Ұзақ уақыт облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатты басқарған Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, еңбек ардагері В.И. Кондратова редакцияға жолдаған хатында балалар үйі тәрбиеленушілерін қала мектептерінде оқыту жөніндегі бастамаға алаңдаушылық білдіріпті. Біз байырғы ұстаздың хатын жариялай отырып, осы мәселеге қатысты облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Қалғожинадан түсінік беруін сұраған едік.
Мәселе мынада. Президент Әкімшілігі басшысының 2013 жылғы 19 сәуірдегі №1224-1 құжаты бойынша балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін қоғамда әлеуметтендіру мақсатында жетім балаларға арналған ірі мектеп-интернаттарды қайта жаңарту тапсырылған болатын. Мұндай шешімге себеп болған онай: мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері өз-өздерімен болып, бөлек оқиды, қаладағы отбасыларының балаларымен бірге қарым-қатынаста болмайды. Бұл олардың келешекте қоғамда әлеуметтік қатынастарға бейімделуіне кері әсер етеді. Сондықтан балалар үйлерінің жанындағы мектептерді жауып, олардағы тәрбиеленушілерді қалалық мектептерде оқыту керек деген ұсыныс жасалды.
“Мен мектеп-интернатта 20 жыл директор болып қызмет атқардым. Бұл мекеменің ерекшелігін жақсы білемін, сондықтан да өз пікірімді білдіргім келеді, деп бастапты хатын Валентина Ивановна. Петропавлдағы облыстық жетім балаларға арналған мектеп-интернат орналасқан шағынауданда орта білім беретін қалалық мектеп жоқ. Сондықтан балаларды қалалық мектептерге таңертең (мүмкін, екінші ауысымға да) автобуспен тасымалдау керек. Бұл көптеген қиындық туғызады. Өйткені, балалар үйінде 26 орындық жалғыз автобус бар, ал оқушылар саны –170. Ең жақын №23 мектепке дейін шамамен 3 шақырымдай жер. Балаларды ерсілі-қарсылы тасымалдау үшін бірнеше рет қатынау керек. Біреулерінде 4-5, екіншілерінде 6-7 сабақ оқиды. Оқушыларға аязды, боранды күндері қосымша жылы киімдер қажет. Ал сабақтар екі ауысымда болса, Балалар үйінің көп жылдар бойы қалыптасқан режімі бұзылады.
Тіпті, мектеп ғимаратын “Жасөспірімдер үйіне” беру туралы да ойлар айтылып жатса керек. Онда балалар үйі жанындағы мектептің ғимараты қандай күйге түседі? Жылдар бойы арнайы жабдықталған оқу кабинеттері басқа мекемеге беріле ме? Сынып бөлмелерінен не қалады? Бұлай етуге болмайды, өйткені, 20-23 жастағы жастардың мүдделері мүлде басқа және 30-35 оқушыға арналған биіктігі 3 метр үлкен сынып бөлмелері жеке адамдардың тұруына қолайсыз емес пе?
Мүмкін, сондықтан да жоғары жақтан нақты бұйрық емес, жергілікті жерлердің жағдайына қарай реттеуге ұсыныс жасалып отырған болар? Меніңше, бұдан шығудың басқа жолы бар:
– жетім балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың жанындағы орта мектептің бөлек ғимараты жатақханамен тек жалпы дәліз арқылы жалғанған. Жатақхананың жеке қосалқы есігі бар (қосымша тамбур жасауға да болады). Меніңше, бұл жақсы жабдықталған мектепті қалаға беріп, қалалық жалпы білім беретін орта мектеп қылып, сол жердегі салынып жатқан шағынауданның оқушыларын балалар үйінің тәрбиеленушілерімен бірге оқытса, әлдеқайда тиімді сияқты. Онда мектеп ғимараты да, кабинеттер жабдықтары да, педагогтер ұжымы да сақталып, Балалар үйі мен оқушылар саны толық емес сыныптарды ұстап тұруға жұмсалатын мемлекет қаржысы үнемделер еді;
– сонда сыныптарды қаладан келіп оқитын оқушылармен толықтыруға мүмкіндік туады. Мұндай тәжірибе 2003 жылға дейін қолданылып келген болатын;
– мұндай жағдайда балалар үйінің тәрбиеленушілері қаланың қатардағы отбасыларынан келіп оқитын оқушылармен сабақта ғана емес, одан тыс уақытта да әртүрлі пәндік үйірмелерде, спорт секцияларында, тағы басқа да ұжымдық шараларда бірге болып танысып, жақындасар еді;
– балалар үйінің тәрбиеленушілерінің қалыптасқан режімін сақтау бұл санаттағы оқушылар үшін өте маңызды;
– жуық арада бұл шағынауданда жаңа мектеп салудың қажеттілігі туындамай, мемлекеттік қаржы үнемделер еді, – деген ұсынысым бар.
30 жыл бойы игілікті жұмыс атқарып келе жатқан мектепті қирату оп-оңай, ал содан кейін қайтадан жабдықтау, қайта құру, бірнеше жылда білім ошағын жаңадан салу, меніңше, жөнсіз де тиімсіз.
Балаларға да, мемлекетке де пайдалы, дұрыс шешім қабылданатынына сенемін”, – дейді хатының соңында В.Кондратова.
Құрметті оқырмандар, өздеріңіз де аңғарған боларсыздар, қарт ұстаздың хатында біраз жайлар айтылған. Осыған білім саласы басшыларының не ін білмек болып облыстың Білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Қалғожинаға жолыққан едік.
– Күлпаш Әміржанқызы, балалар үйінің тәрбиеленушілерін қалалық мектептерге көшіру туралы шешім қабылдауға не себеп болды?
