«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮН ТӘРТІБІНДЕ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында мемлекеттік орман қоры аумағындағы өрттің алдын алу және өртке қарсы күрес, көктемгі-дала жұмыстарын ұйымшылдықпен өткізу, 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы мәселелер қаралды.

Табиғат ресурстары және табиғатты реттеу басқармасының басшысы Қабиден Сәдуақасов облыс аумағындағы орман алқаптарының аумағы 549 мың гектарды құрайтындығын, оны өрттен қорғау шараларымен 12 мемлекеттік орман шаруашылығы, 29 орман пайдаланушы айналысатындығын сөз етті. Өткен жылы орман шаруашылықтарына 13 “УАЗ” автомобилі, 120 бүріккіш-ауаүрлегіш, 10 арнайы орман соқасы сатып алынды. Қолданылған шаралардың нәтижесінде орман өрті өткен жылы едәуір қысқарды.

Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серікбай Тұралиновтың айтуына қарағанда, биылғы егістік алқабы 4 млн. 340 мың гектарды құрайды, оның 3 млн. 382,4 мың гектарына дәнді және дәндібұршақты дақылдар себу жоспарланған. 2 млн. 883,4 мың гектарға бидай себіледі. Бидай алқабы басым дақылдар алқабын кеңейту есебінен 2013 жылға қарағанда 61,9 мың гектарға азайып отыр. Көктемгі егіс үшін 519,9 мың тонна тұқым әзірленді, 61 мың тонна тыңайтқыш алуға келісім жасалды, жеңілдетілген жанармай алуға 208 өтінім беріліп, оның 116-сы қаржыландырылды.  

Әкімдік отырысы барысында Самат Сапарбекұлы Айыртау, Ақжар, Аққайың, Жамбыл аудандарының әкімдерін тыңдап, кемшіліктерді дереу жоюға тапсырма берді.

Өңір басшысы отырыс барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге берілетін кредит мәселесін де пысықтап:

– Алдағы қауырт науқанды ұйымшылдықпен өткізуге қажетті барлық шаралар жасалды. Оның қалай іске асып жатқандығын көктемгідала жұмыстары кезінде байқайтын боламыз, – деді.

Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Ысқақов 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның Қызылжар өңірінде қалай жүзеге асып жатқандығына тоқталды.

Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов өңір басшысының тапсырмасы бойынша индустриялық-инновациялық дамуға байланысты атқарылып жатқан шараларға сараптама жүргізіпті. Соған орай облыстың индустриялық даму жағдайына индустрияландыру, тоқтап тұрған нысандар, жер байлығын пайдалану, инвестициялар тарту, экспортқа бағдарланған кәсіпорындар деген сияқты 17 позиция бойынша талдау жасады. Ерлан Мұратұлының айтуынша, іске қосылған 28 жобаның 5-еуі жоспарлы қуаттылығына, 15-і жобалық қуаттылығына шыққан жоқ. 21 жоба Индустрияландыру картасына мүлдем кірмей қалған. Солар жайлы айта келіп, Ерлан Әукенов сол салдарлардан туындайтын экономикалық тиімсіз жағдайларға нақты мысалдар келтірді.

Облыс әкімі Самат Ескендіров сараптамада айтылған жағдайларға аудан басшыларының назарын аудара келіп, оларға барлық жобаларға түгендеу жүргізуді, жаңа жобаларға өтінім беруді, инвесторлар тарту бойынша шаралар қолдануды тапсырды.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp