Облыс әкімі Самат Ескендіров жұмыс сапарымен Ақжар ауданына қарасты Ленинград ауылдық округінде болды. Өңір басшысы ең алдымен ауылдағы соғыс ардагерлерін келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтап, бірнеше нысанды аралады.
Ақжар ауданында көзі тірі 5 соғыс ардагері бар. Солардың екеуі Ленинград ауылында тұрады. Осы елді мекенге арнайы ат басын тіреген Самат Сапарбекұлы майдангерлер – Ерденбай Жүсіпов пен Иманмәлік Машраповпен кездесті.
Қариялардың бірінің жасы 90-нан асса, екіншісі соған жуық.
Биыл Ұлы Жеңіске 69 жыл толмақ. Қос ардагерді айтулы мерекелерімен құттықтаған өңір басшысы оларға бір-бір теледидардан тарту етті.
– Бүгінгі күні өңіріміздегі көзі тірі қарт майдангерлердің саны – 334. Ұрпағының бейбіт күнде өмір сүруі үшін жанын шүберекке түйіп, қасық қаны қалғанша жаумен шайқасқан ардагерлерімізге қандай қолдау мен құрмет көрсетсек те артық емес. Өздеріңіз алып келген Жеңіс күнін отбасыларыңызбен бірге амандықта қарсы ала беріңіздер. Денсаулықтарыңыз мықты болсын! – деді облыс әкімі.
Ленинград елді мекенінде бүгінгі күні 4 мыңға жуық адам түтін түтетіп отыр. Ауылда екі шағын орталық пен бір балабақша жұмыс істейді. Тоқырау жылдары есігіне қара құлып ілінген тәрбие ошағы 2007 жылы күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне тапсырылыпты.
“Еркетай” балабақшасының директоры Роза Смағұлова қазір мұнда 2 мен 5 жас аралығындағы 125 бала тәрбиеленіп жатқанын, 6 топ бар екендігін айтып берді. Төлемақысы да аз, бар болғаны – айына 5500 теңге ғана. Мектепке дейінгі мекемеде 48 адам еңбек етеді.
Өңір басшысы бүлдіршіндермен кездесіп, бөбектерге арнайы әкелген сыйлықтарын табыс етті.
Кезінде қаңырап бос қалған дағарадай ғимаратты жеке кәсіпкер сатып алып, бүгінде оны сауда үйіне айналдырыпты. “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасы шеңберінде іске қосылған нысан 20 ленинградтықты жұмыспен қамтамасыз еткен. Азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажетті заттардың бәрін осыннан табуға болады. Бағалары да қалта көтерерлік. Нысанның жалпы аумағы 1030 шаршы метр, оның 850-і саудаға берілсе, қалған бөлігінде наубайхана орналасқан.
Елді мекенде 16 пәтерлік тұрғын үй құрылысы аяқталып, ол жас отбасылар мен жетімдерге беріліпті. Үй жаңа, оған коммуникациялық желілердің барлығы тартылған. Солардың бірінде Айнұр мен Дастан Жандәулетовтар тұрады. Шаңырақ көтергендеріне бар болғаны 2 жылға жуық уақыт болған. Бұған дейін ата-аналарымен жер үйде тұрыпты. Жас отбасы баспаналы болғандарына өте қуанышты. Олар пәтер үшін айына 2800 теңгеден төлейді. Бұл қазіргі бағадан 10 есе, тіпті, 20 есе төмен, дейді олар. Өңір басшысы жас отбасыларды қоныс-тойларымен құттықтады.
Жұмыс сапары барысында Самат Ескендіров “Ақтөбе Класс” серіктестігіне де ат басын тіреді. Жер қойнауынан алынған кварц құмы кәсіпорынның комбинатында байытылады. Ол шыны өндірісіне шикізат ретінде пайдаланылады. Серіктестікте қазіргі уақытта 65 адам еңбек етуде. Жылына өндірілетін өнім көлемі 340 мың тоннаны құрайды.
Кен орындарының өнімдерін бүгінде еліміз ғана емес, Ресей Федерациясының көршілес облыстары да тұтынады. Алайда, туындап отырған қиындық та жоқ емес. Кәсіпорын басшыларымен әңгіме барысында Самат Ескендіров қазіргі күні кварц құмы мен қиыршық тастарды Ресей Федерациясының көрші облыстарына экспорттау жайлы келіссөз жүргізіліп жатқандығын атап көрсетті.
Округтің бүгінгі даму деңгейі жақсы. Оны одан әрі арттырып, елдегі жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шешу үшін жер қойнауынан пайдалы қазбалар шығарып жатқан кәсіпорындар өз жұмыстарын жандандыра түсулері қажет. Самат Сапарбекұлы бұл ретте атқарушы билік тарапынан әрдайым қолдау көрсетілетінін атап көрсетті.
Самат ЕСМАҒИ,
журналист.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.