Кеңес Одағының Батыры” атағы берілген.

Кеңшарды басқарған кездерімде, әсіресе, орталық қонысты көркейтуге, атап айтқанда, тұрғын үйлер салуға, Мәдениет үйі, сауда орталығы, балабақша, мектеп, интернат сияқты мәдени-әлеуметтік ғимараттарды тұрғызуға көңіл бөліп, бұларды тұрғындардың игілігіне айналдырған едім. Кеңшар орталығының көшелері абаттандырылып, асфальт төселді, аулалар көгалдандырылды. Бөлімшелерде де тұрғын үйлер пайдалануға берілді, сондай-ақ, шаруашылық құрылыстары бой көтерді.

Ыбыраев ауылында халық театры жұмыс істеді, кеңшардың өнер иелерінің аудандық, облыстық сахналарда жарқырап көрінуіне жақсы жағдайлар жасап, қажетті қаражатпен қамтамасыз етуді парыз санадым. Сол жылдары кеңшарда күрестен “Кеңес Одағының Батыры Ысқақ Ыбыраев атындағы Бүкілодақтық турнир үзбей, жүйелі өткізіліп, КСРО-ның қиыр-қиырынан жиналған балуандар бозкілемде белдесетін, соның арқасында ауыл, тіпті, аудан тұрғындары еліміздің үздік балуандарын көздерімен көруші еді. Өкінішке қарай, бүгінде бұл турнир жойылып кетті. Ауылдың да тұғыры әлсіреп, тоқырау жылдарының салмағын көтере алмай қалды.

Батыр атамыздың ұрпақтары жоқ емес, бар. Бірақ олар оны елден асырып ардақтауға қымсына ма екен, әйтеуір, Ысқақ атаның есімі ауызға жиі алына бермейді, өзінің ерлігіне саймасай құрметке де бөленбейді. Ілияс Жансүгіровтің: “Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі, алсын қайдан кемеңгерді?” деген наласы тап қазір алдымыздан шығып отыр! Олай демеске шарамыз да жоқ. Себебі, 2011 жылы жүзжылдығы назардан тыс қалып, ескерілмеді. Көзге күйік болып жүргені – қаһарман ағаның атына облыс орталығынан бір көше бұйырмай, тіпті, Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласындағы екі аттасаң, арғы шетіне шыға келетін қамшының сабындай ғана қысқа көшенің берілуі.

Есімі ел есінен ескерусіз қалып бара жатқан екінші Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов 1920 жылы қазіргі Есіл ауданының Бұлақ ауылында туыпты. 1999 жылы Қызылорда қаласында өмірден озды.

1940 жылы соғысқа алынып, барлаушы қызметін атқарған айбынды азаматқа ерлігі үшін 1944 жылы “Кеңес Одағының Батыры” атағы берілген. Кезінде осы қаһарман ағамыз туралы “Ленин туы” газетінде біршоғыр мақалалар жарияланғаны есімде. Бірақ одан бері бірталай уақыт өтіп кетті. Бүгінде батырдың өзі түгіл, сол мақалаларды жазғандардың өздері де келмес сапарға аттанды.

Содан соң оның есімі аса аталмайтын болды. Есесіне, ұзақ жылдар өмір сүрген Қызылорда қаласының тұрғындары оны қадір тұтып, құрметтейді екен. Ал, өзінің кіндік қаны тамған жерінде елеусіз сияқты. Өкінішті-ақ! Және де сонау түстіктегі Сыр өңірі батырымызды өзіне теліп алып жүргенде көңілге қызғаныш та кіреді. “Біз неліктен өз перзентімізді ардақтай алмадық?!” деп ойға берілемін.

Сөз реті келіп тұрғанда, мен сонау бір жылдары есімі өңірімізге жақсы таныс, бүгінде елеусіз қалған басқа да азаматтарды еске алуды жөн санап отырмын. Мысалы, өзімнің тұрған жерім Жамбыл ауданындағы “Баян” ауылында әкем марқұм Қажымұрат Үмітбаевпен үзеңгілес еңбек етіп, ұжымшар басқарған, ауылды бүкіл Қазақстанға танытқан Сексенбай Тұралинді бүгінгі жастар тұрмақ, егделер де ескере бермейді. 1908 жылы туған Секең 1942 жылдың аяғында өзі тіленіп майданға аттанған. 1944 жылы оң қолынан жараланып, елге оралады да, әуелі аудандық атқару комитетінде қызмет істеп, артынан “Баян” ұжымшарының төрағасы болып сайланады. Оның іскерлігі, ел басқарудағы ұсынақты ұйымдастырушылық қабілеті аңызға айналып кеткен еді десем, артық емес. Бұл жайында Сәбит Мұқанов 1954 жылы шыққан “Саяхаттар” атты жолжазбалар жинағының “Баян” колхозы” тарауында “1952 жылдың жазында барсақ, “Баян” колхозы социалистік құрылыстың тағы бір биік сатысына шығыпты: колхозда жүз киловатт сағат күші бар электр станциясы орнапты.

