28 наурызда қалалық Мәдениет үйінде “Оралхан оқулары” байқауы өтіп, осы сында сегіз үміткердің ішінен гуманитарлық-техникалық колледждің бірінші курс студенті Назерке Бейсенбиеваның жұлдызы жарқырап, бас жүлдені және облыстық байқауға жолдаманы жеңіп алғанды.
Біз көркемсөз оқудың жеңімпазымен сұхбат өткізуді ұйғарып, оны әңгімеге тартқан едік.
– Көркемсөзді жатқа оқудың өзіне тән ерекшелігі болады. Ол өлең оқудан өзгеше, сондықтан айрықша зейінділікті, жаттау қабілетін талап етеді. Сіз бұған қалай машықтандыңыз?
– Менің ойымша, бұл ерекшелік адамның бала кезінен қалыптасады. Ең алдымен табиғат дарытқан дарыны болуы керек деп ойлаймын. Зейінділік, есте сақтау қабілетің, оқыған баянды мәнерлеп жеткізе білуің бала кезіңнен бастап, күнбе-күнгі өмір-тірлігіңде өзіндік машықтауыңа байланысты.
Мен он тоғыз жастамын. Нағыз қазақ ауылында, Шал ақын ауданындағы Жаңажолда туып, ержеттім. Демек, өскен ортам туған тілімді қаныма сіңірген алтын бесік болды десем, артық емес.
Жан-жағымнан ана тілімнің әуезі естіліп, бойыма нәр болып тарап, әлдилеп тұрса, мен оған қалайша жетік болмаймын?
Өскен ұямда көрген тәрбием, алған тәлімім осыған лайықтады. Әкем Сәрсенбек қарапайым еңбек адамы, жылқышы болса да, әдеби шығармаларды сүйіп оқиды. Сондықтан ағам Ерболат, сіңлім Қызғалдақ және өзім осы әдеби кітаптармен көзімізді аштық. Марқұм анам Баян өмірден озғалы үш жыл болды. Ол ауылдық округте қызмет істеп, әлеуметтік міндеттерді атқарды. Үй тәрбиесіне қоса, сабағымызды үнемі қадағалап, әдебиетті, туған тілді ардақтауды үйретті, өнерге баулыды. Үнемі тақпақтар жаттатып, өзі тексеріп отыратын.
Зейінділік, жаттау қабілеті маған кішкене күнімнен қалыптасты ма, деп ойлаймын. Өйткені, анам ағам Ерболатқа тақпақ жаттатқызып отырғанда, мектепке бармаған мен зердеме одан бұрын құйып алады екенмін.
– Бұған мектепте оқытқан мұғалімдеріңіздің де ықпалы тиген шығар?
– Әрине, мұны жоққа шығара алмаймын. Бізге әдебиет пәнінен көрші Кеңес ауылының тумасы, Жаңа-жолдың келіні Баянды Жүкенова сабақ берді. Ол – СҚМУ Тіл институтының түлегі. Жақсы мұғалім. Балалардың әдебиетке құмарлығын оята біледі. Абайдың, Мағжанның, Мұқағалидың, Мұхтар Шахановтың өлеңдерін, Оралхан Бөкейдің лирикалық прозаларын үнемі оқытып, жаттатып машықтандырды. Осы ұмтылыстың арқасында менің төл әдебиетімізге деген сүйіспеншілігім арта түсті.
Сондай-ақ, авар халқының аса көрнекті ақыны, дағыстандық Расул Ғамзатовтың қазақ тіліндегі аударма өлеңдерін өзіме ұнағандықтан іздеп жүріп, сүйіп оқитын болдым.
Осы орайда тағы бір ұстазым Жанат Мұхамеджановты айтпай кете алмаймын. Ол біздің Шал ақын аудандық мәдениет бөлімінде әдістемеші болып қызмет істеді. Мен бесінші-алтыншы сыныптарда оқып жүргенімде аудандық, кейін жоғары сыныптарға ауысқанда – облыстық байқауларға қатысып, жеңістерге ие болып жүрдім. Бұл жеңістер өздігінен келе қалды деп мақтанғым келмейді. Оларда Жанат ағайдың сіңірген еңбегі, қолтаңбасы бар. Ол осы байқауларға, әсіресе, облыстық сынақтарға қатысарда менің арнайы даярлануыма, сахнаға бейімделуіме, дыбыс, үн ырғағымды жаттықтыруға көп күш жұмсады. Қазір Жанат ағай ауданның Приишим ауылындағы орта мектепте әдебиет пәнінен сабақ береді.
– Сіз әдебиетке, тілге осындай қабілетіңіз бола тұра техникалық мамандықты неліктен таңдадыңыз?
– Мұның ешқандай құпиясы жоқ. Әуелгіде мен өнер колледжінің актерлік бөлімінде білім алуды ұйғардым, осы қалаған оқуға түстім де. Жасыратын несі бар, үйдегілер бұл қадамымды аса құптай қоймады. Алайда, алған бетімнен тайғым келмеді. Оның үстіне, ән саламын, биді де олқы билемеймін.
Бірақ колледже мені фортепьянода ойнауға машықтану қинады. Мұның өзіндік сыры – бала бұл аспапта ойнай білуі үшін кішкене күнінен саусақтары, буындары қатпай тұрып, машықтануы керек екен. Ал шалғайдағы қазақ ауылында бұған жағдай бар ма? Сондықтан, қанша талаптанып, тер төксем де бұл аспап икеміме көне қоймады. Сол себепті гуманитарлық-техникалық колледжге ауысып, бағдарламашы мамандығын игеруге ден қойдым. “Өнерді үйрен де жирен” демекші, мұның да бір кәдеге асатын күні болар. Бірақ алдымда – журналистика мамандығын алу мақсаты тұр. Түбінде оған да қол жеткізетініме сенімім бар.
