«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ДОСТЫҚ” ДАМЫП КЕЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмірсерік Қозыбайұлы Покровка ауылындағы ауыл шаруашылығы техникумын тамамдаған соң Қорған қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Мамандығы – мал дәрігері. Кеңес өкіметі жылдарында кеңшарда мамандығы бойынша талай жыл қызмет атқарған оның ауыл шаруашылығы саласының білікті де білгір маманы екендігінде күмән жоқ. Қоғамдық құрылым өзгеріп, іскерлер жеке кәсіпкерлікке көңіл аудара бастаған кезде Өмірсерік Қозыбайұлы өзінің жеке шаруашылығын құрады. Бұл 1996 жыл болатын. Бүгінде “Достық” ЖШС-і – аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі.

– Біздің ұстанып отырған бағытымыз дұрыс деп ойлаймын. Бір мың гектар жер 143 пайшыдан жалға алынған. Биыл оның 50 пайызына бидай, қалғанына арпа, сұлы және майлы дақылдар себіледі. Сондай-ақ, жылдағыдай 10 гектарға картоп отырғызамыз. Картоптан астыққа қарағанда табыс мол түсуде. Оның бағасы әзірше тұрақты. Ауыл шаруашылығында бірнеше бағытты қатар алып жүрудің оң жақтары көп. Егіншілік маусымдық жұмыс болғандықтан, еңбеккерлерді жыл бойы жұмыспен қамтамасыз ету үшін мал өсіруді қолға алдық. Сондай-ақ, малдың бір түрімен шектеліп қалмай, оны жан-жақты дамытқан кезде табыстың толыға түсетініне көзім жетті. Біздің шаруашылық қалыптасу кезеңінде. Сондықтан әлі де талай тың идеялар мен ізденістерді ойға алып, іске асырарымызға сенімдіміз, – дейді Өмірсерік Қозыбаев.

Басшының айтуынша, жылдан-жылға басқа бас қосылып жатқандықтан, малға жайылымдық жер тарыла бастаған. Шаруашылыққа әлі де 2 мың гектар жайылым, 1-1,5 гектар егістік жер қажет екен.  

Өмірсерік Қозыбайұлы – банктерден несие алып, қаржы мәселесін шешуді, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қолдау табуды қош көретін кәсіпкер. Былтыр қой сатып алу үшін – 20 миллион, алдыңғы жылы қара мал басын көбейту үшін 35 миллион теңге несие қарызын алған. Сондай-ақ, лизинг бойынша жаңартылған техникалары тағы бар. “Сыбаға” бағдарламасы бойынша алынған несиемен шаруашылық қораны сауын сиырға толтырды. Бүгінде олардың біразы бұзаулап, төлі мен сүтін бере бастады. Шаруашылықтың ет өнімділігі бағытында асылтұқымды ірі қара мен шошқа асырауды қолға алғанына да биыл үшінші жыл. Ал өткен жылы Батыс Қазақстан облысынан асылтұқымды Еділбай қойларынан 500 бас әкеліп, бүгінде олар қоздап, өрісі кеңейе түсіпті. Осы тұста кәсіпкер қой шаруашылығындағы өзекті мәселе малдың жүні мен терісіне деген сұраныстың жоқтығы деп атап көрсетті. Былтыр шаруашылық қырқылған жүнді іске жарата алмаған. Жалпы, Өмірсерік Қозыбайұлы әр нәрсеге сараптама жасап, оның жақсы-жаманын пысықтап, сосын барып іске кірісуге дағдыланған жан.

– Ауылдық жерде тұрған соң кәсіп етуге қолайлы бағыттарды іздеп жүреміз. Қолымыздан келетін істердің тамырын басып көреміз. Ол жалғыз өзің үшін ғана керек емес. “Достықта” 12 адам еңбек етеді. Олардың да отбасылық табысы осы жерде, – дейді ол.

Кәсіпкер бұдан әрі ірі қараны сүт бағытында дамытуды көздеп отырғанын жеткізді. Күнделікті сауылған сүтті өткізгеннен түскен тиын-тебен қалтаны қалыңдатып, жағдайды жақсартуға септігін тигізе бастағанын байқапты. Бұл былтырдан бастап сүттің сатылып алыну бағасының өскендігінен екен.

– Бүгінде ірі қараның етіне баға жоқ. Ет комбинаты да, делдалдар да оның килограмын 700 теңгеден асырмайды. Ал сүттің литрі – 70 теңге. Биыл облыс орталығындағы “Сүт Одағы” ЖШС-імен келісім жасамақпыз. Олар сүт таситын үш тонналық көлікті өздері жібереді. Былтыр әр сиырдан орта есеппен 2100 литр сүт алсақ, биыл оны 500 литрге арттыру ойда бар. Ол малға берілетін жемазықтың құнарына байланысты болғандықтан, оның жолдарын да пысықтап қойдық, – дейді.

Осылай алдағы күндерге арналған ойларымен бөліскен серіктестік жетекшісі: малдың жемазығын көбейтіп, сапасын арттыру; сүт бағытындағы сиырдың санын 200 басқа жеткізу; ет бағытында да осалдық жасамай, қазақтың ақбас тұқымынан тараған репродуктор болатын мал басын 150-ден асыру; алдағы жылдары шаруашылық алаңында мал бордақылайтын үлкен орын салу; қолға алынған қой шаруашылығы бойынша репродуктор орталығын қалыптастыру; ауылда шағын май зауытын ашу; жұмысшыларға арнап үй салу; сондай-ақ, шаруашылықтың құрылыс жұмыстарына қажетті материалдар дайындайтын ағаш өңдеу цехын іске қосу күн тәртібіне қойылып отырғанын баса айтқан.

– Агрошаруашылықтарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмек көп. Қаржы институттарынан алған несиеге демеуқаржы беріліп жатыр. Біз де кәсіпкерлігімізді дамытуды жан-жақты ойластырып, іскерлігімізді танытуымыз керек. Жалпы мен шаруашылықтың еңсесін несие қаржысымен көтеріп келемін, – дейді ол.

Серіктестікте малды қолдан ұрықтандыруға да айрықша көңіл бөлінеді. Қолдан ұрықтандыру шарасы малдың уақтылы төлдеуіне, мал басының аман сақталуына үлкен септігін тигізеді деген ойын айтты. Биылдан бастап сүт бағытында өсірілетін сиырларды қолдан ұрықтандыру тәсіліне көшпекші.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Ө. Қозыбайұлы.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp