Облыстық Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен құрылған энергетика саласындағы мәселелерге арналған консультация орталығы бизнес өкілдері жүгінуінің 75 пайызын шешті.
Үстіміздегі жылдың 17 сәуіріне дейін “СевКазЭнерго” АҚ-ның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары орталықтың жұмыс регламентіне сәйкес 5 қабылдау өткізді.
– Орталық жұмыс істей бастағаннан бері бізге 29 жеке кәсіпкерлік субъектісі, сол сияқты, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары өз мәселелерімен келді. Олардың көпшілігі өндіріс орындарын электр қуатына қосу, электр қуатын арттыру, тариф белгілеу, шарт жасасу, техникалық жағдайына сәйкес берілген жұмыс көлемін орындау мәселелерін көтереді, – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.
Жүргізілген сараптама бойынша бүгінгі күнге дейін орталыққа келіп түскен 21 өтінім (75%) оң шешімін тапқан. Мысалы, жеке кәсіпкер Т.Вансович екі жыл бойы тұтыну қуаттылығын арттыру арқылы электрмен жабдықтау үшін шарт жасаса алмай келген. Консультация орталығына жүгінгеннен кейін оның мәселесі шешілді.
Шешімін тапқан мәселелердің ішінде “Партнер Авто” ЖШС директоры Б.Рақымовтың жылу желісі, нақтырақ айтқанда, шығынды есептеу жайлы өтініші де бар. Қабылдау кезінде “Петропавл жылу желілері” ЖШС-нің бас инженері кәсіпкердің проблемалық жағдайын қарап, жеткілікті түрде кеңес берді. Сонымен бірге тараптар кәсіпорынды жылу қуатымен қамтамасыз ету туралы келісімге қол жеткізді.
“СевКазЭнерго” АҚ-ның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары жекелеген жағдайларда көрсетілген қызметке берешек мәселелерін де қарайтындығын атап айтқан жөн.
– Белгілі бір себептермен борышы қордаланып қалған жеке кәсіпкер Б.Қанафин біздің орталыққа келген еді. Қалыптасқан жағдай реттеліп, екі жақ өзара келісімге келді, – дейді Жеңіс Қазиев.
Кәсіпкерлер палатасында энергетика саласындағы мәселелерге арналған консультация орталығын құру туралы келісімге өңірлік кеңестің мүшелері үстіміздегі жылғы 14 қаңтарда қол жеткізгенін еске саламыз. 27 қаңтарда орталықтың жұмыс регламенті әзірленіп, айына екі рет бейсенбі күндері қабылдау жайында “СевКазЭнерго” АҚ басшыларымен келісілді. Орталық жылу және электр қуатын пайдалану мәселелері бойынша жеке кәсіпкерлік суъьектілерінің өтініштерін қарау үшін қабылдау өткізеді. Оның басты мақсаты – энергиямен жабдықтау ұйымдары қызметінің мөлдірлігін, энергетика инфрақұрылымдарының қолжетімділігін, кәсіпкерлік субъектілердің оң имиджін қалыптастыруды қамтамасыз ету.
Сағынгүл СӘКЕНОВА,
облыстық Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.