Қызылжар аудандық ардагерлер кеңесіне кіріп келген Константин Дедов бөлме ішіндегілермен шүйіркелесе амандасып жатты. Сексеннің сеңгіріне шыққан соғыс ардагерінің бет-әлпеті солғын тартып, көздері шүңірейіп, жүрісі баяулай бастапты. Дегенмен, қарттың көңіл күйі уақыт сынына мұқалмағандай екен. Ардагерді алдағы Жеңіс мерекесімен құттықтап, амандық-саулығын тілегеннен кейін біз одан қысқаша өмір жолы туралы сұрадық.
– Мен 1925 жылы Новокаменка ауылында дүниеге келіппін. Әкемді байдың тұқымынан деп бір түнде ұстап алып кеткені еміс-еміс есімде. Бүгінге дейін оның сүйегінің қай жерде жатқанын да білмеймін. Жалғыз қалған шешеме алты баланың төртеуін балалар үйіне өткізуіне тура келеді. Мені және қарындасымды қасында қалдырыпты. Отбасының күн-көрісі қиын болғандықтан, 6-7 жастан бастап еңбекке араластым. Мен ес білгенше өзіміздікі деген үй болған жоқ, әркімнің есігінде жүретін едік. Ал соғыс басталған кезде мен малдың соңында жүрген жеткіншек едім. 1944 жылдың қаңтарында Отан қорғаушылардың қатарына іліктім, – деп әңгімесін бастаған қарт әрі қарай қай жерде әскери дайындықтан өткенін, майданға қай тұстан кіргенін әңгімелей жөнелді.
Майданға оны анасы мен қарындасы шығарып салыпты. Ардагердің майдан деректерінде екінші Белорус майданының №386 атқыштар дивизиясының құрамында болған деп жазылыпты. Жас та болса, өзінің өткір мінезімен, ержүректігімен көзге түскен Константин Тимофеевич бөлім командирі болған. Жауынгер қатарына жазылған кезде мылтықты қалай ұстауды білмейтін жас жігіт сол кезеңді былай еске алады:
– Бау-бақшаның, малдың қасында жүрген ауылдың жалаңаяқ баласы емеспін бе? Осыған дейін елден шалғайға ұзап та көрген жоқпын. Майданға алынып, қолыма мылтық берілген кезде қорқыныштың болғаны рас. Бірақ осы уақытқа дейін өмірдің қаншама ауыртпалығын көріп өскендіктен, соғыс тәртібіне үйреніп кетуім қиын болған жоқ. Өзім қатарлы бозбалалармен бірге солдат болып кеттім.
Петропавл қаласындағы әскери бөлімде дайындықтан өткен жігіт 1944 жылдың соңында қатарластарымен бірге соғысқа аттанады. Ал 1945 жылдың ақпанында Константин Тимофеевич болған әскери құрам Минскіге жөнелтіліп, олар екінші Белорус майданына қосылады.
Оның есінде жақсы сақталған оқиға – 1945 жылдың басында Неман өзенінің жағалауында болған үлкен шайқас. Осы майданнан басталған соғыс Шығыс Пруссияның аумағына дейін жалғасыпты. Бұл жорықта Константин Тимофеевич қатты тоңып, сырқаттанып қалса керек. Ауруды асқындырып алған жауынгер әлсіреген күйі госпитальға жіберіледі. Бұл оқиғаның солдаттың есінде жақсы сақталу себебі: ол осы аурудан сәл айыққаннан кейін алты күн демалыс алып, туған жеріне келіп қайтыпты.
Константин Тимофеевич демалыстан кейін майданға оралған кезде Жеңіс күні де таяп қалғантын. Оның есесіне ол жапондықтармен болған соғысқа қатысқан.
– 9 тамыз күні біздің дивизия жапондықтарға қарсы шайқасқа шықты. Бұл жолы адасқан оқтың біреуі менің басымды жарақаттады. Контузия алдым. Ауруханада ұзақ жатып емделдім. Бас жарақатыма тері ауруы қосылып, 1945 жылдың 23 желтоқсан күні созылмалы дертке шалдыққан адам ретінде елге қайттым. Міне, содан бері бұл ауру мені жиі мазалайды, – дейді ардагер ойға шомып.
Бүгінде Қызылжар ауданының “Құрметті азаматы” атанған Константин Тимофеевичтің соғыстан кейінгі өмірі де мағыналы. Ол өзінің еңбек жолын Новокаменка ауылында жалғастырып, кейін аудан ішінде түрлі жауапты қызметтер атқарғанын айтады. 1967 жылға дейін ауыл шаруашылығында абыройлы еңбек еткен. Зейнеткерлік жасқа жеткен соң еңбекке дағдыланып, қоғамдық жұмыстарға бойы үйреніп қалған қарт 10 жыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. Қай кезде болсын Константин Дедовты ортасы жауапкершілігі мол, кішіпейіл, алдына мұңын шаға келген адамға қашанда көмек қолын созуға дайын пейілі кең адам ретінде таниды.
– Мен Мария Викторовнаға 1950 жылы үйлендім. Үш бала өсірдік. Немерелерім бар. Бақыттымыз. Рас, бізге, ардагерлерге құрмет жасалып жатыр. Жақында тегін сандық теледидар орнатып берді. Әлеуметтік қызметкер үй тіршілігіне көмектесіп тұрады. Керек кезде аудандық әкімдіктен көлік те сұрап аламыз. Жұбайыммен отасқаныма 60 жыл болғанда ел болып той да жасап берді. Оның барлығына ризашылығымыз үлкен.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.