«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БӘРІ ДЕ БІЛІМ САПАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық “Қазақстан-Петропавл” телеарнасы тікелей эфирде өңіріміздегі Білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ерлан Әбілдиновтің қатысуымен баспасөз конференциясын өткізді. 

Елбасы тапсырмасымен құрылғанына үш жыл болған бұл департамент білім сапасын мемлекет тарапынан орталықтандырылған бір жүйеден қадағалайды.  

Департамент басшысының айтуынша, 2012 жылдың екінші жартыжылдығында – 38, 2013-те 111 мекеме аттестаттаудан өткізілсе, 2014 жылы – 126 және 2015-те 206 ұйым тексерілмек.

– 2013 жылы аттестаттауға іліккен 9 балабақшаның барлығы да сыннан сүрінбей өтті. Мұндай көрсеткішке еліміз бойынша Астана қаласы мен біздің облыстың мектепке дейінгі мекемелері жеткендігін ерекше атап айтқым келеді. Соның ішінде: “Искорка”, “Ашық аспан”, “Чайка”, “Василек” сияқты жекеменшік балабақшалар оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру жағынан алғанда мемлекеттік ұйымдардан еш кем емес. Үстіміздегі жылы 20 балабақша аттестаттаудан өтпек, – деді Ерлан Слямбекұлы.

Мемлекеттік аттестаттау кезінде Есіл ауданындағы Жарғайың негізгі мектебі, Шал ақын ауданындағы Афанасьевка, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Писаревка, Тимирязев ауданындағы Москворецк және Интернационал орта мектептері төмен нәтижелер көрсетті. Аттестаттаудан өте алмауға мектеп басшыларының өз міндеттерін дұрыс түсінбеуі, жұмыстарын жоспарлы жүргізіп, талдау жасай алмауы салдарынан ұжым ішіндегі бақылаудың әлсіреуі, мұғалімдер мен оқушылардың өздерінің әлеуеттерін асыра бағалағандығы да мектеп қызметінің нәтижесінің төмендеуіне әкелген. Ал Мағжан Жұмабаев ауданындағы Таман, Есіл ауданындағы Ильинка, Тайынша ауданындағы Алабота, Яснополян орта мектептері жақсы нәтижелерге қол жеткізген.  

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері аттестаттаудан өте алмаған мектептердің тағдырына, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысушылар санының төмендеуіне, педагогтер мамандықтарының өздері беріп жүрген пәнге сәйкес келмеуінің себептеріне қатысты сұрақтар қойды.

– Бірінші аттестаттаудан өте алмағандарға 6 айдан кейін кемшіліктерін түзетіп, қайта өтулеріне мүмкіндік беріледі. Одан өте алмаса, ол мекеменің лицензиясы қайтарылып алынады. Бірақ біздің тәжірибеде ондай жағдай болған жоқ, – деді Ерлан Әбілдинов.

Ведомство басшысы, сонымен қатар, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіретін оқушылар санының азаюына мектептер санының, сәйкесінше оқушылардың кемуі, олармен түсінік жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі, сондай-ақ, дарынды оқушылардың (12%) ұлттық гранттар ұтып алуы себеп болғандығын жеткізді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp