«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “…Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз… Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек, – деген болатын.

Осы мақсаттың орындалуы барша қазақстандыққа зор міндет жүктейді. Ал оларды бағыттап, бағдарлап отыратын біздің мемлекеттік тілді оқыту орталығының да атқарар жұмысы ауқымды.  

Мемлекеттік қызметшілер мен қарапайым тұрғындарға мемлекеттік тілді, сондай-ақ, ағылшын мен орыс тілдерін оқыту мақсатында жоспарлы түрде тегін курстар ұйымдастырады. Бүгінде өңіріміздің аумағындағы 119 топта 2459 адам мемлекеттік тілді, 4 топта 99 адам ағылшын тілін, 7 адам орыс тілін үйренуде. Тыңдаушылардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейлері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұлттық тестілеу орталығы бекіткен “Қазтест” жүйесі бойынша тексеріледі. 2013 жылдың наурызында 1140 адам осы сынаққа қатысып, оның 117-сі республика деңгейіндегі сертификатты иеленсе, мамыр айында Петропавл қаласындағы 66 топтың 854 тыңдаушысы, маусымда аудандарда 2338 адам сынаққа түсіп, тіл меңгеру деңгейінің кезекті сынынан өтті. Олардың ішінен 312 адам мемлекеттік тілді жетік меңгергенін растайтын сертификатқа қол жеткізді.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, насихаттау жұмыстары да орталықтың басты назарындағы шаралардың бірі. Осыған байланысты тыңдаушылар арасында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, өткен жылдың маусымында Мамлют ауданының “Искра” сауықтыру лагерінде “Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте” байқауы өткізіліп, оған қала бойынша – 5, аудан бойынша 5 топ қатысып, соңында байқаудың жеңімпаздары анықталған болатын. Ондағы І орынды – “Егемен елдің сұңқары” командасы, ІІ орынды – “Алғыр” командасы, ІІІ орынды “Ақ жүрек” командасы иеленгенді.  

Ел Тәуелсіздігі күніне арналған “Тіл – ел бірлігі” олимпиадасы да өзге ұлттар мен ұлыстар арасында мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасы мол жастардың қатары толығып келе жатқандығын тағы бір дәлелдеген шара болды. Оған қатысқан Светлана Августинская, Мария Чернышова, Расита Алханова сынды тыңдаушылардың есімдерін ерекше атауға болады.

Орталықтағы мамандардың білімін жетілдіру мақсатында оларды облыстық, республикалық семинарларға қатыстырып, оқытушылардың біліктілік сапасы арттырылып отырылады.

“Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын” жүзеге асыру барысында 2013 жылы аудандағы білім, денсаулық, спорт саласындағы мекемелердің басшыларына “Қаз-тест” жүйесін таныстыру мақсатында семинарлар өткізілді. Орталықтың басшылығымен өткізілетін сабақтардың барысын тексеру мақсатында қала және аудан топтарында рейдтер жүргізіліп тұрады.

Орталық оқытушылары Р. Әзімбаева мен Г. Темірбаева әзірлеген типтік бағдарламаның А1 қарапайым деңгейі бойынша “Қарапайым қазақ тілі” оқулығы 250 данамен басылып шықса, ал 2013 жылдың желтоқсанында осы оқулықтың “Жұмыс дәптері” әзірленді.

Тілдерді дамыту мен қолдануға арналған мемлекеттік бағдарламада белгіленгендей, қазақ тілін оқыту орталықтарының аккредиттелген желісін құру мемлекеттік тілді меңгеру жүйесінің қажетті құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Сондықтан аккредиттеуден өткен мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының үлесіне 2014 жылға 30 пайыз болса, 2017 жылы оның көрсеткіші 70 пайызға, 2020 жылға қарай 100 пайызға көтерілуін көздейтін талап қойылған. Соған байланысты орталық қызметкерлерін аккредиттеуге дайындау мақсатында 2013 жылғы қаңтар айында оның ережесі жасалып, орталық және аудан әдіскерлері мен оқытушылар аттесттаудан өткізілді.

2013 жылғы қараша айында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің тапсырысы бойынша “Іскер” бизнес академиясы әзірлеген “Тіл орталықтарын аккредиттеу жүйесінің әдіснамасы” бойынша біздің орталық республика аумағында аккредиттеудің 3 кезеңінен өткен бес орталықтың бірі болды. Алдағы уақытта 4-ші шешуші кезең күтіп тұр.

Тәжірибе алмасу мақсатында республикалық орталықтармен меморандумға отырып, 2014 жылы өткізілетін шаралар жоспары жасалуда. Сонымен бірге, тілдерді оқытудың халықаралық тәжірибесімен танысу үшін Түркия Республикасындағы Гази университетінің жанындағы ТОМЕР “Түрік тілін оқыту, зерттеу және тәжірибе орталығымен” меморандумға қол қойылып, осы бағытта жұмыс жүргізілуде.

Былтыр орталық мамандары өңірімізде мемлекеттік тілдің оқытылуы жайлы мониторинг жасап, онда 101 мекемеге хат жазып, оның 29-да мемлекеттік тілдің оқытылмайтындығын анықтады. Қазіргі таңда барлық мекемелерде мемлекеттік тілдің оқытылу қажеттігін көтеріп, оң шешімін шығару үшін жұмыс жүргізілуде.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: “…Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн”, – деп алдымызға үлкен мақсат қойып отыр. Барша этнос өкілдерін біріктіретін ана тіліміздің мерейін үстем етуге баршамыз атсалысайық!

Жанат МҰХАМЕДЖАНОВ,

СҚО Мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp