«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРІНШІ ТОҚСАН ҚОРЫТЫНДЫЛАНЫП, алдағы міндеттер сараланды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәрсенбі күні түс ауа өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен селекторлық режімде өткен кеңесте І тоқсанның қорытындысы бойынша бюджеттің кіріс және шығыс бөліктерінің орындалуы, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың көшіп-қонуы туралы, басқа да өзекті мәселелер талқыланды.

Жергілікті бюджеттің болжамды жоспарының І тоқсандағы орындалу барысы жайында облыстық Салық департаментінің басшысы Қайрат Жолмұхамбетов баяндады. Қайрат Басқараұлының айтуына қарағанда, есепті кезеңде жергілікті бюджетке 6256 млн. теңге қаражат түсіп, болжамды жоспар 1204 млн. теңгеге артығымен орындалды немесе 123,8%, ал облыстық бюджеттің орындалуы 124% болды. Бұл тұрғыда Айыртау және Есіл аудандарының көрсеткіштері тиісінше 56,7 және 84,3% ғана. Есілдіктер аудандық бюджет болжамын да 90,2%-ға орындап, көш соңында қалды.

Облыстық бюджет кірісінің негізгі көзі жеке табыс салығы болып табылады. Оның болжамды жоспарының орындалуы І тоқсанда 112%-ды құраса, Айыртау, Есіл, Ақжар сияқты 8 аудандар 100%-дық көрсеткішке де жете алмады.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ағымдағы төлем сомаларын нақты төлеуі бойынша есептелген салықтық жүктемесі бір гектарға 329 теңге болса, Ақжар ауданында – 40, Тайынша ауданында – 111, Шал ақында – 128, Уәлихановта – 157 теңге ғана. Салықтық жүктемеден ең жоғары көрсеткіш Қызылжар ауданында, ол – 1002 теңге.

Қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжановтың мәлімдеуінше, І тоқсанның қорытындысы бойынша облыс бюджетінің шығыс бөлігі 91,7 пайызға орындалды, игерілмей қалған қаржы – 2133,9 млн. теңге. Бюджет қаржысын игере алмаған – Тайынша, Ақжар, Есіл, Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласы.

Облыс әкімі Самат Ескендіров бюджеттің кірісі мен шығысы бойынша болжамды жоспарларды өз дәрежесінде орындамаған аудандардың әкімдерін селекторлық режімде тыңдап, кемшіліктерге жол бергені үшін Есіл ауданының әкімі Мұратбек Әбішевке ескерту жасады, Айыртау ауданының әкімі Ағзам Тастеміровке сөгіс жариялады.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Хасенова облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының І тоқсандағы қорытындысын баян етті. Өнеркәсіпте 2014 жылғы қаңтар-наурыз айларында 34,6 млрд. теңгенің өнімі шығарылды, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 3,9%-ға көп. Ауыл шаруашылығында жалпы өнімнің көлемі 13 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 4,9%-ға көп.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша сөз сөйлеген Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Хасенова 1992 жылдан бері қала тұрғындарының саны 30 мың адамға өскендігін, соңғы екі жылда ауылдық елді мекендерден қоныс аударғандардың 77%-ы жұмыс істеуге қабілетті азаматтар екендігін атап айтып, көші-қондағы кері сальдоның себептеріне тоқталды.

Өңір басшысы Самат Ескендіров көші-қон мәселесіне ұдайы мониторинг жүргізіп отыруды – Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серікбай Тұралиновке, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайына, әсіресе, жол жағдайына ерекше назар аударуды, бюджеттен тыс қаражатты жол жөндеу жұмысына жұмсауды аудандардың әкімдеріне тапсырды.

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда іссапармен жүрген “ҚазАгро” АҚ холдингіне қарасты “КазМеат” ЖШС директоры Арман Оспанов селекторлық режімде байланысқа шығып, “Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру туралы” жобаны жүзеге асыру аясында тұқым жаңғырту мақсатымен асылтұқымды бұқа сатып алуды қаржыландырудың мемлекеттік тетігі жайында айтып берді. Арман Асылханұлының айтуына қарағанда, асылтұқымды бұқаларды “Мәмбетов және компания” КС, “СБИ-Агро”, “Зенченко және К” КС және “Солтүстік Қазақстан тәжірибе шаруашылығы” ЖШС сияқты шаруашылықтардан 70 пайыздық мемлекеттік қолдаумен алуға болады.

Селекторлық режімдегі кеңесті қорытындылаған Самат Сапарбекұлы І тоқсанның қорытындысы бойынша облыс республикада 6-шы орынға тұрақтағанын айта келіп, аудан әкімдеріне ІІ тоқсанды және жартыжылдықты ойдағыдай қорытындылау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp