«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ ТИІМДІ ТӘСІЛІ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Самат Ескендіров “Единство” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, ірі панельді үй құрылысына қажетті құрылыс материалдарын өндіру мақсатында жаңғыртылып жатқан кәсіпорынның жағдайымен танысты.

Бұрынғы темір-бетон шығаратын зауыттағы жұмыс ұзақ уақыт бойы тоқтап тұрған болатын. Бүгінде кәсіпорын соңғы технологияларды пайдалана отырып, алдағы бір-екі жылдың ішінде жаңа жүктемемен жұмыс істеуді, нақтырақ айтқанда, ірі панельді үйлерді салуға арналған бетонды жабын бұйымдарын жасап шығаруды жоспарлап отыр. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап іске кіріскен кәсіпорынның жұмысымен танысқан облыс әкімі Самат Ескендіров ірі панельді үй құрылысы Елбасының баспана бағасын арзандатудың тапсырмасын жүзеге асыруға көмектесетінін айтты.

– Үкімет басшысы макроэкономикалық көрсеткіштерді қолдауда ішкі қорды пайдалануға қатысты бірқатар тапсырмалар берген болатын. Бұл ретте әр кәсіпорынның ішкі қорын ғана емес, сондай-ақ, оның өнімдерінің облыс ішінде сатылуына ықпал жасау міндеті тұр. Жақында құрылыс саласының бір топ маманы Ресейдің Санкт-Петербург қаласына барып, ондағы бірқатар компаниялардағы ірі панельді үй құрылысы технологиясының жұмысымен танысып қайтты. Жаңа технология құрылыс материалдарының бағасын арзандатумен қатар, оны жасап шығару ісін де біршама жеделдетпек , – деді өңір басшысы.

“Единство” ЖШС-нің директоры Игорь Коровин де қайта жабдықтау нәтижесінде өндіріс көлемін 7 есеге арттыру көзделіп отырғанын жеткізді. Зауытты жаңғырту ісіне 70 адам жұмылдырылыпты. Алғашқы өнімді мамыр айында шығару жоспарда бар.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp