«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРИЯЛАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ ҮЗІЛМЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген төралқа мәжілісіне қатысқан облыс әкімі Самат Ескендіров қарияларды толғандырған мәселелерді тыңдап, мерекеге дайындық барысымен танысты.

Өңір басшысы Ұлы Жеңістің 69 және 70 жылдығына дайындық жұмысының басталғанын айтып, кешенді іс-шаралар барысында бюджеттен тыс әр соғыс ардагеріне қаржылай қолдау көрсету, олардың тұрмыстарын жақсарту мақсатында тиісті көмектердің көрсетілетінін жеткізді.

Өткен жылы соғыс ардагерлерінің тұрмыстық жағдайын тексеру бойынша өткізілген жұмыстардың нәтижесіне тоқталған Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Кухарь:

– Ескі үйлерде тұрып жатқан қарттардың тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін 2015 жылдан бастап оларға 100 мың теңгеден жәрдемақы төленсе дейміз. “Жеңіс” саябағын жаңғырту жұмыстары жалғасын тапса жақсы болар еді. Сондай-ақ, жерлес Ұлы Отан соғысы батырларына арналған стеланы орнатуды ұсынып отырмыз, – деді.

Осыдан бірер жыл бұрын облыс аумағында 700-ден астам Ұлы Отан соғысының ардагері тұрса, бүгінде олардың саны 300-ден сәл асады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов ұлы мейрамның 70 жылдығына орай жыл сайын қатары кеміп бара жатқан қариялардың есімдерін ескерткіш тақтаға жазу туралы ұсыныс жасады.  

Құрметті демалыстағы қариялар қала құрылысын жақсартуға, балабақшаларды бүлдіршіндерге қайтаруға, жұмыссыздыққа қатысты мәселелердің толғандыратынын айтты. Сонымен қатар, қала көшелеріне Ұлы Отан соғысы батырларының есімін беру, ескерткіштердің маңайын тазарту, ардагерлер үйін салу мәселелері де сөз болды.

Айтылған өтініштер назарға алынатынын атап көрсеткен өңір басшысы жиналғандарды алаңдататын өзге де әлеуметтік сауалдарға жауап беріп, қарттарға мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтың үзілмейтінін жеткізді.

Жиын соңында Ескендір Елеусізов облыс әкімі Самат Ескендіровке естелік кітаптарды сыйға тартты.

“Ардагерлер ұйымы” қоғамдық бірлестігінің республикалық орталық кеңесі төралқасының қаулысымен бірқатар ардагерлер мен ұйымдар Құрмет белгілерімен, Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен және дипломдармен марапатталды.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp