Шағын және орта бизнесті қалыптастыру және оны дамыту – ел экономикасын нығайтудың алғышарттарының бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ол жөнінде өзінің ой-тұжырымдарын мінбелерден талай айтып жүр. Биылғы Жолдауда да Қазақстанның болашағы оның аграрлық секторында екенін баса айтқан Президент Үкіметке шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындарының желісін құруды міндеттеді, Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналу қажеттігін меңзеді. Жақында Мемлекет басшысы қазақстандық кәсіпкерлерге алаңсыз жұмыстарын істеуге мүмкіндік беру үшін орта және шағын кәсіпкерлікке тексеріс ұйымдастыруға мораторий жариялады. Біздің өңіріміз елімізде агроөнеркәсіп кешенінің тізгінін ұстап отырған басты облыстардың бірі болғандықтан, тұрғындар осы бағытқа басымдық беріп отыр. Өңірімізде сүт, ет және ұннан жасалатын өнімдер өңдеумен айналысатындар қатары қалың және олардың арасындағы бәсекелестік те жоғары. Содан да болар, азық-түлік өнімдері нарығында 15 жыл еңбек етіп келе жатқан солтүстікқазақстандық “Шаров В.Н.” жеке кәсіпкерлігі басшысының орынбасары Надежда Шеремей түйінді мәселелерге көбірек тоқталған.
– “Шаров В.Н.” жеке кәсіпкерлігі – шұжық өнімдерін және жартылай фабрикат тағамдарын шығарумен айналысып, бүгінде өз беделін қалыптастырып алған серіктестік. Алайда, бұл саланың алдыңғы шебінде жүру үшін қашанда ізденіс үстінде болу шарт. Шығарған өнімдердің қазақстандық, тіпті, әлемдік стандарттарға сай болуы басшыға да, оның қол астындағы еңбеккерлерге де үлкен міндет жүктейді. Кез келген тауар өндіруші салалық бәсекелестіктің қайығында нығыз отыру, сондай-ақ, өзін де, қарамағындағыларды да табысты ету үшін күрескер болуы керек. Сондықтан бізге де елдегі экономикалық қиындықтан, кезең-кезеңімен өтіп жатқан жаһандық дағдарыстан, жақында болған теңгенің девальвациясынан еңсемізді түсіріп алмас үшін бар ынта-жігерімізбен жұмыс істеуге, тың идеяларды жүзеге асыруға тура келеді, – дейді ол.
Осыдан бір жыл бұрын кәсіпорын ұжымы өнімнің түрлерін кеңейтіп, дайындалатын шұжықтың жаңа түрін қолға алған еді. Ол “шикілей қақталған шұжық” деп аталады. Ондай өнімдер шығаруға өңіріміздің басқа кәсіпкерлері әлі кірісе қойған жоқ. Жаңа технологиямен өндірілетін өнім мемлекеттік стандарттың барлық талаптарына жауап бере алады. Өнім түрлері таза шикізаттан жасалғандықтан, оның нарықтағы бағасы арзан болмаса да, сұраныс күннен-күнге өсуде. Бұл бүгінгі тұтынушының сапа көрсеткіштеріне аса мән бере бастағандығының белгісі болса керек.
– Бұл таза шикізаттан жасалатын өнімдер. Шұжықтар өзіндік дәмімен, иісімен, табиғи құнарлылығымен ерекшеленеді. Өнімнің дайындалу технологиясы ұзақ. Бір партияны дайындап шығару үшін бір айға жуық мерзім талап етіледі. Бұл өнім түрлерін нарыққа шығарғанымызға бір жылдың ғана айналасы болса да, тауар үлкен сұранысқа ие болып отыр, – дейді Надежда Васильевна.
Надежда Шеремей 45 адамды жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкерліктің бүгінде өңіріміздегі іргелі тауар өндірушілерінің қатарынан көрінуіне оның директоры Виктор Шаров ұйытқы болып отыр деп біледі. Виктор Николаевичтің мамандығы құрылысшы болса да, оның тамақ өнеркәсібіне бет бұруының да өз себебі болған.
