“Аграрлық несие корпорациясы” АҚ – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау жасайтын қаржылық құрылымдардың бірі. Корпорация “ҚазАгро” Ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы болып табылады. Акционерлік қоғам бірқатар жылдан бері аграрлық өнеркәсіптің барлық саласын қамтитын бірнеше несиелеу бағдарламалары бойынша жемісті жұмыс атқарып келеді. Оның қажеттілігі, әсіресе, ауыл шаруашылығының қауырт науқандық жұмыстары қарсаңында анық сезіледі. Корпорацияның қаржылық көмегіне көбірек қол созатындар ондағы өзгерістер мен жаңалықтарға құлақ түреді. Айталық, корпорация арқылы қаржыландыру көзінің республикалық бюджеттен Ұлттық қорға ауыстырылу мүмкіндігі және оған қаржы бөлінудің тым ұзаққа созылуы шаруа қожалықтарын абдыратып тастаған болса, бұл мәселе жуырда министрлікте қайта қаралып, қаржыландыру тетіктері бұрынғы қалпында қалатын болып шешілді. Яғни, несиенің пайыздық ставкасы жылдық 4 пайызда қалады. Бұл корпорациядан қаржылық көмек алатындарды қуантып отыр. Соған байланысты “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ облыстық филиалының директоры Серік Ахметбековке жолығып, қаржылық ұйымның жұмысы жайында кеңірек әңгіме өрбітудің сәті түсті.
– Серік Мәркенұлы, алдымен осы жұрт алаңдап отырған жайға тоқталып, қаржыландыру көзі мен несиенің жылдық өсім ставкасы жайлы айтып өтсеңіз?
– Осы мәселені жуырда облыстық кәсіпкерлер палатасындағы “дөңгелек үстел” басындағы жиында сөз еттік. Қаржыландыру көзі Ұлттық қорға ауыстырылып, пайыздық ставкасы бұрынғы 4,0 пайыздан 5,2-ге өсетін болған еді. Бірақ, ол осы сәуір айына дейін шешіле қоймай, жақында министрлік оны бұрынғы тәртіпте қалдыратын болып шешті. Республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 10 млрд. теңге қаржы бөлінді, енді ол корпорацияның қаржыландыру бағдарламалары бойынша жергілікті жерлерге жете бастайды. Берілетін несиелердің жылдық ставкасы 4,0 пайыз, егер ол тауар өндірушілеріне ауылдық кредиттік серіктестіктер арқылы берілетін болса, олардың маржасымен қосып есептегенде 7-9 пайызды құрайды. Мәселенің осылай оң шешімін табуы өңір аграршыларының көңілінен шығуы тиіс.
– Енді несие корпорациясының қаржыландырудың қандай бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізіп отырғанына тоқталсаңыз. Олардың қандай ерекшеліктері бар?
– Біздің облыстық филиал қаржыландырудың негізгі алты бағыты бойынша жұмыс жүргізеді. Соның ішінде кең ауқымдысы – кредиттік серіктестіктерді несиелеу бағдарламасы. Корпорациямыздың қатысуымен барлық 13 ауданда кредиттік серіктестіктер құрылған, олар облыстың 457 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін біріктіреді. Бұл ауылдағы несиелеудің тиімді жүйесі болып табылады, өйткені ол ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көпшілігіне қолжетімді. Корпорация арқылы бөлінетін кредиттік қаржы айналым қорын толықтыруға, ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтарын алуға, мал сатып алуға, ауыл шаруашылығы дақылдарын қайта өңдеуді қаржыландыруға және құс шаруашылығын дамытуға беріледі.
Сонымен бірге, көктемгі-дала және орақ жұмыстарын қаржыландыру, “Сыбаға” бағдарламасы бойынша қара мал сатып алуды кредиттеу бағдарламалары да біршама сұранысқа ие. Көктемгі-дала және орақ жұмыстарын қаржыландыруға биылғы жылы сомасы 842,5 млн. теңгенің 11 өтінімі түскен болса, соның ішінде 357,5 млн. теңгенің 3 өтінімі қазір қаралу үстінде, 275,5 млн. теңгенің 6 өтінімінің кепілдік шарттары тіркелу кезеңінде, ал 209,5 млн. теңгенің 2 өтінімі бойынша несие қаржысы тауар өндірушілердің қолына тиді. Етті бағыттағы ұрғашы ірі қара мен бұқалар сатып алуды несиелеу бағдарламасы бойынша 7 өтінім түсіп, олардың 6-уы 36,8 млн. теңгеге қаржыландырылды.
