Петропавл қаласындағы №9 орта мектепте облыстық Жастар бастамалары орталығының ұйымдастыруымен жоғары сынып оқушылары арасында мамандық таңдауға байланысты дебаттық турнир өтті. Оған облысымыздың 10 мектебінің өкілдері қатысты.
“Барлық мамандықтар маңызды, барлық мамандықтар керек!” турнирі оқушылардың кәсіп туралы көзқарастарын қалыптастыру және таңдаған мамандықтарының дұрыстығын ұғынуға мүмкіндік туғыза отырып, олардың бойындағы шешендік өнерін дамытуды көздеді.
Дебат зияткерлік ойыны барысында оқушылар командаларға бөлініп, берілген тақырыпты талқылады. Ұсынылған тезистің реті бойынша қазылар алқасына өз дәлелдерін ұсынды. Облысымыздың оқушылары шешендік шеберліктерін көрсете білді.
Дебаттық турнирдің қорытынды кезеңіне Петропавлдағы №7 орта мектептің, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың, әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің, қалалық классикалық гимназияның оқушылары шықты. Әр топ өзінің пікірін дәлелдеуге тырысты. Нәтижесінде 3-орынға қалалық классикалық гимназияның оқушылары тұрақтаса, 2-орынға №7 орта мектеп оқушылары ие болды. Шешендік жағынан да, өздерінің мамандық жөніндегі ұстанымдарын дәлелдеу тұрғысынан да Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың оқушыларына төтеп беретін ешкім болмады. Сөйтіп, бұл білім ошағының оқушылары кубокты жеңіп алды. Өзге командалардың барлығы дипломдармен және турнирге қатысқандары үшін сертификаттармен марапатталды.
Зарина АҚАМБАЕВА,
Солтүстік Қазақстан облыстық
Жастар бастамалары орталығының
ақпараттық-консультациялық бөлімі
басшысының міндетін атқарушы.