– Өткен ғасырдың соңғы жылдарында қоғамымызда кәсіпкерлікке деген үлкен бетбұрыстың бар екенін аңғарған Виктор Николаевич өз бизнесін бастауға ден қояды. Ол құрылыс саласының тоқырап қалған кезі. Кеңестік дәуірде шұжық өнімдері қат болып, жұрттың осы тауарға деген сұранысы жоғары екендігін байқаған ол бұл кәсіпті ойланбастан қолға алады. Әрине, кез келген бизнестен нәтиже шығару үшін жоспарлы әрекет, мақсатты бағыттар мен іскерлік қабілет керегі анық. Сондай-ақ, өз ісіңді ұтымды бастау үшін қаражат та керек. Алайда, қалтадағы аз ақшаны айналымға салып, одан үлкен нәтиже шығара білетін де іскерлер болады. Солардың бірі – Виктор Шаров. Ол кезде елді мекендерде өсірген малын өткізе алмай жүретін шаруалар аз болмайтын. Қоғамдық ортаның даму үдерісіне сараптама жасай білген ол 3-4 адамның басын қосып, шикізат алатын орынды белгілеп, жеке кәсіпкерлігіне жол салады. Бизнес тетіктерін дөп басуға табиғи болмысы жақын адам 2-3 жылдың ішінде кәсіпкерлігін аяғынан тік көтерді деуге болады, – деп басшысына оң мінездеме берген Надежда Васильевна кәсіпорынның бүгінгі ахуалына тоқталды.
Оның айтуынша, кәсіпкердің басты ұстанымдарының бірі – өндіріс құрал-жабдықтарын шамасы келгенше жаңғыртып отыру. Әлбетте, соңғы 2-3 жылдағы жаһандық дағдарыс бұл кәсіпкерлікке де ықпал етіп, аталмыш кәсіпорынның табыстылығы төмендеп кеткен. Оның үстіне австриялық компанияның құрал-жабдықтарын алған несие қаражатының да өтемі бар. Бұл несиеге “Бизнестің Жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы бойынша демеуқаржы беріліп, кәсіпкерлікке үлкен көмек болғаны да айтылды.
– Адамгершілігі жоғары адам тек өзінің қара басын ойламайды. Бүгінгі таңда оны толғандыратын басты мәселе – еңбеккерлерінің жалақысын көтере алмай отырғандығы. Ал осыдан 3-4 жыл бұрын біздің кәсіпорында жұмыс істейтіндер басқаларға қарағанда әлдеқайда жоғары еңбекақы алатын. Ал қазіргі таңда орташа жалақы 50 мың теңгеден аспай отыр, – дейді басшының орынбасары.
Аталмыш кәсіпкерлік Есіл және Шал ақын аудандарында өзінің шикізат жинайтын орталықтарын іске қосқан. Соның өзі де өндірісті қажетінше шикізатпен қамтамасыз ете алмай, кейбір мал етін сырт өңірлерден тасымалдауға мәжбүр етуде. Бұл шикізатты арзанға алып, өндірілетін өнімдердің бағасын шарықтатпаудан туған әрекет. Шұжық өнімдері мен жартылай фабрикат тағамдарының 70-ке жуық түрін шығаратын кәсіпорын үшін біраз шикізат керегі сөзсіз.
Ал өнімдерін шетел нарығына шығару ісінде көптеген кәсіпкерлер қиындық көріп отырғаны белгілі. Осы орайда бизнестің бағыты тамақ өнеркәсібі болса, оның үстіне тауар таза шикізаттан жасалып, оның сатылу мерзімі қысқа болса, жағдай тіпті күрделене түседі. Сондай-ақ Кеден одағына мүше елдер шұжықтың түр-түрімен біздің нарықты жаулап алғанын да көріп жүрміз.
– Біз, біріншіден, өз нарығымызды бағындыруымыз керек. Жұрт бүгінде сырттан тасылып жатқан азық-түліктердің сапасына күмән келтіре бастады. Тұтынушының талабы жоғарылаған. Ендеше, біздің табиғи шикізаттан жасалған тауарларымыз ерте ме, кеш пе, толықтай мойындалып, жұрт тек өзіміздің отандық тауарларға көшетініне сенімдімін, – деген ойын білдірді Надежда Шеремей.
Кәсіпкерліктің төңірегінде басқа да өзекті мәселелер бар. Солардың бірі кадрлар қалыптастыруға келіп тіреледі. Өндірісте ет сылушы, қалыптаушы, термиялық өңдеуші мамандары жетіспейді. Осы салада бұрыннан бері еңбек етіп жүрген білікті мамандар кадр мәселесін шешуге қолғабыс тигізіп, өндіріс басында тәлімгерлікпен айналысуға тура келеді. Надежда Васильевнаның айтуынша, бұрындары өңірімізде осы ет өнімдері саласы бойынша мамандар даярлайтын №5 кәсіптік-техникалық училище болған. Ол жабылып қалғаннан бері бұл сала мамандарының жетіспеушілігі қатты сезіліп келеді.
– Мен салалық жиындарда, семинарларда осы мәселені көтеріп-ақ жүрмін. Өйткені, өңіріміз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысып, одан табыс таба алатындай жағдай болса, осы бағытқа неге басымырақ көңіл бөлмеске? Кадр мәселесі шешілмесе, ертеңгі күні бұл салада еңбек етуге ыңғайы бар адамдар болмай қалады, – дейді “Шаров” жеке кәсіпкерлігі директорының орынбасары Надежда Шеремей.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.