“Баянда” әлі де председательдік қызмет атқарып келе жатқан Сексенбай Тұралин жолдастың айтуынша, колхоздың егін соғу, қой қырқу, ұсталық істерін атқару сияқты жұмыстары электр күшімен бітеді екен” деп жазып, пайдалануға берілген ауыл клубын, оны нұрсәулеге бөлеп тұрған электр жарығын сүйсіне суреттеп, “Баянның” ертегідегі сынды жақсы тұрмысын тамсана баяндайды.

Бірақ бұл ертегі емес, ақиқат еді. Оны ақиқатқа айналдырған – Сексенбай марқұм және ауылдың еңбеккерлері.

Секең осындай адал еңбегі үшін Ленин, “Құрмет Белгісі” ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Оның екі баласы – Марат пен Мереке көргенді шаңырақта тәлім-тәрбие алғандығын айғақтап, есімдері ел есінде жүр. Үлкені Марат Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облыстық басқармасында қызмет атқарды, Қызылорда, Жамбыл облыстық басқармаларының басшысы болды.

Кіші ұлы Мереке марқұм ұзақ жылдар бойы облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарды.

Осы тұста өзімнің әкем Қажымұрат Үмітбаев жайында да айтуды орынды көріп отырмын. 1987 жылы тоқсан жасында дүниеден озған әкем, жоғарыда айтқанымдай, 1935-1939, 1941-1945 жылдары “Баян” ұжымшарын басқарған. Сәбеңнің “Саяхаттар” жол-жазбасында ол жайлы да жақсы жазылған.

– “Баянды” бүкіл Қазақстан колхоздарының маңдай алдына таластырамыз ба деген ойымыз бар еді, соғыс бөгейтін болды, – деді Хажымұрат ,– деп жазды Сәбең осы жол-жазбасында.

Бір атап айтарым, әкем Ұлы Отан соғысы жылдарына табан ақы, маңдай терімен тапқан еңбекақысын жинап, танк колоннасының құрылысына деп, 60 мың теңге қаражатын аударыпты. Соған орай Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінен оған жеделхат жіберілген екен. Онда: “Құрметті Үмітбаев, Қазақстан КП ОК Сізге Қызыл Армияға көрсеткен көмегіңіз үшін алғыс айтады. Сіздің жеке есепшотыңызда жиналған ақшаңыздан танк колоннасының құрылысына аударылған 60 мың сомыңыз Қызыл Армия жауынгерлерінің неміс-фашист басқыншыларына бұдан да күштірек қирата соққы беруіне көмектеседі” деп жазылыпты. Бұл құжат мұрағатта сақтаулы.

Әкем елге сіңірген еңбегіне орай “Құрмет Белгісі”, “Еңбек Қызыл Ту”, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.

Біздің “Баянда” Социалистік Еңбек Ері Құрманғали Сұрағановтың туғаны есіме түсіп отыр. Ол 1928 жылы дүниеге келіпті. 1967 жылы осы абыройлы атақты иеленген даңғайыр диқан еді. Ленин, “Құрмет Белгісі” ордендерін де алған. Құрманғали ағамызды көзіміз көрді. Ел-жұртқа аса сыйлы азамат болды. Ол жайында жазушы Бақыт Мұстафиннің шағын кітапшасы жарияланған. Алайда, мұны көпшілік жадынан шығарған да болар? Жастар, әрине, қазір Сұраған ағаны біле бермейді.

Ауданды ұзақ жылдар басқарған, оны экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы қатарға шығарған, қартайған шағында туған ауылының тізгінін қолға ұстаған Социалистік Еңбек Ері Есім Шайкиндей шаруашылық басшысын бүгіндері табу оңай емес. Осы тұлғаларды, уақыт өтсе де, қайта бір оралып, елдің есіне салсақ, теріс болмас еді.

Шал ақын ауданының тұрғыны болғандықтан, осы өңірдің еңбектің өрінен де, төрінен де көрінген майталмандарын еске аламын. Бұл қатарда Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Быковский атындағы кеңшардың механизаторы Латып Қоңқаровты, “Приишим” кеңшарында жүгері өсірушілер звеносын басқарған Социалистік Еңбек Ері Алексей Брагинді, “Ступинка” кеңшарының даңғайыр диқаны, трактор-егіс бригадасын басқарған Иван Шунинді бүгіндері облысымыз тұрмақ, өзіміздің ауданымыздың жастары да білмейді-ау деген ойдамын.

Ұлы Абай: “Өмірдің алды – ыстық, арты – суық” дейді бір өлеңінде. Ұлы ой! Біз алдымыздың жылуын ғана сезініп, артта қалған жылдарды, сол жылдарда тірлік кешіп, өшпейтін із қалдырған жайсаңдарды елемейтін болсақ, сол өмірдің артының суығын айғақтай түскеніміз деп ойлаймын.

Маңыбай ҮМІТБАЕВ,

еңбек ардагері.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp