Әкемнің бейнесі жадымда онша сақталып қалмапты. Әпкем Жұмабикенің айтуына қарағанда, әкеміз Жанғожа Садыбеков 1902 жылы туған. Оның әкесі Бердікей Садыбеков Петропавл қаласында тұрыпты. Әкемнің анасы – Қази, апасы – Айша, қарындасы – Рәби. Сол кездегі қала басшылары Ресейден келетін сыйлы қонақтарды қарсы алуды, орналастыру мен жайғастыруды соларға тапсыратын көрінеді.
Әкемнің үш немесе төрт сыныптық қана білімі болғанымен, сол кездің жағдайына қарай сауатты саналыпты. Оның орта бойына әдемі көкшіл көзі, қара бұйра шашы жарасып тұратын. Біздің сыртқы кейпімізге ерекше назар аударатын. “Адам киген киіміңе қарай қабылдап, ақыл-парасатыңа қарай шығарып салады”, – дегенін жиі еститінбіз. Анамыз да осы қағиданы ұстанатын.
Жұмабике әпкемнің: “Әкеміздің сол кезде офицерлер ғана киетін шетелдік былғары пальтосы, былғары етігі, сусар терісінен тігілген құлақшыны болды”, – дегені әлі есімде. Оны бәрі құрметтейтін және ақылдасатын. Орыстар іштарта Иван деп атайтын. Әкеміз үйге қонақтарды жиі шақыратын. Шешеміз кейде ренжіп, қонақтарыңа ет пісіруден шаршадым, дейтін. Сонда әкем: “Тоқтай тұр, Аннушка (анамызды еркелете осылай атайтын), қонақтарға бір кездері зар боларсың”, – деп жауап беретін.
Әкем қаладағы ипподромды басқарғандықтан, жарысқа қосатын орыстың желісті жылқыларын ұстады. Кеңес өкіметі орнап, зиялы қауым өкілдерін қудалай бастағанда әкем Петропавлды тастап, Түмен облысына кетуге мәжбүр болды. Онда оларды әкемнің досы Прескант паналатты. Кейін тырбанып жүріп, үй салып алды.1924 жылы әкем Анна Сысоевамен шаңырақ құрды. Жаңа отбасында 1925 жылы үлкен әпкем Нәсиқа дүниеге келді.
Бес жылдан кейін жоқтан барды құраған жас отаудың қотанына азын-аулақ мал бітті, оларды күтіп-бағатын жалшы ұстады. Сол кезде олар орта дәулеттілер санатына кіретін. Сондықтан кулактарды тәркілеу кезінде біздің әкеміз де тізімге лекті. Прескант досының айтуынша, әкемді түнде алып кетуге тиіс болатын, бірақ ол балалары мен киім-кешектерін алып, орманға жасырынды. Сөйтіп жүріп Краснояр өлкесінен бір-ақ шықты. Сонда 1933 жылы екінші әпкем Жұмабике дүниеге келді. Үш жыл бойы бір жерден екінші жерге көшіп жүріп, 1936 жылы Новосібір облысының Қошкөл ауылына тұрақтады. Сол жерде мен туыппын. Әкем ер бала болар деген үмітпен болашақ ұрпағына Ораз деген есімді дайындап қойса керек, мен туған соң “Оразға” “бикені” жалғап, Оразбике деп атапты. Бір жылдан кейін ашаршылық басталып, ата-анамыз Петропавлға қоныс аударыпты.
Әкем алғашында ипподромда, сосын “Красный караван” артелінде жұмыс істейді. 1941 жылы майданға аттанып, 1943 жылы қаза табады. “Боздақтар” естелік кітабының 223 және 536 беттерінде “Садыбеков Жанғожа, Түмен облысы, Қазан ауданы, Казанка ауылында 1902 ж.т. 14.12. 1941 ж. Петропавл қалалық ӘХК әскерге шақырған, 146-атқыштар дивизиясы, 512-атқыштар полкінің қатардағы жауынгері, оқтаушысы. 1943 жылы ұрыста қаза тапты. Витебск облысының Кшачск ауданындағы Старинка деревнясында жерленген” деп жазылған.
Әкемнің Кәмали, Жәмали деген екі бауыры және Рәби есімді қарындасы болды. Біз әкеміз арқылы туыс болып келетін жалғыз апамызды өте құрметтейтінбіз. Ол талдырмаш бойлы, әкеміздікіндей көкшіл көзді, аққұбаның әдемісі еді. Сол кезде Рәби апамыз өзінің қолы өзіне жететін адам қатарында есептелетін. Безбожный көшесінде жақсы үйі, ауласы болды. Кең ауласында үнемі қой сойылып, ортадағы үп-үлкен үстелде еттің үйіліп жататыны есімде ерекше сақталып қалыпты.
Кең бөлменің ортасында комод, екі қабырғасында мұқият жиналған кереует тұратын. Мен сол үйге түнейтін болып келгенде оң жақтағы кереуетке жатқызатын. Төсек-орын жұп-жұмсақ, жастығы үлкен болатын.
Бізді апамыз ерекше өте жақсы көретін. Олардың Науша, Нуреля, Жібек, Алма есімді қыздары мен Қасым есімді жалғыз ұлы болды. Рәби апамыз күпәйке және жылы шалбар тігіп, оларды базарға шығарып, сататын. Анасына Жібек пен Алма қолғабыс ететін. Кейін ұстаздық мамандығын игерген Жібек Жәлел деген азаматпен тұрмыс құрды. Олардың Ерлан деген ұлынан тараған ұрпақтар Алматы қаласында тұрады. Алма да оңтүстік астанада түтін түтетіп жатыр. Қызы – медицина ғылымдарының кандидаты.
Оразбике САҚТАҒАНОВА,
еңбек ардагері.