Оның өзін Антейге теңегені тектен-тек емес еді: бойы қандай қапсағай болса, ойы да сондай орасан зор болатын. “Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін”, “Алатау, ассаламағалейкүм!” – деп даласымен де, тауымен де тілдесу оған оп-оңай еді.
Міне, осы Мұқағали осыдан жарты ғасыр бұрын Алматының студент жастары небір өлеңдерін жаттап алған айналдырған екі-үш ақынның бірі еді-ау, шіркін! Оның: “Ат суара барғанда жылғаға сен” немесе “Су сұраса, сүт берген, айран берген” деп басталатын өлеңдерін көздері оттай жайнаған студенттердің талайы тамсанып оқығанда сілтідей тына қалатынбыз. Ал “Автографы” Мұқағалидің мөрі сияқты еді: оны лепіріп оқып шыққаннан кейін үстелді тарс еткізе түсетінбіз. Небәрі үш шумақтан тұратын бұл өлең былай түйінделген ғой:
Сырым да – осы,
Жырым да – осы,
Алдыңда.
Байқашы бір,
Бықсыдым ба, жандым ба?
Махаңдар жоқ,
Махаңдардың сарқыты –
Мұқағали Мақатаев
бар мұнда!
Мұндағы “Махаңдар” дегенін кейбіреулер Махамбет деп түсінсе, қатты қателеседі: себебі, ақынның меңзегені Мағжан екен! Оның есімін де атауға болмайтын есіл сабаз – Мағжанды пір тұтқандығы ұлы ақынның парқына жеткен орынды пайымы еді: екеуі де ел үшін туған топжарғандар. Таспадай тегіс жол көп ақынға бұйырмады ғой: ол да ақтық демі таусылғанша талай теперішті көрді. Бәрінен бұрын пірі зарлап өткен заманды көрмегені қандай ғанибет: Мағжанның басына түскен нәубет ноқтаға басы сыймаған Мұқағалиді нысанасына ала алмады.
“Айтып өткен ақында арман бар ма”, – деп ақындық кредосын өлеңмен өрнектеген Мұқағали өмірде қандай болса, өлеңде де сондай болды: ақиқат жолынан айнымады. Күндес әріптестерінің қара күйе жағуымен “Тентек ақын” атанып кеткен оның: “Менің нәзік жанымды кім түсінер?” – дегені есте.
1965 жылы Алматының бір институтының студенті болып қабылданған мен Коммунистік даңғыл, 105-үй мекенжайында әдебиет айдынының кемесіндей асқақтаған ғимаратқа тоғысқан кілең ығай мен сығай қаламгерлерге өлеңдерімді көрсеткенше бір-екі жыл артта қала берді. Бір күні бара қалсам, араның ұясындай гуілдеп жататын одақ тым-тырыс: бірінші қабаттағы “Қазақ әдебиеті” газеті редакциясының бүкіл бөлмелері жабық тұр. Екінші қабатта да осы көрініс: “Жұлдыз” журналы редакциясының бөлмелерінің есіктерін босқа тартқанымды-ай! Енді қарасам: ұзыннан-ұзақ дәліздің арғы басындағы балконда біреу қанатын қомдаған құстай ұмсынып тұр. “Аға, өлеңімді әкелген едім”, – дедім көкке ұшып кетуге, жерге түсіп кетуге дайын тұрған оған. “Жүр”, – деді де, ол екінші қабаттағы бір бөлмеге жайғасты. Мен торкөз дәптердің бір парағына ғана жазылған үш-төрт шумақтан тұратын “Боран” деген өлеңімнің қол-жазбасын үстелдің үстіне қойдым. Оны қолына алмақ түгіл, көзін де салмаған ол маған: “Қарлығашым, келдің бе?”-ні оқыдың ба? – деді. Қолдан қолға түспей, жұрт пышақ үстінен бөліп алғандай болған бұл кітапты бір-ақ күннің ішінде оқып шығып, егіліп те, төгіліп те жазатын шабытты ақынға тәнті болғанымды білдірместен, басымды ғана изедім. “Қане, оқышы?” – деді ол. Менің “Боранымды” емес, өзінің “Қарлығашын” меңзеп тұрғанын бірден ұғып:
Қарлығашым келдің бе, қаршығадан саумысың?