Александр Мерк басқаратын бұл колледжді таңдағаныма өкінбеймін. Оқуға, өнермен айналысуға, тиянақты білім алуға барлық жағдайлар жасалған. Адамның жетістігі өзінің ұмтылысына байланысты ғой. Соған осындай қолайлы жағдай жасалып отырса, нұр үстіне нұр емес пе?! Ерінген емес, еңбек ете білген биікке өрлейді десем, бұл колледж алдыңнан барлық мүмкіндіктің жолын ашып, соған сай білім алуыңа жәрдемін жасап отыр.
Көркемсөзді жаттап алу ғана емес, оны тыңдарман ортаға жеткізу үлкен шеберлікті қалайды. Сол ортаны – көрермендерді баурап алу оңай емес қой. Осыған сай болу үшін ұзақ дайындаламын. Мысалы, Мұқағалидың “Аққулар ұйықтағанда” поэмасы үш тараудан тұрады. Алғашқысы – “Жетім көлде” Күн сәулесіне, Ай нұрына шомылып жүзіп жүрген бәйкүнә аққулар, екіншісі – жас сәбидің кенеттен науқасқа шалдығып, тәуіп шалдың аққудың қанын жағып емдеу керек деген кеңесі, сол нұсқаумен баланың әкесі аққуды атудан бас тартып, шешесінің бейкүнә құс төресін жазым етуі, үшіншісі – өлген сыңарын жоқтаған аққудың “Жетім көлді” аза күйіне бөлеуін көрген басқа бір қарттың әйелді жазғыруы. Бұлар бейнебір психологиялық драмадағы көріністер іспетті. Оның үстіне, Мұқағалидың ақындық шеберлігі, ұйқастары, тапқырлықтары, іштей қарама-қайшылықтар мені баурап алды. Бірақ бұл поэманы бір дауыспен, бір ырғақпен оқып шығудың қажеті жоқ. Ондай жағайда тыңдарманға әсер ете алмайсың. Мені ұстаздарым осылайша баулыды. Әр оқиғаның, баянның өзіндік ерекшелігін ескеру керек.
– Ал, прозалық шығармаларды қалай жаттап, жадыңызда сақтайсыз?
– Әдетте, әр адамның баянды оқитын, жадында сақтайтын мезгілі болатын сияқты. Мысалы, мен өзім таңсәріде жаттағанды ұнатамын. Жас күнімнен соған машықтанғанмын. Ешкім кедергі жасамайды, өзіңмен-өзің ғанасың. Сондайда бөгде еш адамнан тыныштық сақтауды талап етпейсің. Жылдар бойы қалыптасқан бұл әдетім жаңылдырып көрген жоқ.
Таңсәріде оқыған баян жадымда күні бойы сақталады. Ертеңіне тағы бір қайталаймын.
Мен өзі, табиғатпен сырласқанды ұнатамын. Мүмкін кейбіреулер “Романтикаға, қиялға берілген” деп те ойлар. Ойлай берсін. Табиғаттың күш-қуаты рухани нәр емес пе? Мысалы, біздің ауылдың етегін ерке Есілдің толқыны шайып өтеді. Тынымсыз, мәңгілік тіршілік іспетті. Мен поэзияға құмартқанда үнемі Есілмен сырласушы едім. Сол суреттер өмір бойы жадымда сақталады. “Жартасқа бардым, күнде айғай салдым, одан да шықты жаңғырық” деп, Абай айтқандай, оқыған өлеңдерімді, көркемсөзді Есіл толқыны зерде-зейініме қайта құйып жатқандай әсерге бөленемін.
– Алдыңызда облыстық байқаулар тұр. Оларда жеңіске жетуден үміттісіз бе?
– Әрине, бұл сынақтар қалалық байқаудан әлдеқайда күрделі, әрі қиындау боларын сеземін. Өйткені, оған өңірдің сүт бетінде қаймақтары тоғысады. Бірақ өзіме сенімдімін. Бәрі бабыңа байланысты ғой. Өзіңді ұстай білсең, сахна мәдениетін жақсы меңгерсең, жадың жаңылдырмаса, облыстық байқау соншалықты алынбас асу емес.
Бірақ өзімді-өзім қамшылауым керек. Еңбек, даярлық биікке жеткізеді. Білімің де соған сай болғаны жөн.
Өнердің, шеберлігіңнің биігі – тыңдамасты тыңдату, ойланбасты ойға шомдыру. Бұл жан-тәніңмен берілген сөздің құдіреті, жырдың қуаты ғой. Ұлы Абайдың “Өзгеге көңілім тоярсың” деген өлеңінде мынадай шумақ бар:
Тыңдамаса еш адам,
Өз жүрегім толғансын.
Әр сөзіне қарасын,
Іштегі дертім қозғалсын!
Мұндай сөз құдіретін танытатын, өнеріңді паш ететін сынақтарға жай ғана қатысушы емес, тыңдарман қауымға ой салатын, оларды елтітетін, әсерге бөлейтін, өзіңнің ішкі көңіл-күйіңді ақтаратын адаммын деп ойлауың керек.
– Алдағы облыстық байқауда да Сізге жеңіс тілеймін! Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.