«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒА БАСУШЫЛЫҚ БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылдың қаңтар айында сот шешімдерінің уақтылы әрі мүлтіксіз орындалуына ықпал жасайтын жаңа құжат қабылданған уақыттан бері сот актілерін орындау ісінің алға басқаны байқалады. Ол жайында облыстық Сот актілерін орындау жөніндегі департаментте өткен тоқсан қорытындысына арналған баспасөз конференциясында айтылды.

Департамент басшысының орынбасары Батырбек Қалабаевтың мәлімдеуінше, 3 айдың ішінде атқару өндірісіндегі істер оның алдыңғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 4,1 пайызға артық болып, 55822 құжатты құраған. Олардың 12 мыңнан астамы аяқталыпты. 

Сот орындаушылары борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жазаға тарту жұмыс тиімділігін біршама арттырғанын айтты. Қаңтар айынан бастап қатаңдатылған заң талаптары қашқын әкелерді де тәубесіне келтірген сыңайлы. Себебі, енді заң талаптарына сәйкес жұмысы жоқ борышкер бір баласына ай сайын республикалық орташа еңбекақының 25 пайызын төлеп тұруға міндетті. Бұған дейін бұл көрсеткіш облыстағы төменгі еңбекақыдан алынатын. Алимент төлемдерін өндіру ісімен айналысатын бөлімнің аға сот орындаушысы Қарлығаш Абаева бұл өзгеріс енгізілген уақыттан бастап өз еркімен қарызын төлеп, жұмысқа орналасқаны туралы анықтама әкелгендердің көбейгенін айтты.

Бұдан былай борышы бар азаматтар елден тысқары жерлерге аттап баса алмайды. Заңдағы бұл толықтыру да аяққа тұсау салған борыш сомасынан құтылғысы келетіндердің қарасын көбейткен. Заңды тұлғалардан өндіру жөніндегі бөлім қызметкерлері үш айдың ішінде ел аумағынан шығуға 12 шектеу қойыпты. 1500-ден астам атқару құжатының 300-і аяқталып, 117 миллион теңгенің қарызы қайтарылған.  

Баспасөз конференциясында әкімшілік айыппұлдарды өндіру, коммуналдық қызмет, банк қарыздарын қайтару, сот үкімдерін орындау бойынша атқарылған жұмыс сөз болды.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp