Кеше облыстық әкімдікте өңір басшысының орынбасары Владимир Балахонцевтің төрағалығымен төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы болып өтті. Онда облыстың су тасқынына әзірлігі мәселесі талқыланды. Оған ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің директоры, генерал-майор Диханбек Сатылғанов қатысты.
Облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы, өртке қарсы қызмет полковнигі Павел Филиппов комиссия мүшелеріне Қызылжар өңірінде су тасқынына байланысты қалыптасқан жағдайды баян етті. Павел Владимировичтің айтуына қарағанда, су тасқынының “екінші толқыны” келеді деп күтілуіне байланысты Есіл өзеніндегі су деңгейі көтеріле түседі, сондықтан оның арнасынан төмен орналасқан елді мекендерді су басуы мүмкін деп болжануда. Қолданылған шаралардың арқасында су тасқынының бірінші кезеңін апатсыз өткізу қамтамасыз етілгенін департамент бастығы атап айтты.
Отырыс барысында Есіл өзені бойында орналасқан Петропавл қаласы мен аудандардың әкімдерінің орынбасарлары тыңдалды. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері су тасқыны кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша атқарылған жұмыс жайында баяндап, тұрғындарды олардың салдарынан қорғауға арналған алдағы шараларды анықтады.
Баяндамашыларды тыңдағаннан кейін генерал-майор Диханбек Сатылғанов жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар қызметтерінің және министрліктің аумақтық бөлімшелерінің жауапкершілігі жайында айта келіп, тұрғындарды төтенше жағдайлардан сенімді қорғауды қамтамасыз етуге тоқталды.
– Біз тұрғындарды судың жайылуының салдарынан қорғау үшін ықтимал төтенше жағдай кезінде жедел қимылдап, оларды жоюды және залалын барынша азайтуды қамтамасыз етуіміз қажет, – деді Диханбек Жанқоразұлы.
Отырыстың соңында облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев Петропавл қаласы мен аудандар әкімдерінің орынбасарларына, АҚ және ТЖ қызметтеріне, Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке жиында сөз болған мәселелерді жүзеге асыруға байланысты бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Отырыс аяқталғаннан кейін генерал-майор Диханбек Сатылғанов су жайылу қаупі төніп тұрған Заречный және Былғары зауыты шағынаудандарын аралады, Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жеке құрамымен кездесіп, ағымдағы кезеңге нақты тапсырмалар берді. “Біз тұрғындарды су қаупінен қорғау үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет”, – деді Диханбек Жанқоразұлы.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.