Бір аптаның ішінде өңірімізде 20-дан астам өрт оқиғасы орын алып, соның салдарынан бір бала мен қария бақилық болды.
Өткен аптада Явленка ауылында 4 пәтерлі тұрғын үйдің бір пәтері отқа оранды. Өрт шыққан уақытта балаларымен үй ішінде қалған келіншек 8 айлық кішкентай қызын сыртқа шығарып үлгерген. Ал 12 жастағы ұлын құтқарып қалу мүмкін болмады. Мамандардың айтуынша, оқыс оқиғаға тұрмыстық техникадағы электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болған.
Тілсіз жаудың құрбанына айналған тағы бір адам – Тимирязев ауданындағы Комсомольское ауылының 60 жастағы тұрғыны. Жергілікті тергеушілердің алдын ала болжамдары бойынша, ересек адамның моншада мас күйінде темекі шегіп, ұйықтап қалуы өрттің шығуына себеп болып отыр.
Облыс орталығындағы Алматы көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйдің 2-ші қабатындағы балконның түнгі уақытта отқа орануына да сөндірілмеген темекі тұқылы себеп болған. Үйдегі дүние-мүлікке, пәтердің қабырғалары мен төбесіне зиян келтірілді. Өрт түнгі сағат 3 шамасында ауыздықталып, тілсіз жаудан 60 адам құтқарылды.
Өңір тұрғындарының абайсыздығының салдарынан жеке аулаларындағы 8 тоннадай сабан мен шөп күйіп кетті. Мәселен, Явленка ауылының тұрғыны өз ауласын жинап, ауа райының қолайсыздығын ескерместен, қоқысты өртемек болған. Содан қора үстіне шашыраған жалын ұшқындары лезде тұтанып, өрши түседі.
Өртке қарсы қызмет мамандары Жамбыл ауданындағы Островка ауылында орын алған тілсіз жаумен де арпалысты. Бұл жолы “Арман” шаруа қожалығының бидай сақтау қоймасы қызыл жалынның ортасында қалды. Іргелес аумақтағы қураған шөптің тұтануынан пайда болған жалын тез арада астық сақтау қоймасына жеткен. Әйтеуір, шұғыл әрекет етудің арқасында өрт ауыздықталып, қоймадағы жемшөп отқа оранбады.
Облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі.