Солтүстікқазақстандық оқушылар арасында техникалық және кәсіби оқу орындары басымдыққа ие.
– Наурыздың 11-і мен сәуірдің 17-сі күндері аралығында өңірлік Кәсіпкерлер палатасының өкілдері 9-11-сынып оқушылары арасында сауалнама жүргізді. Оған Петропавл қаласы мен облыстың 12 ауданында оқитын 10872 оқушының 5064-і қатысты. Сауалнамаға қатысқан респонденттер мектеп бітірген соң таңдаған мамандықтары бойынша қандай оқу орнында білім алғылары келетінін көрсетті, – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Владимир Литвиненко.
Сауалнама нәтижесі бойынша оқушылардың басым бөлігі, яғни 893-і Солтүстік Қазақстан медициналық колледжіне оқуға түсіп, медицина саласының маманы болуға ниетті болған. Екінші орынға негізінен өндіріс шеберлері және өндірістік салаға бейімделген мамандар даярлайтын Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжі жайғасты. Аталмыш оқу орнында оқуын жалғастырғылары келгендер саны 744-ке жетті.
Ал болашақ бағдарламашылар, құрылысшылар, механик, технологтар, бухгалтерлер және т.б. даярлайтын гуманитарлық-техникалық колледж үшінші орынға тұрақтады. Петропавл қаласындағы ең көне колледждердің бірін 681 респондент таңдаған. Петропавл темір жол көлігі колледжі болса төртінші орында. Аталмыш оқу орнында 598 оқушы білім алғылары келген.
Бес мыңнан астам респондент қатысқан сауалнаманың қорытындысы бойынша 600-ге жуық талапкер Қазақстанның басқа өңірлеріндегі оқу орындарына түсуге ниетті. Тізімдегі Құрылыс-экономикалық колледжі (487), Өнер колледжі (281) және М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжі (99) көш соңында болды. 200-ге жуығы Ресей Федерациясының колледждері мен ЖОО-ларын таңдаған. Сауалнама қорытындысы бойынша облыстағы жалғыз жоғары оқу орны – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға баруға үш жүзге жуық оқушы ниет танытып отыр.
“Болашақ абитуриенттер арасында ауылдық жерде орналасқан оқу орындары беделге ие емес”, – деген Владимир Литвиненконың айтуынша, Тайынша Агробизнес колледжін – 20, Қызылжар агротехника колледжін және Жәлел Қизатов атындағы Есiл ауыл шаруашылық колледжiн – 11, Саумалкөл ауылындағы Агротехникалық колледжін – 2, Рузаев Агротехникалық колледжін 1 оқушы таңдаған.
Сауалнамаға қатысқандардың ішінде болашақ оқу орны мен мамандығын таңдап үлгермегендер де болды. Олардың саны 153-ті құрады.
Сағынгүл СӘКЕНОВА,
облыстық Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.