Театр көрермендерді тартуға үнемі талпынуы керек. Мұны жас көрермендерді баулудан бастаған жөн дегенді сахна өмірінің білгірлері үнемі айтып кеткен, әлі де солай. Осы мақсатпен біз де репертуар саясатында жас көрермендерді баулуды естен шығармаймыз. Бүгінгі таңда театрымыздың репертуарында ересектерге арналған он алты спектакль бар. Олар – орыс, қазақ, шетелдер классиктерінің шығармалары бойынша қойылымдар. Сондай-ақ, драматургтердің балаларға арналған туындыларының желісіндегі спектакльдер қойылады. Бұлар – тоғыз спектакль.
Осы орайда мен балалар мен жасөспірімдерге арналған қойылымдар туралы айтуды ұйғардым. Олай болса, өткен жылы осы аудиторияға арналған 111 спектакль қойылып, оларды 17625 адам тамашалады. Бұл қойылымдардың ішінде 34-і ауылдық жерлерде көрсетілді.
Біз балалар мен жасөспірімдердің театрға ынтасын тудыру үшін Петропавлдың жоғары және орта арнаулы оқу орындарымен, мектеп-термен тығыз байланыс орнатып келеміз. Осылардың ішінде, әсіресе, “БЭСТ” гимназиясының, №2,7,8, 10,32,43 орта мектептердің оқушылары театрға ықыласпен келеді.
Оқу орындарының мәдени жұмыстарын ұйымдастырушылардың талап-тілектерін ескере отырып және оқушылар мен студенттерге қолайлы болуы үшін кешкі спектакльдер бұрынғыдай сағат 18-19-ға емес, 17-ге көшірілді. Ал балаларға арналған қойылымдарды сағат 11-12-де көрсететін болдық.
Билеттердің бағасына да тиісінше өзгеріс енгізілді. Мәселен, егер көрермен кешкі спектакльге билетті орта есеппен 1 мың теңгеге сатып алса, оқушылар мен жастарға билет құны – 400-500 теңге. Балалар үшін билет 400 теңге тұрады.
Соған қоса, осы жастардағы аудиториямен оқтын-оқтын сауалнама жүргіземіз. Бұл сауалдарда олардың қандай қойылымдарды көргілері келетіні анықталады да, біз репертуар жасағанда олардың осы ықыластары мен мүдделерін ескеріп отырамыз. Бұл орайда бізге қаладағы кітапханаларда жастармен өткізілетін сыр-сұхбаттардың беретіні көп. Театрымыздың Анатолий Наргеленас, Евгений Патешкин, Ирина Полищук, Алексей Никулин сияқты сахнагерлері, біздің ұжымымыздың шығармашылық жастары сол кездесулердегі пікірталастарға белсене қатысады.
Репертуарымызда көрермендерді қазақстандық отаншылдыққа баулитын спектакльдерге көңіл бөлеміз. Туған өңіріміздің тұғыры биік тұлғаларының Отанға деген перзенттік сүйіспеншілігін, олардың жасампаздығын жастарға үлгі ететін туындыларды ұсынып, келешек ұрпақтың бойында патриоттық сезімдерді қалыптастыруға ұмтыламыз. Сәбит Мұқановтың “Шоқан Уәлиханов”, Виктор Шалаевтың “Мағжанның соты” спектакльдері осындай қойылымдар болып табылады.
“Мағжанның соты” спектаклі Орталық Азия елдері театрларының 2008 жылы Алматыда өткен ІІ халықаралық фестивалінде “Қазақстандық сахнада тарихи тұлғаны тамаша бейнелегені үшін” аталымында лауреат атанды.
Театрдың репертуарына көз салып, спектакльдердің мазмұнына бойлаған адам бұл қойылымдардың тәлім-тәрбиені, рухани тағылымды дәріптеуге қоса, жастарды орыс, қазақ, шет- ел классикасымен таныстыруға бағыт ұстайтынын аңғарар еді. Осылардың ішінде Александр Островскийдің “Найзағай”, Италияның классикалық комедиясының негізін салушы Карло Гольдонидің “Шарапханашы бикеш”, америкалық драматург Джон Патриктің “Қымбатты Памела”, поляк драматургы Славомир Мрожектің “Эмигранттар”, қазіргі ресейлік автор Виктор Ольшанскийдің “Он үшінші жұлдыз” пьесалары бойынша спектакльдер жастардың көңілінен шығуда.
Жастарға арналған спектакльдеріміз де жоқ емес. Валентин Катаевтың “Шым-шытырық махаббат” пьесасы осыған сай. Онда өткен ғасырдың аумалы-төкпелі жиырмасыншы жылдарындағы жастардың өмірі, махаббаты, адасуы, табысуы суреттеледі.
Ал әлем әдебиетінің алыбы, ұлы қазақ драматургы Мұхтар Әуезовтің “Қарагөз” трагедиясының желісінде қойылған осы аттас спектакль жастардың қайсысын бейжай қалдырмақ?! Соған орай жас көрермендер ХІХ ғасырдағы қазақ жастарының өмірінен алынған ақиқатпен танысты.
Театрымыз 2013 жылдың 24-30 маусым күндері аралығында Екатеринбургте өткен қазіргі драматургия фестивалінде Урал драматургы Анна Богачеваның “Патша шыршасы” ертегісі (режиссері Елена Сакович) бойынша спектакльді көрсетті. Біз осында екі бірдей диплом иелендік. Біріншісі – фестивальдың жүлдесі болса, екінші диплом балалардың рухани әлеміне бойлағаны үшін берілді.
Ақтөбе қаласында 2013 жылдың 23-29 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы драма театрлары көрнекті драматург-жазушы Тахауи Ахтановтың 90 жылдығына арналған фестивальда өнерлерін сынға салды. Біз онда режиссер, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Юрий Ханинга-Бекназар сахналаған “Қарагөз” спектаклін көрсеттік. Әсіресе, жастардың ықыласына бөлендік.
Астананың 15 жылдығының құрметіне арналған фестивальға қатысқан біздің театрымыз М. Горький атындағы академиялық орыс театрының сахнасында Джон Чепмен мен Дейв Фрименнің “Екі адамның қолындағы кілт” комедиясын шығарып, мерекелік естелік дипломмен марапатталды.
Людмила ЛОШАКОВА,
Н. Погодин атындағы облыстық
орыс драма театрының әдебиет
бөлімінің меңгерушісі.