Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскер Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Мұхаметқали Сатов петропавлдық қарт майдангер Василий Турашевты Ұлы Жеңістің 69 жылдығымен құттықтады.
– Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің арқасында бейбіт заманда өмір сүрудеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: “Ардагерлерді құрметтеп, әрқайсына жеке көңіл бөлінуі тиіс”, – деген еді. Соғыста жаумен арпалысқан ардагерлерге құрмет көрсету бізге – міндет, жастарға – парыз. Қазақстанды отыз озық елдің қатарынан көру үшін жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне қосып келген үлесіңіз үшін де алғысымыз шексіз, – деген елордалық мейман майдангерге ҚР Ішкі істер министрлігінің атынан тоңазытқышты сыйға тартты.
88 жастағы Василий Турашев Ұлы Отан соғысында Белоруссияны жаудан азат етуге қатысқан. Сұрапыл соғысты басынан соңына дейін өткерген ардагер Жеңіс күнін Лиепава қаласының маңында қарсы алған. Майдангер 3-ші атқыштар бригадасының 209-шы қосымша полкінде қызмет еткен. Ұрыс даласындағы ерлігі үшін “Отан соғысы” орденімен және “Ерлігі үшін” медалімен марапатталған.
– 1944 жылдың мамыры мен 1945 жылдары “Багратион” операциясына қатыстым. Онда біз Белоруссия елінің жерлерін жаудан азат еттік. Кейін Витебск, Паневежис, Шяуляй, Тукумс қалаларында да ұрысқа түсіп, жаудан құтқардық. Соғыс жылдарында 2 мәрте жарақаттанып, ақ халаттылардың көмегінің арқасында ғана қатарға қосылдым, – деген қарт полковник соғыстың кесапатын өскелең ұрпақ көрмесін деген ақ тілегін жеткізіп, көңіл бөліп келген қонаққа алғысын білдірді.
Кездесу барысында әскери маман елімізде Жеңіс күні мерекесіне арналған “Қайтпас батальон” шарасы басталғандығын хабарлады. Бабалар ерлігін бүгінгі жас ұрпаққа кеңінен дәріптеу мақсатында Ішкі әскер қолбасшылығы ұйымдастырып отырған шара барысында жиналған ақпарат “Қалқан” газеті мен “Бүркіт” журналында жарияланып, кейін бұл әңгімелер ерлік дастаны ретінде альбом болып жарыққа шықпақ. Сондай-ақ, бұл мағлұматтар әскери бөлімдерде тәрбие құралы ретінде де кеңінен пайдаланылмақ.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген автор.