Аман-есен жүрсің бе айыр құйрық науқұсым, – деп аңырата жөнелдім. Былтыр сыңарынан айрылып қалған қарлығаштың биыл да жалғыз оралғанына жаны ашыған ақынның бұл өлеңіне еміренбеу, тебіренбеу мүмкін емес: мен де теңселе түсіп, оқып тұрмын.
Жыр тынғанда ол менің жағамды ұстауға мәжбүр етті:
– Мен енді өлемін! – деді міз бақпастан.
– Неге? – деппін мен зәрем ұшып.
– Енді бұдан артық өлең жаза алмаймын! – деді ол атып тұрып. Әрбір өлеңі сайын өрлей беруді діттеген ақынның бұл кітабындағы дүниеліктер, шынында да, сайдың тасындай тамаша еді.
Бұл – менің Мұқағали Мақатаевты бірінші көруім. Абырой болғанда, бұл қасаңдықтың құрсауына өзі де, сөзі де сыймаған хас талантты жолықтыруымның басы да, соңы да болмай шықты: қастерлі Қызылжардың топырағына оның табаны екі рет тиді, одан кейін Алматыда сәлем беру үшін бұрылып, мамонтты көргендей талай рет қаумалағанымыз бар.
Жетпісінші жылдардың ар жақ- бер жағы болатын. Кейде жыл сайын, кейде тоқсан сайын Алматыдан аңқылдап жетіп келетін, әсіресе, күзгі егін орағы кезінде үгіт бригадаларының мүшелеріндей топ-тобымен келетін қаламгерлерді өзі қарсы алып, өзі шығарып салып жүретін ақын Мүтәллап Қанғожин жеке батыр тәрізді жалғыз келген Мұқағали Мақатаевты Қызылжар өңірімен таныстыруды, әрине, қазақтың қара шаңырағындай қастерлі “Ленин туы” газетінің редакциясынан бастады. Оның іздеп келе жатқаны бастық та емес, басқа да емес, өлеңнің, өнердің отын маздатқан мәдениет бөлімі болғандықтан, маңдайы кере қарыс Мұқағали – алда, Мүтәллап – артта, екеуі бөлмемізге кіріп келді. Сақалы беліне түскен қария болмаса, басқаларға “Ассалаумағалейкум” деп айта қоймайтындығымызды, яғни орыстанып кеткендігімізді төрде отырған Бақыт Мұстафин де, төменде отырған мен де көрсетіп алғандай болдық: ол да, мен де “Сәлеметсіз бе?”–ден аса алмадық. Бақыт марқұмның қарсысындағы үстел бос еді, Мұқағали соған жайғасты. Кенет Бақыттың төбесінен төніп тұрған Абайдың майлы бояумен салынған портретіне көзі түсіп кетті де: “Ассалаумағалейкүм”, Абай аға!” – деді. Сосын қолына қыса келген жаңа поэмасы – “Аққулар ұйықтағанданың” он шақты беттік мәтінін алдымызға шиыра лақтырып жіберді де:
Отличная поэма! – деді қаса-қана орысшалап.
“Қаз ашуын тырнадан алады” деген рас қой: біздің бөлмеден шыққаннан кейін ол жауапты хатшымыз болған Сабыр Сауытбаевқа бас салыпты: “Сен неге сап-сарысың?” – деп.
Оның бізге көңілі толмағанын кейінірек түсіндік: “Ассаламағалейкүм!” – деп аузымызды толтырып, сәлем бере алмағанымызға ашуланғаны еді бұл.