Бұлардан басқа ауылдық жердегі кәсіпкерлік қызметінің ауыл шаруашылық емес түрлерін, өңдеу және тамақ өнімдері өндірісін жүргізетін АӨК субъектілерін және Аграрлық несие корпорациясының өз қаржысының есебінен несиелеу бағдарламалары жұмыс істейді. Осы үш бағдарламаның тамақ өндірісінен басқасында әзірге түскен өтініш үшеу, олар негізгі және айналым қорларын толықтыруды көздейді. Соның ішінде бір өтінім бойынша қаржыландыру жасалып, Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның “Войт Н.Я.” жеке кәсіпкері айналым қорларын толықтыруға 500 мың теңге несие алды.
– Осы несиелеу бағдарламалары бойынша тағы қандай қосып айтарыңыз бар?
– “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ы негізінен ауылдық кредиттік серіктестіктермен жұмыс істейді. Қаржыландыру көлемі жыл сайын өсіп келеді, мысалы, 2011 жылы 189 қатысушыны 2278,5 млн. теңгеге қаржыландырсақ, 2012 жылы 231 қатысушы – 3133,1 млн. теңге, ал өткен 2013 жылы 262 қатысушы 3711,0 млн. теңге несие алды. Бұл көрсеткіш бойынша облыстық филиал корпорациядағы алғашқы үштіктің қатарына енеді. Салыстыру үшін айтар болсақ, көрші Қостанай облысында өткен жылы ауылдық кредиттік серіктестіктерді қаржыландыру көлемі 1612,5 млн. теңгені құрады.
Сондай-ақ, бұл жерде кейбір проблемалық мәселелерді де сөз етпеске болмайды. Айталық, жекелеген серіктестіктердің жаңа қатысушылар тарту мен несие қорын игеру жөніндегі белсенділіктері төмен. Мысалы, Айыртау ауданындағы “Шалқар” кредиттік серіктестігі 150 млн. теңге несиелеу лимитінің – 42 пайызын, Ақжар ауданындағы “Ақжар-Кредит” кредиттік серіктестігі 102 млн. теңгенің 50 пайызын ғана игерді. Сол сияқты, мерзімі асқан берешектерін өндіріп ала алмай жатқандары да бар. Оған тағы сол “Шалқар” КС-іне қатысты мысал келтіруге болады. Ол өтем мерзімі екі жылдан асқан “Агро – ВЕВ” ЖШС-індегі 11,9 млн. теңге берешегін қайтара алмай жүр. Ал Уәлиханов ауданындағы “Қызылту-Несие” КС-іне “Ақтүйесай Жер” ЖШС-і мерзімі үш жылдан асқан 17,4 млн. теңге берешек.
Жоғарыда аталған несиелеу бағдарламалары бағыттары бойынша ауылдық кредиттік серіктестіктердің өздері несие береді. Тек оған несиелеу шарттары сәйкес келсе болғаны.
– Солардың біреуіне, атап айтқанда, көктемгі-дала және орақ жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржыландыруға тоқталып, оларға қойылатын талаптар мен шарттарды айтып берсеңіз?
– Көктемгі-дала және орақ жұмыстарын несиелеу ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен 1 гектарға жұмсалатын шығындар нормативтеріне сәйкес жүргізілетін болады. Оның жылдық сыйақысы – 5 пайыз, ол екінші деңгейлі банктердің және “ҚазАгроГрант” АҚ-ның кепілдіктерімен кепілдендіріледі, оның мерзімі 2014 жылдың 30 желтоқсанына дейін, ал несиелеу мерзімі 1 желтоқсанға дейін, сыйақы мен негізгі қарыз берешектерін жабу несиелеу мерзімі аяқталған соң. Басқа несиелеу бағдарламаларында жылдық сыйақы мөлшері 14 пайызды құрайды, қарыз сомасы мен несиелеу мерзімдері әртүрлі.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.