Қайда болмасын оқу орнын бітірген студент жастардың бірден жұмысқа орналасуы қиын.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де “Нұр Отан” партиясының Саяси менеджмент мектебінің ұйымдастыруымен өткен арнайы семинар-тренингте осы мәселені шешу жолдары қарастырылды.
Саяси менеджмент мектебінің сараптама және үйлестіру секторының жетекшісі Досхан Құдайбергеновтің айтуынша, бұл тренингтерге негізінен ЖОО-ның соңғы курстарында оқып жүрген студенттер тартылған.
– Семинар барысында студенттерге “Қазақстан – 2020” Стратегиясы туралы баяндама, республика бойынша еңбек нарығына талдау жасалды. Сонымен қатар түйіндеме толтырып, әңгімелесуден дұрыс өту сияқты жұмысқа орналасудың технологиялары түсіндірілді. Барлығы 300 адамды оқытып жатырмыз, – деді Досхан Құдайбергенов.
Семинар-тренинг барысында студенттер республикалық “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелде білім алу мүмкіндіктерімен де танысты. Сонымен қатар, тыңдаушылар нарықта сұранысқа ие мамандықтармен таныстырылып, алдағы уақытта жұмысқа тұру жолдары жайлы кеңес алды.
Шарада спикер ретінде сөз алған Ақмарал Найзабекова, Әйгерім Бекішева, Әйгерім Нұкыпова және Бауыржан Тоқтазы қатысушыларға “Жұмысқа орналасу технологиясы”, “Көшбасшылық қабілеттер мен менеджмент негіздері” тақырыптарында тәжірибелік сабақтар өткізді. Ал www.Moomkin.kz сайтының өкілдері “Әлеуметтік желілер және нетворкинг арқылы жұмысқа орналасу” тақырыбында таныстырылым жүргізіп, болашақ жас мамандарға қызмет табу жолында әлеуметтік желілерді қолдану тәжірибесімен бөлісті. Семинар-тренинг соңында қатысушылардың барлығына арнайы сертификат табысталды.
Екі айға созылатын шара барысында 9 қаланың студенттерімен кездесулер өткізілмек.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.