«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕР ОТЫН МАЗДАТҚАН ОРТАЛЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қалалық Мәдениет үйі тап сол күнгідей ықыласты көрерменге лық тола қойғаны есімде жоқ. Мектеп оқушылары, мұғалімдер, өнер көрсететін балалардың әке-шешелері, аталары мен әжелері, олардың сыйлас жақын-жұрағаттары “Қайырлы болсын!” деген тілектерін айтып, ұйымдастырушылардың айызын қандырып тастады.

19-шы шағынаудандағы қазақ мектеп-гимназиясында 2007 жылы құрылған “Өнер орталығының” көркемдік жетекшілігін қолға алған әнші Дәмеш Құрманкина әр жанрды қамтыған бірнеше ұжымдардың басын біріктіріп, өнерпаз оқушыны да, ұстазды да тарта білді. Ал мына концертте орталықтың жұдырықтай жұмылған ынтымағы, әр жанрда өзінің өнерін ұштаған ұжымдардың жетістігі көзге анық шалынды.

Амангелді Рамазанов бастаған халық аспаптар оркестрі, Виктория Тихонкова баптайтын “Нұр шашу” би ансамблі, Асыл Бексұлтанованың жетекшілігіндегі хор, Дәмеш Сапарқызының өзі құрып, көпшіліктің көзайымына айналған “Серілер тобы” – осы орталықтың беткеұстарлары. Бұлардың сахнада көрсеткен әрбір өнері көрерменге дуылдата қол шапалақтатып, орындаушылардың мерейін өсіре түсті. Күйлер сазы төгіліп, сарғалдақ өңді балдырғандардан ересек оқушыларға дейін мың бұрала орындаған билер, шырқалған әндер жиналған қауымға жақсы әсер етті. Халық әндері, қазақтың сал-серілерінің, бүгінгі сазгерлеріміздің әндері “Өнер орталығы” орындаушыларының қабілетіне қылау түсірмеді деуге болады.

Концертте бауырлас ұлттардың шығармалары да ұсынылғаны құптарлық .

Концертті Д. Құрманкинаның өзінің қолтаңбасын аңғартқан “Серілер тобы” Нұрғиса Тілендиевтің “Туған ел” әнімен түйіндеді. Бұл топтың өзге әндері де ықыласқа бөленді.

Өнер кешінің соңында осы мектептің алғашқы директоры, аталған орталықтың шаңырағын көтеруге септігі тиген Балдырған Ілиясов оқушылар мен ұстаздарды жетістігімен құттықтап, өз атынан ықылас гүлін табыс етті.

“Өнер орталығының” осы тартуынан соң өзге ұлттық мектептеріміз де өздерінің ортасынан осындай отау неге құрмайды екен деген ойға қалдым.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp