Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңында кәсіподақ ұйымдары, прокуратура және кәсіпкерлік палатасы өкілдерінің қатысуымен “Жұмыс орнында химиялық заттарды пайдалану кезінде еңбекті қорғау” тақырыбында семинар-кеңес өтті.
Семинарды ашқан Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Амантай Сейфуллин еңбектегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне жете көңіл бөлінбеуінің салдарынан, орны толмас оқиғалардың кемімей отырғанын мәлім етті. Өткен жылы өңір кәсіпорындарында 73 қайғылы оқиға орын алып, 13 адамның жұмыс басында көз жұмғаны осының айғағы.
Қайғылы оқиғалар жұмыс берушінің өндіріс қауіпсіздігін жете қадағаламауымен қоса, жапа шеккендердің қауіпсіздік шараларын білмеуінен, ақауы бар көліктер мен құрылғыларды пайдалану салдарынан орын алуда. Ол туралы облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы қауіпсіздікті бақылау және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Бақтияр Жанбутин мәлімдеді. Өткен жылы инспекторлар облыстағы 737 кәсіпорынды тексеріп, еңбек заңын бұзудың 1968 фактісін анықтаған.
Семинар-кеңесте әр саланың мамандары химиялық заттардан улану кезіндегі алғашқы медициналық көмек көрсету, медициналық тексерістен өту, әлеуметтік серіктестік арқылы еңбек қауіпсіздігін жетілдіру, жұмысшыларды арнайы киімдермен жабдықтаудың экономикалық тиімділігі жайында сөз алды.
Жиын соңында өткен жылғы атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша бірқатар кәсіпорындар мен инженерлер облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.