– Білім және ғылым министрлігі балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілерді әлеуметтендіру мәселесіне де ерекше алаңдаулы. Бүгінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың проблемалары мемлекет пен психологтардың, педагогтердің, социологтардың назарында. Олар балалар үйлері мен интернаттардың тәрбиеленушілерін қоғамға бейімдеу үшін қажетті жағдай жасауға бағытталған амалдарды іздестіруде. Өткен оқу жылында Астанадағы балалар үйлерінің 176 тәрбиеленушісі қаланың №8 және №16 орта мектептеріне оқуға жіберілді. Осы уақытта жүргізген талдау көрсеткеніндей, бұл балалардың қоғамға бейімделулерінде оң нәтиже бар. Бүгінде еліміздің 5 өңірінде жалпы білім беретін мектептері бар 6 балалар үйі және 4 мектеп-интернат жұмыс істейді. Соның ішінде біздің облыста 316 баланы тәрбиелеп, білім беріп отырған 2 ұйым бар. Елбасының тапсырмасы бойынша қолға алынған Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі басшысының 2013 жылғы 19 сәуірдегі №1224-1 тапсырмасын негізге ала отырып, Астана қаласының тәжірибесін біз де 2014-2015 оқу жылынан Петропавлда орналасқан облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған мектеп-интернатта енгізе бастаймыз. Қазір оқу жылының соңына дейін балаларды осы мектеппен таныстырып, ондағы іс-шараларға қатыстырып, бейімдеу мақсатында Білім басқармасының мамандары іс-шаралар жоспарын жасады, ол жұмыс жүргізілуде. 2014 жылдың 1 қыркүйегінен аталмыш мекеменің бастауыш сынып оқушыларын қаладағы №9 орта мектепте оқыта бастаймыз. Одан әрі балаларды әлеуметтендіру кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
– Әлеуметтендіру тәрбиеленушілерге не береді?
– Олар бір мекеменің ішінде өзара ғана араласады, ешқайда шықпайды, сондықтан оларды қоғамға бейімдеу қажет. Біз балаларды үлкен өмірге дайындауымыз керек. Олар өмірде ненің жақсы, ненің жаман екенін біліп өсулері, ақ пен қараны ажырата білулері тиіс. Интернатта олардың жағдайлары жаман емес, тамақтары тоқ, киімдері көк. Демеушілері жан-жақтан көмек көрсетеді. Мемлекет тарапынан оларға қамқорлық ерекше. Дегенмен, оларды әлеуметтендіру қажет, тіпті олардың жалпы білім беретін басқа мектептерге баруы, ондағы балалармен қарым-қатынаста болуының өзі бүгінгі интернаттағы жағдайдан бөлек, онда орта басқа. Мектептерде дарынды балалармен араласады, түрлі шараларға, конкурстарға қатысады, бір-бірімен достасады. Мектепте де, интернатта да балалардың тамақтары, үйірмелері, қызығушылықтары бойынша секциялары, тағы басқалары ұйымдастырылады. Сондықтан осының барлығы балалардың болашағы үшін қолға алынып отыр. Бұған біржақты қарамау керек. Мәселе – мемлекеттен жұмсалатын қаражатта емес, балаларда. Балалардың тәрбиесі қаржымен өлшенбейді. Бұл шараның көздеп отырғаны – балаларды өмірге дайындап, жайлы жағдай жасау.
– Балалардың қала мектептеріне қатынаулары қалай шешілмек?
– Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңы бойынша бүгінгі күні қала балалары өздерінің оқығысы келетін мектептерін таңдауға құқылы. Жұмысшы кентінің, басқа да шағынаудандардың балалары қалалық автобуспен классикалық гимназияға, қазақ мектеп-гимназиясына, №20 мектептерге қатынап оқып жүр. Бүгінгі таңда Қызылжар ауданындағы Архангелка ауылындағы, Ғ. Мүсірепов атындағы аудандағы баспаналардағы тәрбиеленушілер сол ауылдардағы жалпы білім беретін орта мектептерде, Петропавлдағы “Балалар ауылындағы” қазақ отбасының 9 баласы қазақ мектеп-гимназиясында, Корольковтар “Отбасылық үйінің” балалары №23 мектепте білім алуда. Бұл жағынан тәжірибе жеткілікті. Ал аталмыш мекеменің балаларын міндетті түрде тасымалдауға арнайы көлік бөлінеді. Сабақ кестесіне, өткізілетін шараларға сәйкес барлығы тиісті деңгейде ұйымдастырылады. Бейімдеу кезінде психологтар мен социологтар оларды бақылап, еріп жүретін болады.
– Балалар үйінде еңбек етіп жүрген мұғалімдер жұмыссыз қалмай ма?
– Ондағы мұғалімдер жұмыссыз қалмайды. Қалалық Білім бөліміне мектеп-интернаттың мұғалімдерін келесі жылы бірінші кезекте жұмысқа орналастыру қажеттігі туралы тапсырма берілді.
– Мектеп-интернаттағы босаған ғимарат қандай мақсатқа пайдаланылады?
– Балалар үйі жанындағы мектеп жабылғаннан кейін оның ғимаратына “Жасөспірімдер үйін” орналастыру жоспарлануда. Қазақстан Республикасының “Балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері туралы” Заңында “Жасөспірімдер үйлерін” балалар үйлерінің негізінде ашу керектігі жөнінде айтылған. Жасөспірімдер үйінде олар 23 жасқа дейін мемлекеттің бақылауында, қамқорлығында болады. Бұл өте тиімді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.