Өңірімізге “Аялаған Астана!” республикалық байқауының өкілдері келді. Оған облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында жергілікті өнерпаздардың арасынан үздіктерді іріктеді.
– “Аялаған Астана!” республикалық балалар байқауы – казақстандық жасөспірімдердің дамуына әсерін тигізетін іс-шаралардың бірі. Республикалық балалар байқауы 3 кезеңнен тұрады: іріктеу, жартылай финал, финал. Әділ бағаны қазылар алқасы беретін болады. Өткен жылғы байқаудың жеңімпазы болып танылған көкшетаулық Болат Батырбаев Ресейде алтыншы орынға тұрақтаған болатын, – деді телекүнделіктің жүргізушісі, әнші Батыржан Тазабеков.
Оның айтуынша, байқауға 8 және 12 жастағы балалар эстрадалық музыка жанрында қатыса алады. Өңірлік іріктеуден өткен жас дарындардың 12 қатысушысы Астана қаласында өтетін жартылай және ақтық кезеңге жолдама алып, телевизиялық шоуда поп-музыка жанрында өнер көрсетпек.
Аталмыш шарада Петропавл қаласы мен көрші аудандардан келген 20 дарынды оқушы өнер көрсетті. Жас дарындардың өнерін бағалаған Айқын Төлепберген жергілікті тілшілерге іс-шараның ұйымдастырушылық жұмысын Астана қалалық әкімдігі мен Игорь Крутой басшылық ететін “АРС” атты белгілі ресейлік компания қолға алып отырғандығын хабарлады.
– Республикалық деңгейде қолға алынып отырған жобаның іріктеу барысында қатысушылардың вокалдық өнеріне ерекше мән беріледі. Жартылай финалда әр қатысушының шығармашылық тұрғыдан өсуін, сольфеджио, хореография, актерлік шеберліктерін Мәскеудің атақты режиссері Лина Арифулина бастаған арнайы педагогтер тобы қадағалайтын болады, – деді әнші.
Байқау жеңімпазы өз өнерін әрі қарай дамытуға 1 миллион теңге сыйлықпен марапатталып қана қоймай, сонымен бірге Артекте өтетін “Балалардың жаңа толқыны – 2014” халықаралық ән байқауына Қазақстан атынан қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.