Совет ауданында болғанында да Мұқағалидің қабағынан қар жауып отырады: ат төбеліндей ғана аз қазақтардың орысша сөйлегендері қытығына тиеді.
Ал іңірде Смирноводағы қонақ-үйдің алдындағы бәйтерекпен “тілдеседі”: “Сен мені танисың ба? Мен Мұқағали Мақатаевпын”, – дептіміс.
“Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын”, –
деген төгіліп тұрған толғау жазған ақынға терек түгіл, тал да ыстық, тау түгіл, тас та ыстық, әрине.
Бір өкініштісі – елпілдеген еңгезердей ақын сол жолы елең ететіндей ешкімді де, ештеңені де көрсете алмаған сияқтымыз: ол өңіріміз жайында өлең жазбады. Есесіне келесі жолы керемет өлең жазды: “Күз бе еді, есімде жоқ, көктем бе еді”, – деп басталатын туындысы. Қызылжарымыздың топырағын басқаны болмаса, қаланы да, даланы да көрместен-ақ жазылған бұл өлеңді керемет демей гөр?! Өлеңнің аты – “Ақынның ауылы”. Әрісі – Шал ақын, берісі – Мағжан сияқты саңлақ шайырлар шыққан өңірімізді қасаң тілмен “Қызылжар” немесе “солтүстік” деп атамай, бейнелі тілмен “Ақынның ауылы” деп елжіреген екен. Осылайша өлеңнің өлкесіне балаған елімізді, көлімізді, желімізді – бәрін де көрмек, білмек болып алыстан арсалаңдап жеткен ақын ойындағысын орындады: “Ақынның ауылын” қағазға түсірді.
Оның “Ақынның ауылы” өлеңін кітабынан көргенімде жалғыз өзімнің қол шапалақтағаным бар. Хикаясын Мүтәллап екеуміз ғана білетін бұл өлең жоғарыда айтылғанындай “Күз бе еді, есімде жоқ, көктем бе еді?” деп басталады. Дәл осылай мойындау, кімнің қолынан келеді?! “Ақынның ауылы” деп аңсап жеткен ол қайда келгенін, әрине, білді, бірақ қай маусымда келгені есінде жоқ еді…
Туған топырағымызға “Ақынның ауылы” деп дабырайтып баға берген Мұқағалидің аруағынан айналсақ болмай ма?!
Жетпісінші жылдардың ортасында жарық дүниемен қоштасқан және де әулиедей өзінің қырық бес жаста мәңгілікке көз жұматынын құлпытасқа қашап жазғандай өлең қылып қалдырған Мұқағалиді тоғыз жыл бойы студент болған мен талай рет көрдім. Ол көзі тірісінде аңызға бергісіз адамға айналғандықтан, көргенімнен гөрі естігенім қызықтырақ сияқты: алдымен соны айтайын. Қылышпен қиып түсіргендей кесіп айтатын Мұқағалидің аузынан шыққан сөзді зиялылар да, жастар да – бәрі де қағып алушы еді. Әттең, қуанып емес, қуарып тұрып айтқан сөздерін қоғамдық-саяси газетке жариялаудың да жөнін табу қиындау. Таудың басында тұрып: “Алматының ауасы қандай қапырық”, – деп жазса, мұны қуанғаны деп біліңіз!
Мұқағали – лирик те, эпик те екендігін бірден паш еткен ақын. Оның күрделі тәсіл – кілең тоғыз буынмен жазылған “Ильич” атты поэмасын мақтамаудың ретін ешкім таба алмады. Одан кейін Маркс туралы “Мавр” деген поэма жазды. Бірақ Әбділда Тәжібаевтің өзі батасын берген ақынның бақталастары көбірек екен: оның жақсы аты шықпады. Тұстастары Қадыр да, Тұманбай да алған сыйлық оған бұйырмақ түгіл, бір күні Жазушылар одағының мүшелігінен де шеттетілді. Сонда ол күйінішін Бауыржан Момышұлына былай білдіріпті: “Жалпақ Мәскеуді қорғап қалғаныңызда жалғыз мені қорғай алмағаныңыз не?” Баукең болса: “Қапаланба, қалқам! – депті. – Ақындықтың алтын тағы – сенің астыңда!”.
Ақындықтың алтын тағы кімге бұйыратынын көзі тірісінде болжай алған кім бар, қане?! Десе де ол өзінің тарихта қалатынын анық сезді! “Шаң басқан архивтерден табылармыз” дегенді Фариза арқылы бүкіл халқына айтты. “Мұқағали Мақатаев бар мұнда!” – дегені уақытпен бірге жапырақтай сарғаятын “Автографы” ғана емес, мәңгілік мөрі!
Жоғарыда айтқанымдай, сырттан оқыған студент кезімізде бұрынғы Киров көшесіндегі ҚазМУ-дің бас ғимаратына күн сайын бара жатқанымызда немесе келе жатқанымызда көшедегі орындықта оңаша-оқшау отыратын Мұқағалиға сәлем бермей өтпейтін салтымыз бар. Ақиқатты айтудан тайсалмайтын оның еркін ойдың адамы екендігін түрінен де, киімдері де көрсетіп тұратын: шашын тарай қоймайды, сықиып киінгенін де көрген емеспін. Тынығу үшін тізесін бүккен саяжайшыдай маңдайы жіпсіп отыратын ақынның көйлегінің қисайған жағасын түзеген бір студентке: “Қайбір дүние орнында тұр дейсің?!” – деп тіл қатқаны есімде.
Құр атқа мінгендей қунақ қалпында кездескен кездері де болды. Сондай сәттерінің бірінде: “Мен сау жүргенімді аналар көрсе, буынып өлер еді”, – деп дүркіреп аты шыққан екі ақынның есімдерін тұспалдап еді.
Ойы да, бойы да зор Мұқағали біздің алдымызда аласарған жоқ. “Жүріңіз, сыра ішейік!” деуге біз бата алмадық, өйткені ол мұндай емеурін білдірген емес.
Әйгілі ақынның демі таусылуға таянғанда жарық көрген кітабының ныспысы да есімде: “Өмір-өзен” еді. Ауруханаға түскенінде ажал аузында тұрғанын анық аңғарған ол бір кітапты толтыратын өлеңдер жазды. Тура келген ажалдың алдында өзі емес, өлеңдерімен аңыраған ақынның қаламынан сорғалаған жырға емес, зарға құлағымызды тосқанымызда еркек басымызбен егілгеніміз-ай!.. Және де мен морт сынған бәйтеректей Мұқағалидің мәңгілікке көз жұмғанын Алматыда жүргенімде естідім. Дәлірек айтқанда, “Лениншіл жас” газетінен көрдім: онда ақын Аян Нысаналиннің қазанама орнына алғысөзі берілген Мұқағалидің “Реквиемі” басылды. Бұл Мұқағалидің өзіне-өзі жазған ғажайып қазанамасы еді-ау!..
Көзі тірісінде жанын қоярға жер таба алмаған адуын ақын өмірден осылай өтті. Ең күйініштісі сол – “өлгеннен кейін екінші өмірі басталды” деген таптаурын сөйлем ақиқатқа айналды: күні бүгінге дейін есімі аузымыздан түспей келе жатқан оның даңқы жер қойнына тапсырылар-тапсырылмаста аспанға бір-ақ шықты. Мен, әсіресе, оның Алматыдағы тас мүсініне тамсанамын: жаны жай тапқан бір сәті бейнеленген ескерткіші ерекше! Баукең болжағанындай, ақындықтың алтын тағында отырған кейпі көрініс тапқан мұндай сәтті бейне, мәңгілік бейне ұлы Абайдан басқа тас мүсіндердің көбінде жоқ…
Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.